№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «МАҢДАЙЫ ТЕРЛЕМЕГЕННІҢ, ТІРЛІГІ ТҰРАЛАЙДЫ»

«МАҢДАЙЫ ТЕРЛЕМЕГЕННІҢ, ТІРЛІГІ ТҰРАЛАЙДЫ»



«Адал еңбекпен мал іздемек арлы адамның ісі». Бабадан қалған бұл нақыл бүгінде өз өміршеңдігін жойған жоқ. Еңбектену қашанда берекет пен ырыздықтың бастауы. Ал, адал кәсіп жасау – адам болмысының туған жер, өсіп-өнген өлкесіне деген азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Қашанда елім деген азаматтың ертеңі жарқын, болашағы айқын. Мұны өмірдің өзі дәлелдеуде. Яғни, елінің үмітін, халқының сенімін арқалаған арда азамат қана тығырықтан тарықпай шығып, тындырымды тірлігімен биік белесті бағындырады. Бүгінгі біз сөз еткелі отырған меценат Әбдіхан Шайыхов «Сенбілік сұхбат» төрінде.
– Аға, алғашқы қызмет жолын жүргізуші ретінде бастапсыз. Қарапайым шопырдан бақуатты бизнесменге айналу жолында қандай қиындықтар кездесті?
– Өзімнің өмірлік ұстанымым бар. Ол – «маңдайы термелегеннің, қазаны қайнамайды» деген аталы сөзді бойтұмар етемін. Еңбек жолымды автобазада шопыр ретінде бастағаным рас. Өйткені, жас­тайымнан техниканың тілін білмекке құмар болдым. Қолымыз май-май болып, көлік жөндеу біз үшін мәре болатын. Өйткені, жүк көлігін айдаудың өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Содан болса керек, өз жұмысыма тиянақтылықты серік еттім. Кейіннен тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда Қауын-қарбыз қабылдау пунктінде жұмыс жасадым. Ол кезде әкеміз сол пунктте қойма меңгерушісі болатын. Біздер бауырларымызбен қауын-қарбыз тиеп, еңбектің наны тәтті болатынын түйдік. Күндер өте қауынбазаға ауыр жүк көліктерін айдап алашапанды ағайындар келе бастады. Қажетті мөлшердегі бақша өнімін тиеп, Ресей асады. Жаста болсақ, бізде алдыға мақсат қойдық. 1992 жылы Түркістан қаласынан барып, жүрмей тұрған «Камаз» көлігін сатып алдым. Астымызда ескі «Москвич» бар. Такси болып, тиыннан теңге құрадық. Не керек, қаржы жинап ақауы бар «Камазды» жүргіздік. Ең алғашқы жолсапарым Ресейдің Новосібір қаласынан басталды. Қауын-қарбыз, жеміс-жидек, картоп пен пияз бәрін тасыдық. Бүгінгі күнге қарағанда ол кездері ұзақ жолға шығу қауіпті болатын. Таршылық заман болғаннан кейін, қылмыс әлемінің серкелері жол торуылдайтын. Талай қиындықтарға қарсы тұрып, бастаған кәсіпті соңына дейін жеткіздік. Орта жолдан тастау ойда болмады. Ресейдің ондаған қаласымен қатар, ең соңғы жылдары Мәскеу қаласымен тоқтадық. Бұл 2000 жылы болатын. «Таршылық адамды шынықтырады» демекші, сол тоқырау заманда тұрмысымызды түзеп, тірлігімізді тіктедік. Түптеп келгенде, еңбек еңсемізді көтерді.
– Аудандағы жолаушылар тасымалымен айналысатын бірден-бір мекемеге иелік етесіз. Кеңестік үкіметтің көзіндей болып, кешегі жекешелендіру кезінде аукционға түскен қос бірдей автокәсіпорынды құлдыратпай, керісінше әлеуетін арттырдыңыз. Бұл сала жаныңызға қаншалықты жақын?
– Шынында 10 жыл бойы жүк көлігін айдап, 2000-жылдың қалай келгенін білмей қалдық. Бәлкім, еңбекке деген құштарлықтың көрінісі болар. Бұл жылдары жекешелендіру науқаны жүріп жатқан уақыт еді. Бірде қазіргі «Айсұлу-1» мейрамханасы орналасқан жердегі «Автобус паркінің» акциясы сатылып жатқанын естідім. Жиған-терген қаржыны құрастырып, әуелі 55 пайыз, кейіннен жеке адамдардан 30 пайызын сатып алдым. Бірақ мекеме өз шығынын ақтай қоймады. Өйткені, салық органына 14 миллион теңге қарызы бар екен. Оны да жаптық. Ең бастысы – ауылдарға автобус шығарып, халыққа қызметті бастап кеттік. Араға бір жыл салып, бұрынғы «Жігер» АҚ-на тиесілі автокәсіпорынның аукционға шығатынын білдім. Ол жер өзіме ыстық көрінді. Себебі, ең алғашқы еңбек жолым басталған мекеме. Содан конкурсқа қатысып, бұл автокәсіпорынды да иемдендім. 2003 жылы орталықтан осында көшіп келіп, жолаушылар тасымалын қайта жандандырдым. 2004 жылы Қызылорда облысында ең алғашқы болып, су жаңа «Паз-3205» маркалы 16 автобус әкелдім. Ауданға қарасты ауылдық округтер мен Шиелі, Қызылорда қаласына маршрут шығардым. Міне, содан бері 17 жылдан астам уақыт өтті. Тасымалдау саласының қыр-сырына қанықтық. Десе де, біздікі тек халыққа қызмет. Бұқараның батасын алсақ, біз үшін үлкен бақыт.
