№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкем болсаң да айтайын...

Әкем болсаң да айтайын...


Естен елде туған, ауылдың май топырағын борпылдата кешіп өскен қарадомалақ қазақ баласы. Біраз уақыт ел ішінде тұрды да, бір күні аяқ астынан көтеріліп, қалаға көшті де кетті. Ауыл-үй оның бұл тосын шешіміне таң-тамаша!
“Ау, қалада өмір сүру оп-оңай ма екен, бұнысы несі?” десті көрші-қолаң.
Ондай пыш-пыш сөзге Естен, бірақ, пысқырған да жоқ.
Ішкі жоспары бар-ды.
Әйелі көптен бері сырқат. Ауылдағы абыт-сабыт ауыр жұмысқа жарай бермейді. Оған тыныш өмір ауадай қажет. Жалғыз ұлы болса енді ержетіп, ес тоқтатып келеді. Қалада оқытып, жоғары білім алғанын да мақұл көрген жайы бар-ды.
Осыларды іштей пісіріп алып, бір-ақ күнде көтерілгені де содан-ды.

***
Қалаға келген соң көп ұзамай-ақ әйелі ауыр сыртқаттан көз жұмды. Қанша ем-дом жасатса да, шипа болған жоқ. Күннен-күнге нашарлай берді, нашарлай берді. Ақыры, міне, фәниді тастап, бақиға озды.
Әйелін қара жер қойнына берген соң, ауыр қайғыдан әзер деп ес жинаған Естен ұлы Ескенді жанына шақырып:
– Тағдырдың ісі осы болды, – деп мұңды сыр айтты. – Енді екеуміз-ақ қалдық. Бар үмітім – өзіңде, балам...
Ескен де әке көңілін аулаған болып:
– Қамықпаңыз, әке! – деді. – Ешкім анасын арқасына салып арқалап жүрген жоқ. Көнбей қайтеміз, енді...
– Сонда да, тым ерте бізді тастап, бақиға озғаны жанымды жегідей жейді, – деп Естен қайтадан қамықты.
Әке мен бала сосын болашақ туралы ақылдасты.
– Ал, балам, ендігі жоспарың қалай?
– Шетелге барып білімімді шыңдап қайтсам деп едім.
– Е, жарайды. Қайда барам десең де, әкелік тілегім сол, еш қарсы болмаймын.
– Онда мен шетелге оқуға жиналайын.
– Сөйтсең, сөйт. Мені уайымдама. Әзір қартайып тұрған жоқ, аяқ-қолым аман, өз күнімді өзім көре алам.
– Хабарласып тұрам. Келіп тұрам, әке! Мен барда қам жемеңіз, әке!..

