» » Мұғалім мәртебесі артты ма?

Мұғалім мәртебесі артты ма?


Жер жүзіндегі ең құрметті мамандық – ұстаздық. Атауы да бір. Арабтар мұғалім десе, ирандар ұстаз дейді. Осынау мәні терең атауды қасиетті мағынасына қауыштыруда мемлекеттік деңгейде қадамдар жасалып жатыр. 2019 жылы 31 тамызда ҚР Үкіметінің №645 Қаулысымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңы педагог мәртебесін айқындап және оның құндылықтарын, әлеуметтік негіздері мен шектеулерін, міндеттемелері мен жауапкершілігін белгіледі.
             
Заң не үшін қабылданды? Ұстаз – адамзат тәрбиешісі. Оның тұлғасы аласарып, қадір-қасиетіне көлеңке түсуі деген сөз тұтас қоғамның сапалық көрсеткішінің құлдырауына алып келетін қорқынышты кесел екенін ұмытпауымыз керек. Осы тұста аға буынның мұғалімнің кешегі бейнесі мен бүгінгі бет-әлпетінен айырма тауып, жастарды жазғырып жататынын жиі естиміз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін не істей аламыз?
Әр маман өз кәсібін адал атқарғанда ғана біз озық отыз елдің қатарына ене аламыз. Осы орайда қарсы алдында жанары жәутеңдеп отырған қаншама тағдырларды дүниенің бақытына жетелеп, бойындағы бүкіл нәрімен сусындатуда өмірлік тәжірибесін сарп етіп, уақытпен санаспай қайрат қылатын қажырлы
мамандық иелеріне қойылатын талап жоғары. Тіпті ұлы цивилизацияға тәуекел еткен қазақ қоғамының тағдыр талайы солардың қолында десек қателеспейміз.

Зиялы мамандық иелерінің мәртебесін биіктеткен жаңа заңның күнделікті өміріміздегі көрінісіне қалай баға беруге болады? Осыны тарқатып көрейік. Ел арасында жиі боламыз. Өткенде бір көпшілікте тоқсан жастағы ананың: «Үкіметке, Елбасына рахмет. Уәдесінде тұрды.
Мұғалімнің де, дәрігердің де айлығын көбейтемін деді. Көбейтті. Қолымыз ұзарып, қабағымыз ашылып қалды ғой» деп разы болып отырғанының мәнісін түсіндім. Бұл қарияның бірі мұғалім, бірі медбике болып істейтін екі келінінің де балаларының басы баршылық, күнкөріс қамымен екеуі де кәсібінен бөлек сауда қылып, базар жағалап жүретінін көруші ем. Қазір осы бейнеттен құтылды. Ұстаз бен дәрігердің жалақысының көтерілуі ең алдымен осы санаттағы мамандық иелерінің жағдайын кәдімгідей көтеріп тастағанына бұл бір мысал. Өркениетке негізделген қоғамдағы бірінші өзгеріс осы. Бұған дейін, бір қынжыларлығы, коррупция деп аталатын сүйкімсіз құбылыстың басқаны қойып білім мен медицина өкілдерін де өрмегіне шырмап, өнегесін былғағаны жасырын емес. Тек күнкөріс қамы ғана емес, кейде қанағатсыздық дегенге ұрынып, қарадай дәрежесін мансұқтап «мәдениетті қайыршыға» айналып кететінін кейбіреу білмей де қалатын тәрізді. Бұған мысал, ең арғысы мектептер немесе ауруханалардың еденін жуатын тазалықшылық жұмысқа алуда әкесінің құнын сұрайтын тілемсектік психологияны біздің табиғатымыз түсінбей-ақ келеді. Бұл тоқмейілділік тіпті де төрт құбыламыз-
дың түгелдігінен емес, босағасына құлап, жоғын сұрап, жалынып-жалбарынар пендеге Құдайдың үйінде шын Иесінен шынайы тілеген көз жасының дәмі ерек, ләззаты бөлектігін артық
қоюдан туған тұжырым болса керек. Ал біреудің есебінен баюдың берекесіз болатыны бесенеден белгілі.