– Өзіңізге белгілі, кентішілік қоғамдық маршрут мәселесі кешегі күнге дейін өзінің өзектілігін жоймады. Тек өткен жылдың қараша айынан бастап, көлік қатынасы қайта жолға қойылды. Десе де, тендер жеңімпазы ретінде айтарыңыз бар ма?
– Әрине, қоғамдық көлік мәселесі қашанда өзекті. Бұл тұрғыда жергілікті бюджет тарапынан бөлініп жатқан субсидияның көмегі мол. Себебі, жүрген жол, жаққан жанар-жағармай, бұзылған бөлшектердің бүгінгі нарықтағы құны таңалакеуімен қара кешке дейін жүрген 50 теңгелік жолақы ақтамайды. Сондықтанда кент тұрғындары таксиден гөрі, қоғам­дық маршруттарға мінуді әдетке айналдыруы к­ерек. Бұрынғыдай емес, Қорғантоғай мөлтекауданынан бастау алған маршрут ендігі кезекте Сыр Диірменінен өтіп, «Саяжай» мөлтекауданындағы Дәумен қажы Шоманов көшесі бойымен қатынайтын болды. Ал, екінші бағыт Жаңауыл мөлектауданын басталып, ескі Май бекетін кесіп өтіп, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистральді жол бойындағы айналмалы көпірге дейін жаңа бағыт бойынша қатынауда. Бұл өз кезегінде қос бірдей жаңа шағын ауданның тұрғындарына шаттық сыйлады. Себебі, «Саяжай» мен «Май бекеті» мөлтекауданында көлік қатынасы қиын. Әлі күнге ұялы телефоныма тұрғындар тарапынан ризашылығын айтып, риясыз алғысын білдіріп жатады. Бұл да болса, еңбектің еленгені. Тағы бір айта кетерлігі, кентішілік маршрутқа жаңадан 4 «Мерседес бенц Спринтер» жолаушылар көлігін сатып әкелдім. Алдағы уақытта халық қоғамдық маршрутты қолдап, тұрақты түрде мінуді қалыптастырса маршрут санын ұлғайтамыз. Яғни, сыйымдылығы 20 орындық «ГАЗель Некст» маркалы толық автоматтандырылған жолаушылар көлігін сатып алу ойда бар. Әзірге тапсырыс беріп қойдық.
– Қаншама адамға жұмыс көзін ашып, еңбекпен қамтып отырсыз. Десе де, қоғамда көңіліңіз толмайтын, сізді толғандыратын түйіткіл бар ма?
– Дана қазақ «қимылдаған қыр асады» дейді. Бүгінде «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүргісі келетін буын өсіп келе жатыр. Маңдайы терлемей, жайлы кабинетте отырғысы келеді. Бір-ақ нәрсе айтайын. Қазіргі таңда шопыр мен шопан табу ең қиын жұмыс. Өткен жылдан бастап мал шаруашылығымен айналысуды қолға алдым. Әлі де мал басын көбейтпек жоспарым бар. Бірақ қойшы тапшы. Ал, шопырлар мүлдем қат. Бар. Бірақ аздаған қиыншылыққа сабыр етпей, жұмысын орта жолдан тастап кетеді. Негізі біздегі шопырлардың жалақысы 60 мың теңге. Жиырма жылдан бері жүргізуші болып, бірге жұмыс жасасып келе жатқандары бар. Оларға материалдық, қаржылай қолдауымды аяған емеспін. «Оң қолың берген садақаны, сол қолың көрмесін» дейді сондықтан жасаған жақсылығымның жасырын болғанын қалаймын.
– «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, отбасыңызда ұл-қызыңыз кәсіпке бейім шығар?
– Шүкір, жарым екеуміз Алланың берген бір ұл, үш қызын тәрбиелеп, өсірдік. Үлкен ұлым Мақсат жеке кәсіпкер. Гүлденім «Орда» тойханасына иелік етіп, халықтың қызықшылығына қызмет көрсетуде. Дана – сауда саласында. Ақерке – кенттегі №125 С.Сапарбеков атындағы орта мектепте директордың орынбасары. Шүкір, барлығы да кәсібінен нәсібін тауып, қарекет жасауда.
– Рахмет аға, кәсібіңізге береке берсін!

Әбдісамат ӘБДІШ.
13 қаңтар 2018 ж. 1 664 0