№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бала дамуында кедергі бар. Неге?

Бала дамуында кедергі бар. Неге?

Бүгінде бүлдіршіндеріміздің былдыр тілінің кешеуілдеп шығуы қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Расында, адам күрделі жаратылыс. Жас шыбықты қалай қарай исең, солай бой түзейтіні заңдылық.
Осы тақырып аясында сейсенбі күні орталық емханада бала дамыту бөлмесі мен психологиялық орталықтың   ұйымдастыруымен аналарға арналған семинар өтті. Онда баланың дұрыс тамақтануы, өз деңгейінде дамуы мен тілінің уақытылы шығуы сынды тақырыптар қозғалып, мамандар ақыл-кеңестерін ортаға салды.
Әуеліпсихологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы Шынар Тұрсынбаева жас аналарға баланы іште жатқан кезден бастап тәрбиелеу міндеті жөнінде жан-жақты ақпарат алмасты. 
– Әлбетте бала денсаулығына ана құрсағында жатқан кезден бастап көңіл бөлген абзал. Өйткені, бала ағзасында пайда болатын аурулардың басым бөлігі құрсақта жатқанда дамиды. Баланың сөйлеу қабілетінде болатын ақаулар да сол кезден бастауын алып жатады. Көп жағдайда бала тілінің уақытында шығуы тікелей ата-анаға байланысты. Көпшілігі бала тілін қызық көріп, олардың қате дыбыстаған сөздерін қайталауы дұрыс емес. Керісінше, бала ата-анасының сөйлегеніне қарап, сөзін түзеуі үшін әке-шеше әр сөзді анық дыбыстап айтуы қажет. Яғни, бала өзіне қарап сөйлеген адамның дыбыстау мүшелерінің қимылын да қайталайды. Сол үшін баламен әңгімелескенде, оған қарата сөз айтқанда, әрбір қимыл-әрекетке мұқият болған абзал. Бала тәрбиесі құрсақта жатқан кезінен бұрын, ата-анасының ойында пайда болған сәттен басталады. Сол себепті жүктілік кезінде әке-шешесінің көңіл-күйінің жақсы болуы, таза сөйлеуі тілдің уақытылы шығуына әсер етеді. Мұнымен қатар, әйел адамның балалы болуға эмоционалдық тұрғыдан қаншалықты дайын екенін ескеруіміз керек. Яғни, сәбиді дүниеге әкелу бір бөлек, оған жақсы тәрбие беру екінші дүние. Мысалы, баламен бес айлық болсын, екі жаста болсын, тең дәрежеде сөйлесіп, үлкен адамдарша сөйлесу қажет, – дейді маман.
Десе де, маман қазіргі жас аналардың өте өркениетті деңгейде екенін айтады. Тіпті, бір-бір жарым жасқа толмаған балаларының денсаулығына байланысты кеңестер алып кетіп жатады. Енді баланың тамақтану жайында ресурс орталығының медбикесі Патима Тұрсыматова пайдалы ақпараттарды ортаға салды.
– Ол жаңа туған баланы жасына толғанша тек ана сүтімен қоректендірудің маңызын жан-жақты түсіндірді. 
Басқосу алаңында тілінің кешігіп шығуы  әсіресе үш жастағы сәбилер арасында белең алып отырғандығы талқыланды. Бала тілінің кешеуілдеуі тек ата-аналарды ғана емес, дәрігерлер мен арнайы педагог мамандарды қатты толғандыруда. Қоғамда тілі мүкіс не уақытынан кеш шыққан, жасы екі-үштен асса да, анық дыбыстай алмайтын, физиологиялық және психологиялық ауытқулары бар балалардың көбеюінің себебін анықтап, емдеу аясын кеңейтуді талап етеді. Бұл жөнінде психологиялық кабинеттің әлеуметтік педагогы Патима Аязбек пен деффектолог маман  Динара Шукеева кеңінен түсіндірді.
– Сәби тілінің дамуы бұл күрделі процесс. Соңғы уақытта бала тілінің кеш шығуына уақытында мән беретін ата-аналар да, керісінше «өзі кейін шығады» деп уақыт өткізіп, көңіл бөлмейтіндіктен, психикалық даму тежеулігіне дейін жеткізетіндер бар. Бала ең алдымен ата-анасымен, отбасы мүшелерімен байланысады. Осындай кезде оны еркелету, бірге ойнау, жақсы көрген ойыншығын алып беріп, тығыз қарым-қатынасқа түсу маңызды. Ал, сөйлеу белсенділігінің төмен болуына түрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін. Мәселен, психикалық дамуында тежелу бар балалардың тілінің дамуында кешеуілдік болады. Қатты қорыққаннан да сөйлемей қалуы мүмкін. Ата-ана мейіріміне зәру кішкентайларда да бұл құбылыс байқалады. Бұрын бала дүниеге келгеннен бесік жырын, әлдиін айтып тербететін, неше түрлі ертегі айтып беретін ата-әже бұл мінезінен жаңылды. Шақалақпен қосыла уілдеп, алдымен әжелері баланы ән-жырмен уататын. Ертегілер айтатын. Қазір бұл үрдіс орындалмайды. Психологиялық тұрғыдан қарағанда алдымен импрессивті сөз яғни түсіну қалыптасады. Содан соң ғана экспрессивті сөйлеуі қалыптаса бастайды. Сол себепті бала өмірге келгеннен бастап онымен сөйлесіп, еш уақытта өз-өзімен ойнап отыруға жол бермей, ұдайы байланысқа түскен жөн екен.
Баламен көп әңгімелесу арқылы да оны еркін сөйлеуге дағдыландыруға болады. Әрбір бала өз жасына сай жетіліп-дамуы қажет, денесіндегі, қимылындағы әрбір өзгеріс оның дамуын тежеуі мүмкін. Сөйлеуде де солай. Кекештеніп сөйлесе, ойын жеткізуде қиналса, сөйлегенде ауыз қуысының мүшелерін қалыпты жағдайда қимылдатпай, өзгеше әрекет жасаса, мұның бәрі баланы дәрігерге апаруға себеп болуы мүмкін, – деп кеңінен түсіндірді мамандар.
Біздің ұққанымыз, бала хақысының салмағын бәрінен бұрын  арқалайтын ата-ана осы жағына абай болғаны абзал.
Әсел Рзаева

14 наурыз 2021 ж. 560 0