Он бір шаңырақ шаттыққа кенелді
Қазақ баланы өмірінің мәні санайды. Өмірге ұл келсе «атқа мінер туылды» деп сүйіншілеп, «ұл туғанға күн туған» десе, қыз келсе, ырысың артты, өрісің кеңейді деп ерекше құрмет көрсетті. Қызға қылығымен қызықтыратын, инабаттылығымен риза ететін, тәрбиелілігімен тәнті ететіндей ұлттық тәлім-тәрбие нәрін сепсе, ұлды ертеңгі күні ел қорғайтын ер, ұлт намысын жанитын жігерлі азамат болуға, әділдігімен, қайсарлығымен, өрлігімен, ерлігімен, ата алдын көргендігімен танылатындай етіп тәрбиелеуге тырысты. Бұл қазақ халқының қанына сіңген қасиеті.
Перзентхана алдынан бас дәрігер Яхия Шорабаев күтіп, жол бастады. Аудан басшысы ішке кірмес бұрын:
– Аналар мен сәбилердің жағдайы қалай? – деді.
– Жағдайлары жақсы, керек ем-домын қабылдауда. Барлығы дәрігерлердің бақылауында, бұйыртса үш-төрт күнде үйлеріне шығарылады, – деп жауап берді бас дәрігер.
Жалпы Жаңақорған ауданы бала туу көрсеткіші бойынша аймақта алдыңғы қатарда келеді. Бас дәрігер күніне 7-8 бала дүние есігін ашса, мерекеде 11 ана босанғанын айтып сүйіншіледі. Біз бөлмелерге кіргенде сәлем салып, күтіп алған аналардың өнегелігіне риза болдық.
– Қазақ «қос тойың қабат келсін» дейді, мереке қарсаңында сәбилі болған сіздерді құттықтап кетуге келдім. Мерекелеріңіз құтты болсын, ұл-қыздарыңыз өніп-өсіп, үлкен азамат болсын. Ұлдарыңыз еліне қызмет ететін ұлы тұлға болсын, қыздарыңыз кешегі батыр, дана аналардың ізін жалғасын. Осылай халықтың санын көбейтуге үлес қоса беріңіздер. Ең бастысы, нәрестелердің дені сау болып өсе берсін, – деп аудан басшысы тілегін жеткізді.
Жыл сайын мереке қарсаңында кем дегенде әрбір алты отбасы қуанышымен ортақтасады. 2018 жылы да алты нәресте дүниеге келген. Былтыр да осы көрсеткішті көрсетсе, биыл Тәңірдің тартуы ерекше болды. Бақыт Шүкірбек, Әйгерім Орынбаева, Жанерке Қаппарова, Арайлым Ергешбай, Әсел Қызайбекова мен Мариям Воладаға ана болу бақыты бұйырыпты. Жансұлу Самхова, Айткүл Жайықбаева, Арайлым Кеңесбекова, Әсел Қосыбаева мен Қатира Қожамбердиева да ана атанды.
– Біз ұрпағымыз өмірге келсе сүйіншілеп, ат шаптыратын елміз ғой. Ұлды сүйіншілеп келгенге бір қойды атаса, қызды сүйіншілегенге екі қой берген. Өйткені қыз екі жұрттың қамын жейді деп ерекше құрметпен қараған. Сондықтан осы мерекеде әулетке ұрпақ сыйлаған сіздерге алғыс айтамын, – деген Руслан Рүстемұлы аналарға сый-сыяпатын көрсетті.
Қазақ ырымшыл халық қой, есімді де ырымдап, өскенде осы есіміне сай болсын деп азан шақырып қояды. Арулардың мерекесі болған соң, қыздардың есімін білуді жөн көрдік. Тұңғышын өмірге әкелген Жанерке қызына «Айару» есімін бергенін білдік.
– Бұл менің тұңғыш перзентім. Айару деп қойған себебі, айдай көркем ару болсын дегені ғой. Қазір жағдайымыз жақсы, көп ұзамай үйге шығамыз. Дәрігерлерге аналар атынан алғыс айтамыз, еңбектеріне жеміс тілейміз, көптің алғысын алып жүре берсін, – деді ең жас ана.
Аналар мерекесі күні сүйінші сұрап, өз туғандарын жағымды жаңалықпен қуантқандардың бірі – Сүттіқұдық ауылының тумасы Мариям перзентіне Қарлығаш есімін беріпті. Әр шаңырақты шаттыққа бөлеп жатқан бөбектер өскенде елдің еңсе көтерер азаматтары мен ұлттың ұйытқысы, отбасының аяулы қызы болып өссін деген тілекпен қайттық.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