Ұстаз болмысын ұстаздан артық ешкім түсіне алмайды. Осы орайда нағыз ұстаз не айтар екен деген оймен өз мамандығының майталманы, аудан орталығындағы №163 орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі Бибайша Әбжаппарованың пікірін сұрадық.
– Педагог мәртебесі Заңы бейнеті ауыр, жауапкершілігі одан да зор ұстаздар қауымына бәрінен бұрын құқықтық құзыреттілік пен қамқорлықтың негізін қалап берді, – дейді ол.
Бұған дейін қоғамдағы кез-келген саяси науқанға алдымен жегілетін мұғалім бұл қосымша міндеттіліктен басы бүтін босады. Үйме-үй кіріп, сайлаушылардың тізімін түгендеу немесе мереке сайын, сенбі-жексенбі сайын сыпырғы алып көше тазалау сынды басқа да қызметтік құқығына қарама-қайшы келетін заңсыздықтарға шек қойылды. Екіншіден, мұғалімнің ата-ана алдында тұлғалық статусы қалыптасып келеді. Бұрынғыдай жөнсіз айып тағып, айқайлап келетіндер аяғын тартып, абыройын ойлайтын болды. Өйткені этикалық әдепті бұзғандарға заңмен жауапкершілік көзделген.
Осыдан біраз жыл бұрын өзім жетекшілік ететін сыныбымның оқушысы ата-анасына ренжіп, үйінен қашып кеткені үшін декретте отырсам да 3 айлық сәбиімді құшақтап, сол баланы күнімен-түнімен іздеуге мәжбүр болғаным есімнен кетпейді. Құқық қорғау орнына да сынып жетекшісі және мектеп басшысы жауапкер ретінде түсінік жаздық. Міне, жаңа заң осы жолсыздықты реттеді. Бұдан былай балаға ең бірінші ата-ана жауапкер болып табылады. Бар міндетті мектепке сілтеп салып, баласы үшін басы ауырмайтын ата-анаға енді мықтап ойлануға тура келеді.
Педагог мәртебесі туралы заңның ең басты артықшылығы, креативті ұстаздарға кең мүмкіндік туғызып отыр. Өз кәсібін жанымен сүйетін шығармашыл тәлімгердің еңбегін танытуына мол мүмкіндік туды. Санаты жоғарылаған сайын материалдық жағдайының да артуы еңбекке ынталандырудың ең көрнекті позитивті тәсілі. Жұмысың тиянақты болмаса табыс та жоқ. Әр тәлімгер осыны түсінуі керек.
Тәжірибелі ұстаздың сөзін тірілтейік. Алдымызға келген бір ата-ана бастауышта оқитын баласын жауапсыз мұғалімнің қолынан алып, қатарындағы екінші ұстаздың қарамағына ауыстырғысы келетінін айтты. Себеп? Мұғалім балаға дұрыс білім бермей келеді. Оны ұстаздықтан бұрын екінші кәсібі – «Фаберлик» атаулы косметикалық компаниядағы сауда-саттығының табысы көбірек қызықтырады екен. Айтпақшы, ол кәсібінің жетістігі ретінде енді директор деңгейіне аяқ артқалы жүргенін әлеуметтік желіде мақтанып жазып қойғанын да оқып едік. Ол кезде айлығы тіпті көбейетін көрінеді. Ал алдындағы енді білімге бас қойған жәудіркөздердің жағдайы ше? Өз басын күйттеп, оларды оқытпайтын болса елдің баласының обалына қалмай, қасиетті мамандықпен қош айтысса болмай ма?
Біздің ойымызша, нағыз мұғалімнің қосымша кәсіпке уақыты артылмаса керек. Бала тағдырына шын берілген жанашыр ұстаз ұйықтап жатып та түсінде шәкіртін көреді. Өйткені бала –
оның басты капиталы. Ақшасы да, атағы да, абыройы да, тіпті өмірінің соңына дейін жетіп артылатын бет-беделі де сол. Бала үшін жатпай-тұрмай бейнеттенер жанкештілік, болашақ білімі үшін барын салып, шаш ағартатын адал еңбектің астарында осындай таудай аманат жатыр.

 Соңғы кездердегі жер жүзін ортақ шарпыған эпидемиялық ахуал шәкірт пен ұстазды «алыстан сыйлатып» қойды. Бұл да бір сын. Бір анық нәрсе, білімге құштарлыққа бұл қиындық тосқауыл бола алмайды. Үкімет тарапынан білім сапасын төмендетпейтін барлық шаралар жасалып жатыр. Орталық мамандары бүкіл білім ордаларымен интерактивті байланыс арқылы вебинарлар ұйымдастырып ұстаздар бет-бағдарын сәт сайын айқындап беріп отыр. Ал үйде балаға ата-ана жауапты. Мектепте жақсы оқып келген бала қашықтан оқуды да жақсы меңгеріп, бір минутты да құр жібермей қаздиып компьютерді қарауылдап отыр. Ал мектепте нашар оқыған бала сабақта отырмын деп телефонын қосып қойып, көрпенің астында жатыр. Отырдың не, жаттың не, сабаққа қатыссам болды емес пе деп ойлайтын болар. Жоқ, олай емес. Альберт Эйнштейн айтқан: «адамға жетпейтіні – орындық». Орындықта отырып оқымасаң, жазбасаң, ойың орнықты, ісің тыңғылықты болмайды.
Мақаламызды қорытындылай келе айтарымыз, дүниеде ең жақсы адам – алға ұмтылған адам дер едік. Мұның әсіресе дүниенің кілтін ұстатар оқу мен тоқу мәселесінде маңызы бөлек.

Баян ҮСЕЙІНОВА
08 желтоқсан 2020 ж. 760 0