» » Жадыраның мерейі тасыды

Жадыраның мерейі тасыды


Жаһан жұртының алқымынан алған індет медицина саласына салмақ салды. Мұның ауы
ртпалығын отандық дәрігерлер де, қарапайым халық та сезініп отыр. Жағадан алған жаудай тынысымызды тарылтқан жағдайда ақ халатты жандар жанымыздан табылып, өмір сүруге үміт сыйлап, құрметі артты. Осындай сергелдеңі сәтте сенім сыйлаған жанның бірі Жадыра Бураханова «Жанқиярлық еңбегі үшін» медалін омырауына таққан-ды. Дәрігердің марапатқа лайықты болуының сырын тарқатсақ.

Ол 1992-1998 жылдары Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина уни­вер­сите­тінде дәрігер-терапевт маман­дығы бойынша білім алды. Оқу орнын аяқтағаннан кейін Сунақата ауылдық дәрігерлік амбулаториясына ай­мақ­тық дәрігер ретінде еңбек жолын бастады. 2006 жылы Төменарық ауылдық ауруханасында тәжірибесін шыңдады. 2008 жылы аудандық емханаға жалпы тәжі­рибелі аймақ дәрігері болып ауысты. 2010 жылы орталық аурухананың күндізгі емдеу бөліміне ауысты. Бөлім меңгерушісі ретінде ұйымдастырушылық қабіле­тімен, әрі жауапкершілігімен әріп­тестері ара­сында ерекшеленіп келеді. Бастысы, өзінің біліктілігін арттыруға жіті көңіл бөледі. Оның дәлелі, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент қала­сында өткен семинарға қатысып, заманауи медициналық трендтерді меңгеріп, білімін жетілдірді.
Жоғары санатты дәрігердің ең­бе­гі бағаланып, Қазақстан Рес­пу­б­ли­­касының Денсаулық сақ­тау министрлігінің, облыс әкі­мінің, об­лыстық денсаулық сақ­тау бас­қармасы мен аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. 2017 жылы аудандық аурухана әкімшілігінің шешімімен «Үздік дәрігер» атанды.
Білікті дәрігерге аудан тұрғын­дарының да ілтипаты жоғары. Со­ның бірі – Қарлығаш Ақберен өз басында өткен тамаша естелігімен бөлісті. Кіп-кішкентай үш баласы бар ана қатты мазасызданып, күндізгі бөлімге келеді. Дәрігер Жадыра Бура­ханова науқастың жүдеген түрін көріп, клиникалық белгілерінен тексеруді ұйғарып, рентгенге түсіреді. Медициналық аппаратпен өкпесінің қабынғанын біледі. Сосын дереу тәуліктік стационарға жатқызады. «Балаларым не болады?» дегеніне қарамастан емдеуді бастап кетеді. Сәбилер қараусыз қалмас үшін дәрігер көршісін тауып, хабарласып, олардың жайын күнде біліп тұрады. Нәтижесінде Қарлығаш та ем алады, балалары да қараусыз қалмайды». Егер дәрігердің талабы болмағанда дертіме дауа табар ма едім? Кім біледі жарық дүниені басып жүрмес пе едім?! – деді жас ана тебіреніп.
Жадыра Бураханова аймақтық дәрігерлер байқай бермейтін күрделі індеттерді анықтап, қажетті ем алу үшін терапия бөліміне жолдап жататыны рас. Мұны әріптестері де құптайды. Қызметтегі әріптесі, бас дәрігердің ана мен бала денсаулығын қорғау ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Тұрабаева: «Жадыра Бураханова өте ізденімпаз, жауапкершілікті сезіне білетін, әрі тәжірибесі мол дәрігер. Бір бөлімнің жұмысын жүйелі жүргізуі, мамандар арасында тәжірибе алмасу, емдеу ісін жетілдіру – оның басты принциптері. Осындай әріптестердің марапат мін­берінен көрінгені қуантты» – деді.
«Жанқиярлық еңбегі үшін» меда­лін алған дәрігерді сөзге тарт­қанымызда:
– Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары еңбекке араластым. Ол кез­де бәрі тапшы. Жедел жәрдем тек аудан орталықтарында ғана болды. Күннің суығы мен ыстығына төзіп, жаяулатып ел аралайтын едік. Жылдар өтіп, ел еңсесін тіктеді, барлық сала қарқынды дамыды. Медицина саласы жаңа кезеңдерге қадам басып, жаңа технологияның игілігін көруде. Ал, жас мамандарға әлеуметтік қолдау көп. Үй алуға мүмкіндік мол. Жанымдағы жас буынға бардың қадірін білуге, қолдағы затқа құрметпен қарауға үнемі кеңес беремін, – деді.
Міне, Жадыраның мерейі тасуы­ның осындай сыры бар.


Мақпал ПӘТЕНОВА
25 қараша 2020 ж. 363 0