№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҰСТАЗДЫҢ АТЫ БИІК, ӘРІ МӘҢГІЛІК

ҰСТАЗДЫҢ АТЫ БИІК, ӘРІ МӘҢГІЛІК


Нарықтық қатынастар қоғамның бағыт-бағдарын басқа арнаға бұрып, дағдылы қам-қарекеті мен көзқарасын өзгертті. Бір ғана мысал, «Алты алаштың игі жақсылары бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген сөздің парқын пайымдауда парасат көзімен қараудан қалдық. Ұстаздар қауымы қоғамдық жұмыстарға жегіліп, табалдырықтан сығалайтын болды. Тіпті, ұстаздарды балағаттау, оқушының тәрбиесіздігіне кінәлау және т.б етек алды. Ұстаздарға деген сенімсіздік күннен-күнге үдемесе, бәсеңдеген жоқ.

Мұғалім мәртебесіне сызат түссе мемлекеттік мүдде мұратына балта шабылатыны белгілі ғой! Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұстаздар қауымына арашаға түсіп, «Педагог мәртебесі» Заңын дайындауға пәрмен берді.
Бұл туралы Елбасы: «Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керек деп есептеймін. Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер... Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек», – деді.
...Қазір жер-жерде ұстаздың беделін арттыратын құжатты талдап жатыр. Білім беру саласында саналы ғұмырымды арнағандықтан Заңға үн қосып, ой білдіру міндет секілді.
Президент айтқандай, педагогтарға жүктемені азайту, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалау Заңда нақты көрсетілуі тиіс. Сонда ғана сансыз жиналыс пен мәдени шаралардың контентін толтыру, көше тазалығы сынды жұмыстардан арашалап ала аламыз.
Жалақы мәселесі де оң шешімін табуы тиіс. Сингапурда мұғалімнің орташа жылдық еңбекақысы 45 755 АҚШ доллар екен. Ал, АҚШ – 44 917, Оңтүстік Кореяда – 43 874 АҚШ долларын құрайды. Яғни, озық елдер ұстаздар қауымына қамқорлық көрсету арқылы экономикалық өркендеудің жолын тапқан.
Бүгінде білім ордаларында ер мұғалімнің үлес салмағы 18 проценттің жобасында. Ер мұғалімі аз мектептерді бағамдап қарасаңыз, бұзақылық көбейгенін көресіз...
Ең бастысы, мектептерде оқу процесі кезінде оқушыларға да, ата-аналарға да, мұғалімдерге де интернет жүйесіне қосылған фото-видеокамералы құрылғыларды пайдалануға шектеу қою керек.
Заңда ұстаздың біліктілігін арттырудың жолдары да нақты көрсетілуі қажет. Себебі, елдің дамуы ғылым мен техниканың жетістіктерінде болса, оның бастауы – білімде. Ал, білім беру негізі – мұғалімнің біліміне, тәжірибесіне келіп тіреледі. Біздегі білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті жастарды қалыптастыру. Ол үшін мұғалімнің білімі мен біліктілігі оның педагогикалық шеберлігіне ұштасуы керек. Педагогикалық шеберлік дегеніміз – үнемі жетілдіріп отыруды қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу өнерінің негізі. Ол өнерге балаларды сүйетін және өз қалауымен жұмыс істейтін әрбір ізденімпаз педагогтің қолы жете алады.
Айтайын дегенім, «Педагог мәртебесі» Заңы мұғалім мен тәрбиешіні қорғайтын, біліктілігін, білімін жетілдіруге ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек.
Ұстаздық жолдағы 40 жылдық тәжірибеме сүйенетін болсам, мұғалім мәртебесін биіктету – ұстаз бен ата-ананың қолында! Яғни, ата-ана ұрпақ тәбиесіне немқұрайлы қарамаса, мұғалім өзі қадір тұтатын мамандығын ерекше бағалап, ынта-ниетпен жұмыс жасаса төрге қайта шығатыны анық.
«Мәңгілік Елге» бағдар алған мемлекет санасы серге, белсенді де беделді ұрпақ тәрбиелеуге мән беруі тиіс. Ол үшін ұлтқа ұлы қызмет жасайтын мұғалімдердің мерейін өсірудің тетіктерін шешіп алған абзал...
02 ақпан 2019 ж. 1 087 0