» » 2020 жыл несімен есте қалды?

2020 жыл несімен есте қалды?

  20 және 20 цифрынан тұратын тышқан жылынан жер жүзі халқы жаңалық, жақсылық күткен болатын. Айтулы жыл адамдарымыздың үмітін ақтады ма? 2020 жыл қазақ елі үшін несімен есте қалды? Осыны тарқатып көрейік.
  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқына арнаған Жолдауында айқындалған басымдықтарды басшы­лық­қа алған мемлекетімізде елдің әлеу­меттік хал-ахуалын жақсарту жо­ба­лары бойынша нақты міндеттер механизмі қа­лыптасты.
Биыл – еріктілер жылы. Осы жылды «Волонтерлар жылы» деп жариялаған Прези­дент пәрменімен ерікті топ шын мәнінде қарапайым адамдардың мүдделері үшін қайырымдылықтың, шы­найы­лықтың, имандылықтың симво­лына айналды. Волонтерлік – нағыз пат­­рио­тизмнің көрінісі. Атаулы жылға осын­дай мағына берілді.
Тағдырлы тарих пен кемелді келешекті ұштастыру – рухани жаңғырудың басты шарты. Осы тұрғыда киелі Түркістанды түлету жолында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ұлытауда Жошы хан тарихи-мәдени кешені құрылысы басталды. Тарихи тұлғалардан өнеге алуға, тағы­лымды ой-толғауға мән бердік. Дала даныш­пандары – әрдайым болашаққа бағыт сілтейтін темірқазығымыз. Осы рет­те биылғы жылы Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы мерекеленді.
10 тамыз ұлттың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл мерейтойына орай Президент Жарлығымен «Абай күні» деп күнтізбеге ендірілді. Жыл көлемінде еліміздің барлық аймақтарында осы данышпан ғұла­маларымызға арналған тарихи-мә­­­дени іс-шаралар ұйымдастырылды. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде Абай академиясы құ­рылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­­та­масымен қолға алынған «Сенім, Диа­лог, Болашаққа нық қадам» партия жұ­мыстарын қайта жаңғырту бағдар­ламасы лайықты жалғасын тауып келеді. Соның нәтижесінде «Nur Otan» партиясы бұрын соңды болмаған жаңа формадағы ішкі іріктеу праймеризге қатысушыларды анық­тады.
Биыл «Алтын Сапа» конкурсы өтті. Байқау бағдарламасы – кәсіпкерлікке дем беру, еңбек адамдарының әл-ауқа­тын және бәсекелестік қабілетін арт­тыруға мүмкіндік береді. Біздің мақ­сатымыз – Қазақстанды қуатты елге айналдыру. Пандемия мен әлемдік эко­номикалық дағдарысқа қарамастан 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны 3.3 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Биыл индус­трияландыру картасы аясында 20 мың жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 200-ден аса өндіріс іске қосылды.
Тәуелсіздік қарсаңында ел азамат­тарының үлкен бір толқыны ҚР Прези­дентінің Жарлығымен мемлкеттің әлеу­мет­тік-экономикалық және мәдени да­муына, халықтар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтуды қолдау­дағы елеулі үлесі үшін мемлекеттік наградамен марапатталды. Олардың қа­та­рында өндіріс, бизнес, білім беру, ден­саулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, құқық қорғау қызметкерлері, спорт саңлақтары, соғыс және еңбек арда­герлері, мәдениет және өнер қай­раткерлері бар.
Биылғы жыл осындай жаңалық­та­ры­мен қатар жер жүзі халқына алаң­дау­шылық әкеліп, айтулы апатқа ұрын­дырып, одан жол тауып шығу күш-қайратымызға сын болған қаталдығымен де есте қалмақ. Дүние жүзінде пан­демиялық сипатқа ие болған тәж ви­русы­ның тәлкегіне ұшырау жер беті халқын бір мақсатқа біріктіріп, ортақ сында ұйысуға шақырды.
2020 жыл Сыр бойы халқы үшін де сынаққа толы болғанымен қоғам мүше­лерінің қажырлы қызметі арқасында берекемізге сына түскен жоқ. Айрықша жаңалық, биылғы жылдың наурыз айында облысымызға жаңадан басшылыққа кел­ген Гүлшара Әбдіқалықованың есімі ел тарихында тұңғыш нәзікжанды әкім боп тағайындалуымен тарихта қалмақ. Бұған дейін Ел Үкіметі басшысының орын­басары, Мемлекеттік хатшысы сынды ла­уа­зымды қызметтерді атқарған тұл­ғаның өзі туып өскен аймақты алдыңғы деңгейлі озық өңірге айналдырарына сенім мол.

Баян ҮСЕЙІНОВА

31 желтоқсан 2020 ж. 852 0