» » Интернет ғажап па, азап па?

Интернет ғажап па, азап па?

Адамзатты интернетсіз елестету қиын. Тіпті, цифрландыру үрдісінде интернет адам өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналды. Қазір жасөспірімдер де, егделер де әлеуметтік желілерді қолданып, интернет сауданың игілігін қолданып жүр. Оның артықшылығын бәріміз білеміз, ал кері тұстарын ше? Сол жөнінде тарқата жазсам.
Адамзаттың басым бөлігі қолданатын әлеуметтік желілер басын «Classmates» (Сыныптастар) деген интернет сервистен алады. 1995 жылы Ренди Конрадс ойлап тапқан. Бүгінде Instagram, Вконтакте, WhatsApp, Facebook, YouTube, Twitter, Telegram секілді әлеуметтік желілерді қолданушылар саны артты, интернет арқылы онлайн ойын түрлері көбейді. Олар интернетке қосылған ұялы телефон арқылы қолжетімді болды. Содан болар, телефонға байланған үлкен-кішіні көптеп кездестіресіз.
Қазір жасөспірімдердің ойыншықпен емес, компьютер алдында гаджеттермен тынымсыз ойнауы, әлеуметтік желілер арқылы аудио, видео өнімдерді көруі үйреншікті жағдайға айналды. Қысқасы, интернетке тәуелденіп барады. Мұның адам психологиясына да, денсаулығына да зиян екені анық. Мәселен, компьютер немесе ұялы телефонға ұзақ телмірудің салдарынан көздің көруі нашарлауы, омыртқаның зақымдануы, есте сақтау қабілеті мен иммунитетінің төмендеуі, ұйқысыздық және бас ауруы пайда болады.
Бәрінен бұрын жастардың бақылаусыз интернетті қолдануы экстремистік, зорлық-зомбылық ақпараттарды қабыл­дауына жол ашады. Психологиялық дағдыларды терең меңгерген мұндай ақпарат көздерінен жастар өз еркімен бас тартуы қиын. Мұның арты  өз-өзіне қол жұмсауға әкелуі де мүмкін.
Ал енді әлеуметтік желілер ішінде жасөспірімдердің көп қолданатыны Instagram және Вконтактіге тоқталсам. Өзім осы желілерге арнайы тіркеліп, қатарластарымды не қызықтыратынын зерделедім. Instagram танымалдылықтан бөлек табыс көзіне айналған. Оқушылар арасында да аккаунттінде көп оқырман жинап, танылып, жарнама жасаудың жолын тапқандар бар. Қазіргі жастар теледидар қарамай-ақ ақпаратты Вконтактідегі парақшалар арқылы ала алады. Оқушылар желіде «қай мамандықты таңдаймын», «ҰБТ жақындап қалды, бейіндік пәнді әлі таңдаған жоқпын» деген тақырыпта пікір алмасады. Вконтактегі түрлі қауымдастықтарда жастар жеке өмірлері, махаббат мәселелері, араласатын ортасы және т.б жөнінде де кеңінен тілдеседі. Кейде түрлі жанрдағы фильмдерді көреді. Яғни интернетке, ұялы телефонға, оның ішінде, әлеуметтік желіге байланған жастар қатары артып келеді. Одан бөлек, күнұзақ интернет арқылы онлайн ойынға байланған жастар бар. Олардың міңезіндегі ауытқушылықты, ашушандықты бірден аңғаруға болады.
Қорыта айтқанда, жастарға интернетті, әлеуметтік желіні жақсы жағынан қолдана білуді мектепте ұстаздар үйреткені абзал. Яғни, IT сабақтар мен робот үйірмелерде ұстаздар әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны жайлы түсіндіріліп отырса артықтық етпес еді. Тіпті мектеп қабырғасында негізгі сыныптардан бастап ашық сабақтар әлеуметтік желілерге арналғаны дұрыс. Себебі интернет пен әлеуметтік желілер адамзаттың ажырамас бөлшегіне айналды. Біздің ұсынысқа мектеп директорлары мен ұстаздары құлақ асатынына сенеміз.
Балжан АЛАЙДАРОВА,
№110 мектеп-лицейдің
11 сынып оқушысы
17 қараша 2019 ж. 955 0