№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жазалаумен мәселе шешілмейді

Жазалаумен мәселе шешілмейді

Өзімізді қайдам, кейде баламыздың өтірік айтып жатқанын біліп қойсақ, жанымызға қатты батады. Жасыратыны жоқ, күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүріп, үйдегі бала-шағаның күйі мен тәрбиесіне атүсті қарайтын ата-аналар бар. Таңның атысы мен күннің батысына дейін, тіпті күндіз-түні үй көрмей жұмыс жасайтындар баласының  жағдайын білуге де уақыт таба алмай жатады.
Бала тәрбиесіне немқұрайлылық танытып қана қоймай, күнделікті өмірде өтірік айту арқылы бала тәрбиесіне селкеу түсіріп жатады. Айталық,анашым «қайда болдың?», «қайда барасың?» деген сауалдарына орынсыз жауаптар қатып, баланы алдай салады. Мәселен, «қазір далаға шығып келемін», «саған көп кәмпит әкеліп беремін» деген жалған жауаптар баланың санасына сіңіп қалады. Сонымен қатар, телефонға қоңырау шалынған кезде: «Мені жоқ деп айта салшы» деген жағдай кез келген адамға таныс жайт. Осыны көріп тұрған бала өтірік айтуды қалыпты жағдай деп қабылдайтын болады. Үш жасар баламызға «кәмпитті кім жеді?» деп сұрақ қойсақ, иығын қиқаңдатып «мен емес» дейді. Баланың үлкендерге өтірік айтуы, көбінесе ол балаға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбейтіндіктен деп түсіндіреді мамандар. Кейде балаға берген уәделерді орындамаудың кесірінен олар да өтірік айтуға, алдауға бейім болып өседі.
Психологтардың пайымдауынша, кішкентай балалар өздерін алдағанды тез аңдайды. Ойланбай айтқан әр сөзіміз балаға әсер ететінін ұққан дұрыс. Баланың өтірікке құмар, сылтауға бейім болып келе жатқанын байқаған сәттен бастап оның алдын алған жөн болады. Ата-аналар баланың неліктен өтірік айтатынын жете түсініп бақылау керек. Мүмкін, бала өзін жақсы жағынан көрсету үшін, өзіне деген ортаның мол сенімін иелену үшін өтірік айтатын болуы керек. Осы жағдайды да ескеру қажет. Белгілі бала психологиясын зерттеуші-ғалым Пол Коулмен үлкендер баланы алдаған сайын олардың  өтірікке ұмтылып отыратынын тұжырымдады.
Кейбір ата-ана баланың өтірік айтқанын сезген бойы оны бірден жазалауға бейім. Егер сіз балаңыз бүлдірген «түймедей нəрсені түйедей» етіп көрсетуге тырыссаңыз, балаңыз сізге келесіде тағы да өтірік айтуға мəжбүр болады. Өтірік айту арқылы бала жазаланудан қашады. Ойланып көріңіз, балаға қоятын талаптарыңыз өте қатты емес пе, қойған талаптарыңыз оның қабілеті мен мүмкіндіктеріне сəйкес келе ме? Сіз үнемі оған ақыл-өсиет, уағыз айтып, намысына тимейсіз бе? Жазалау алдында баланың қорқынышы бар ма?  Қатты жазалап немесе дауыс көтеріп айқайлаудың кесірінен керісінше, баланы ерегістіріп алуыңыз әбден мүмкін. Себебі олар тез ашуланғыш, тек өз дегендерін ғана іске асырғанды іштей қалап тұрады. Ешқашан «жақсы көремін», «жақсы көрмеймін» деген сөздерді әдейі қолдануға болмайды. Психолог мамандар баланың өтірік айтқанын білген жағдайда сабырлылық танытып, дауыс көтермей, жай сөйлеп, баламен оңашада ашық-жарқын сырласуға кеңес береді. Есіңізде болсын, балаңыздың оғаш әрекетін көре сала оны қорқытып-үркітіп, жазалауға асықпаңыз. Өйткені, одан бетер өтірік айтуға итермелейсіз. Ең бастысы, өзіңіздің ісіңізбен, яғни берген уәдеңізді орындау арқылы үлгі болғаныңыз абзал.
Гүлнұр ӘЛИЕВА
11 сәуір 2021 ж. 393 0