» » Бүркіт Аяған: «Баға жетпес байлықтың үстінде отырсыңдар»

Бүркіт Аяған: «Баға жетпес байлықтың үстінде отырсыңдар»

Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған ағамыз Жаңақорғанға келді деген хабарды естіп, телефон соқтық... Профессордың көңілі Сығанақ шаһарын көруге ауды. Содан көне қалаға бет бұрдық.
Жол үстінде тарихшымен сұхбат басталып кетті. Ортақ әңгіме – Сығанақ шаһарының тарихы, сонда билік құрған Алтын Орда, Ақ Орда хандары жайлы өрбіді. Қазақ хандығының қалыптасуындағы Сығанақтың маңызы да әңгімеден тыс қалмады. Қысқасы, ортағасырлық қаланың Ұлы Дала өркениетіндегі орнын білуге тырыстық.

  Сығанаққа түс ауа іліндік. Қоңыр күздің салқын желі желкеден өтіп барады. Бірақ көне қаланың құндылығы бәрін ұмыттырды. «Сығанаққа келген сайын бағзы замандағы кейпі көз алдыма елестиді де тұрады. Құтты бас шаһардың бас көшесінде келе жатқандай сезінемін өзімді» деп тебіренді ғалым.
Шаһарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына назарға алып:
– Қызылордалықтар тарихи баға жетпес байлықтың үстінде отыр. Соңы бағалай білу керек. Мұнда қазақ хандығының бастауында тұрған Ұрыс/Орыс (Ақнияз) хан жатыр. Қазақ хандығының өзге хан-сұлтандары да жерленуі мүмкін. Сондықтан хандық қалыптасқан кезден Сығанақты стратегиялық маңызды қала ретінде санап, шаһар үшін қатты күресті, – деді ол.
Сығанақ шаһарын бойлап келеміз. «Мынау шахристан. Қаланың негізгі орталығы. Мұнда хан-сұлтандардың әулеті тұрды. Ғимараттар солардың жайлы өміріне сай салынды» деген тарихшы терең тыныс алып, тарихи орынның аурасын сезінгендей болды.
Бірнеше минуттық үнсіздіктен кейін: «Сығанақтың парсы, араб, армян, орыс дерек көздерінде көп кездесуінің басты сыры – Дешті Қыпшақтың ең маңызды қаласы саналды. Сығанақ ірі орталық болған кездері, Түркістан шағын қалашық болатын... – деп ойын бір түйді тарихшы.
Ғалымның Сығанаққа деген құрметі ерекше екенін байқадық. Содан қаланың қайта қалпына келтірілген орнына жайғасып, Сығанақтың қалыптасу кезіңінен бастауды сұрадық. Біздің осы сұрағымызды күтіп тұрғандай екпінін үдете түсіп:
– Парсы, араб дерек көздерінен Сығанақ шаһары ІХ-Х ғасырда қалыптасқанын көруге болады. Мәселен, X ғасырдағы «Худуд әл-Әлемде» деген парсы шығармасында 982 жылы түзілгені жазылады. Х ғасырда өмір сүрген араб географы әль-Мұкаддаси Сығанақты Отырармен кіндігі егіз қала деп көрсетеді. Ибн Хальдун, Мұхаммад Хайдар Дулати, Муншидің еңбектеріне қарағанда, кезінде Сығанақ шаһары Самарканд, Бұхараға қарағанда әйгілі болғанға ұқсайды.
– Сығанақтың әйгілі болуының сыры неде?
– Оның бір себебі – 2 мың жылға жуық Ұлы даланың саяси орталығы саналды. Оны Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғғ.), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілқайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) астанасы болғанынан аңғарасыз. Екінші себебі – Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда-экономикалық орталығы болды. Бұл сөзімізге Фазлах ибн-Рузбиханның «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды» деген сөзі дәлел. Үшінші себебі – рухани-мәдени және діни-ағартушылық орталық ретінде бағаланды. Мұндағы мектеп-медреселер, мешіттер, кітапханалар шаһардың даңқын асырды. Тіпті арап-парсы деректерінде Берке хан ислам дінін Сығанақта қабылдағаны жазылған. Одан бөлек, ортағысырлық өнеркәсіп орындары қалыптасты, қолөнер жақсы дамыды, егін және мал шаруашылығымен әйгіленді. Қаланың маңында жүзім, алма бақтары болды және жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpдi. Мұны Фазлах ибн-Рузбиханның еңбегінен табуға болады.