***
Арада екі-үш жыл өтті.
Бөтен қалаға әбден-ақ бауыр басып алды ма, Ескен соңғы уақытта елге келуді де азайта бастады. Бұрын әкесімен жиі-жиі хабарласып қоятын, қазір хабар да сирексіп барады. Оқта-текте телефон шалады. Онда да қысқа-қысқа сөйлеседі.
Оңашада әкесі баласын ойлап, іштей үгітіліп, көзіне жас алады. Сағынады. Аңсайды. Іздейді.
Сөйтіп жүргенде Ескен шетелдегі оқуын да аяқтады. Аз уақытқа елге келді.
Әкесі қуанышы қойнына сыймай, оны айналып-толғанып, мауқын баса алар емес.
– Жеттің бе, әйтеуір! – деп, даусы дірілдеп, ұлына емірене сөйлейді. – Аман-есен елге оралғаныңа барынша қуаныштымын. Айналайын, үмітім менің!..
Баласы әке сөзіне тым елжіремейді. Қайта сынай қарайтын тәрізді.
– Қартайыңқырап қалыпсыз, әке!
– Жас өз дегенін алады. Уақыт деген – зымыран! Бір жағынан кеудені қысқан кермек ой да бар...
Баласы күліп жіберді.
– Неге күлдің?
– Қандай уайым? Нені уайым ете бересіз? – деді ұлы. – Тірі жан тіршілік жасауы керек. Уайым – мақсаттың моласы...
– Жалғыз адамға мына фәни, ойлап қарасаң, моладан да бетер...
– Онда неге бір басыңызды екеу етпейсіз?
– Сенің анаң тірі кезде берген уәдем бар еді. Соны қалай бұзам?
– Ол қандай уәде?
– Екеуміздің ақ некемізді ешқашан бұзбаймын дегенмін, – деді Естен. – Күні ертең мен де бақиға озам, кездескен сәтте анаңа не бетімді айтам, балам-ау?..
– Бұл енді... бұны түсіну қиын.
– Түсінбейтін түгі де жоқ. Некеге адалдық – ойға тазалық! Сен сол жағын ойлап көрдің бе?
– Әке, – деді баласы сөзді бөліп. – Рас, сізді мен терең түсіне алмаспын. Өз сезіміңіз – өзіңіздікі. Ал, мен үшін...
– Айта ғой. Сені тыңдайын.
– Қысқасы, мен шетелге қайта кетемін.
– Онда не бар? Оқыдың. Білім алдың. Бітірдің. Енді туған елге қызмет ету, перзенттік парыз деген болмай ма!
– Ана жақта басқа бір шаруаны бастап қойған едік. Достарым күтіп отыр. Оларға уәде бергем.
– Ондайды әуелі ақылдасып барып айтпас па еді! Әкең бар дегендей...
– Сіз бәрібір түсінбейсіз. Қазіргі заман ағымы күрделі. Оған ілесу үшін...
Баласының әңгімесін тыңдап отырып, Естен аяқ астынан ашуға булықты.
– Әй, балам! – деді енді. – Шетелге оқуға барам дедің. Келістім. Төрт жыл сонда жүрдің. Ләм дегем жоқ. Енді оқу бітірген соң, елге орала ма десем... сөзіңнің сиқы мынау. Мен сен ойлағандай тым қараңғы қазақ емеспін. Түсінеміз бірнеңені...
– Түсінгеніңіз осы ма?
– Елге орал десем, оның қай жері артық екен? Сен қазақтың баласысың ғой.
– Мен секілді қазақ балалары шетелде қаптап жүр. Солардың да әке-шешесі бар. Алайда...
– Мен басқаны білмеймін. Сөз – туған балам жайында. Өз баламның тағдыры...
– Есейдім. Азамат болдым. Өз тағдырымды өзім қолға алсам, ол жаман ба?
– Жаман емес. Тек... ұстанған бағытың маған түсініксіздеу болып тұр.
– Сізге ұнамаса да, өзіме ұнайды. Маған әлемнің қай түкпірі де өз үйімдей.
Әкесі Естен шошына қарады баласына.
– Ұлым-м, – деді енді. – Ұлым-ау, бұл не сөзің? Ойлансаңшы. Есіңді жисаңшы.
Баласы Ескен айтты:
– Қайта сіз ойланыңыз. Сіз есіңізді жиыңыз, әке! Бұл не деген қазақы қырсықтық!..
– Маған қырсықсың дедің бе? Ендігі естімегенім осы сөз еді. Әттең, анаң тірі болғанда, осы сөзің үшін жағыңнан шапалақпен екі-үш тартып жіберіп...
– Шапалақ жейтін жастан өткенмін, – деп, баласы сөзін бөлді.
– Жоқ, – деді әкесі даусы дірілдеп. – Шапалақ тәрбиесі қайта саған жетпей қалған тәрізді. Соны ойласам...
Ол жөтеле жөнелді. Қатты жөтелді.
Баласы сонда да жібімеді.
– Әкем болсаңыз да айтайын, – деді даусын қатайтып. – Менің жолыма көсе-көлденең тұруға еш хақыңыз жоқ. Әр адам – өз тағдырының қожайыны. Менің тағдырыма ешкім де, тіпті әке ретінде сіз де қол сұға алмайсыз.
Осыны айтты да, үйден шығып бара жатты. Естен есінен тана жаздап, басы зеңіп, үн-түнсіз отырып қалды.

***
Қайтадан шетелге жол жүріп кетті баласы! Сөзді тыңдамады. Әке жалғыз қалды. Үйде жатып алып қиялға берілсе, неге екені белгісіз, ұлының бір ауыз сөзі қайта-қайта санасында жаңғыра береді.
“Әкем болсаң да айтайын...”
Естеннің кеудесін ауыр ой қысқандай болып, қатты қинала түседі.
“О, тоба! Қазақтың да басына келгені ме осы кесапат? Шетелде қазақ жастары қаптап жүр дейді. Олар сонда... шетелден не іздейді екен? Арманы шетелмен кіндіктесіп қалғаны ма? Елде оралуға болмайтын ол қандай қол жетпес арман? Ол – қандай қиянға ұя салған мақсат!..”
Көзінің алды тұманданып бара жатты...

***
Мұндайда қазақ айтқан аталы сөз бар: “Әке тұрып, бала сөйлегеннен без!..”

Жолтай Әлмашұлы,
жазушы, ғалым, драматург.
22 қыркүйек 2018 ж. 1 589 0