№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауыл баласы қалаға неге кетті?

Ауыл баласы қалаға неге кетті?

Ауыл десе сарқырай аққан бұлақ, жайқалған құрақ, таудан ескен самаладай кең жазық дала көз алдыңа келе қояды. Сол жазықта қозы-лақ баққан, асық ойнаған бала елестейді.
Бірақ дәл қазір осындай еместігін бәріміз де білеміз. Бүгінде ауыл қаладан бір елі кем түспейді. Бизнесін жолға қойып, тұрлаулы тірлігінен тыныштық тапқан азаматтар жетерлік. Осы орайда ірі шаруашылық иесінің ауылдан қойшы таппай жүргенін көріп ауыл баласының қалаға неге құмар болатыны жайлы ізденуге тура келді.
Мектепті жақсы оқыған білімпаз жоғарғы оқу орнына түсіп, білім жолына түсіп, тәжірибесін тағылымды жастарға беріп отыр. Бірақ бәрі бірдей ғылым, білім жолында еместігі анық. Арасында мектеп бітірісімен қаланың қара жұмысына жегіліп, қарауыл болуға құлшынып жүргені аз емес. Жақында қалада бірнеше жыл түрлі фирмаларда жұмыс істеп, ауылға келе жатқан жігітпен таксиде сөйлесіп қалдым. «Қалада тіпті ойлануға уақытың жоқ. Таңертемен тұрып дүкен аралап зат өткіземіз. Қайтадан фирмаға келіп зат басамыз. Меже орындалуы керек. Алатын айлығым болса 90-100 мың теңге аралығы. Ауылға келіп мамандығым бойынша жұмыс істеп, есік алдына мал ұстасам деймін» деп ойын айтты.
Иә, ауыл тәрбиенің тал бесігі. Ата мен әженің қолқанаты болған бала салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтайды, ділі айнымайды. Сондықтан ортақ ошағымыздың қазанында қайнап, ұлт үшін жанын салып жүрген де осы ауылдан шыққан азаматтар. Өйткені олардың дүниетанымы, ойлау қабілеті ұлттық тамырдан нәр алады. Мұндай ортада ер жеткен адамның таланты мен қабілеті де жыл санап шыңдалып, ашыла береді.
Ал қала өмірі ше? Қалалық өмірдің өзі кісіні белгілі бір шеңберге салып қоятындай. Адами қарым-қатынас азаяды, уақыт жағынан шектеулік, тақ-тұқ сөйлеу, ойды қысқа қайыру, қалалық сипаттар ауылдың болмысынан бөлектеу болатын сияқты. Жақында отбасылық досымыз қалаға көшіп кетті. Әрине алғашында қиындау. Әсіресе бір айлыққа қарап отырған отбасының шаруасы шалқи қоймайтыны анық. Соның айтқаны бар «Шегінерге жер жоқ. Қайтуға ауылдастардан ұят. Сондықтан тірлігімізді істеу керек. Әсіресе балаларға қиын болды. Аулада қазақша сөйлейтін бала аз. Мектептегі балалардың бір-біріне жылуы жоқ. Тіпті робот па дерсің…» дегені еріксіз есіме түсіп отыр.
Осы ретте, ауыл баласы мен қала баласын қатар қоятын болсақ, екеуі екі түрлі мәдениеттің, екі түрлі дүниетанымның өкілі екенін бірден байқайсыз. Өйткені қалада шарттылық көп. Ауылда табиғилық басым. Ауыл баласына ұстамдылық, сабырлылық, ұяңдық, салмақтылық



тән болса, қаланың баласында ше?...
Әрине, бұдан бәрі де сондай екен деген ұғым қалыптаспауы керек. Өйткені әр адамның өзіне тән ерекшеліктері болады. Ол кейде өскен ортаға да, тәлім-тәрбиеге де байланысты.
Жасыратын несі бар, кейінгі кезде ата-аналар балаларын жұмсауды құп көрмейді. Әсіресе қалалықтар. Бос уақытын компьютердің, телефонның алдында өткізетін балалардың ойлау қабілеті де түрліше. Бұл тұрғыдан алғанда ауыл баласының бос жүруге уақыты да, мүмкіндігі де бола бермейді. Әйтеуір, алдында бір міндеттер, жұмыстар даяр тұрады. Бәріне үлгеру керек. Сөйтіп жүріп, уақыттың да қадірін біліп өседі. Яғни, бойында уақытты бос өткізуге қарсы иммунитет қалыптасады.
Бұл жерде айтпағымыз, ауылда да қалада да қалауыңша өмір сүруге болады. Тек талмай еңбектену мен алтын уақытыңды сарп ету қажет. Қазақтың тамыры саналатын ауылды сақтап қалуымыз керек. Елбасының Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» деген жобасы қолға алынып, сан салалы жұмыстар сәтімен жүзеге асуда. Ауылға деген көзқарас та өзгерді. Ауылды қолдап тіліміздің, дәстүріміздің қаймағын сақтаудың бірден-бір жолы ауылмен байланысты күшейтіп, өндіріс ошақтарын ашуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Бұл да болса жастарды ауылға тартудың бірден бір жолы. Тұрақты жұмыс пен табыс көзі болса, өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасалса, ел-жұрт ауылдан кетпесі анық.
Иә, түтіні түзу шығып отырған ауылдарда қаншама ұлттық құндылықтарымыз бен руханиятымыз сақталған. Солардың жоғалмауына, керісінше қайта көркеюіне, өркендеп қанат жаюына сіз бен біз ғана мүдделіміз. Өйткені ауыл ел бесігі.
Айналып келгенде, ауылдағы жастар қалаға жұмыс іздеп баратыны ақиқат. Бірақ ебі мен есебін тапса ауылдан да кәсіп ашып, еңбек етуге әбден болады...

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА


09 қаңтар 2021 ж. 1 019 0