Еуропалық көпестер, саяхатшылар, дипломаттар Ұлы Далаға көптеп келіп, Сығанақ қаласына арнайы тоқтады. Олардың ішінде, Марко Поло, Рубрук Вильгений, Плано Карпиниды бөліп-жарып атау керек. Рубрук пен Карпини саяхатында Бату мен Беркені көріп, Ұлық Ұлыс халқының өмір сүру салтын біліп, қала мәдениетін бағдарлады.
Гетун деген армян патшасы Қарақорымға бара жатқанында Сығанаққа тоқтап, шаһарда болғаны жазылады.
Қала үшін Ақ Орда хандары мен Темір ұлысы арасында, кейінірек қазақ хандары Бұрындық, Қасым мен көшпелі өзбек ханы Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында талай кескілескен соғыстар орын алды. Осыдан-ақ уақытында қаланың саяси мәні зор болғанын пайымдауға болады.
– Кейінгі жылдары Сығанақ шаһары зерттеліп, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен қаланың қалпына келтіру жағы баяу жүруде. Бұл жайында не дейсіз?
– Жақында Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде жаңғырту жөнінде жиын өтті. Оған Үкімет басшысының орынбасары, министрлер қатысты. Сонда Сығанақтың маңызын айтып, қаланы қайта қалпына келтіруді қозғадым. Үкімет қарсы еместігін танытты. Олар алдымен Түркістан қаласын дамыту маңызды екенін алға тартты.
Енді Сығанақтың зерттелу жайында тоқталсам, оны үш кезеңге бөліп қарастырған жөн. 1867 жылы Петр Лерх, 1901-1902 жылы Василий Каллаур, 1906-1907 жылы Иосиф Кастанье ежелгі қаланың орнын барлап, картаға түсіріп, сипаттап жазды. 1927 жылы Ресей ғылым академиясының жанындағы материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша Александр Якубовский Сығанақ қаласын тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топографиялық жағына көңіл бөліп, сақтаулы тұрған ғимараттардың суретін түсіріп алды. «Развалины Сыгнака» атты еңбек жазды. Мұны бірінші кезеңге жатқызу керек.
Екінші кезең – ХХ ғасырдың 40-70 жылдары Сығанақ қаласы жайлы тың зерт­теулермен толықты. Александр Бернштамның жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек Кемел Ақышев, Карл Байпақов орта ғасырлық қалалар жайлы кітап жазды. Ерболат Смағұлов экспедициялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Үшінші кезең – Тәуелсіздік жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстары. Көне Сығанақ қаласының аумағын қоршауға алып, оны аспанасты мұражайға айналдыру керектігін көтерген профессор Сәйден Жолдасбаев және т.б ғалымдардың еңбегін ерекше атау керек. Сығанақты танып, насихаттауда үшінші кезеңнің орны зор.
Кеңес кезеңінде Сығанақты «орта ғасырлық қала» деп қараса, Тәуелсіздік жылдары Сығанақ қаласы ұлттың қалыптасуына ықпалы тұрғысында және Ұлы даланың саяси һәм мәдени орталығы ретінде зерттеліп, қала мәдениеті жөнінде әртүрлі деңгейдегі еңбектер жарық көрді. Әлі де болса Сығанақтың саяси мәнін анықтап, жан-жақты зерттей түсу қажет. Иран, Қытай, Түркия, Ресей, Иран, Италиядағы архивтерден Сығанақ қаласы жайлы тың жаңалықтар табатынымыз анық. Осыған мән берілсе, көне қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жаңа сатыға шығарып, археолог С.Жолдасбаев айтқандай, ашық аспан астындағы музейге айналдырса деген ой бар. Сонда ғана Сығанақ шаһарының ұлт дамуындағы орнын насихаттауға жол ашылады.
– Үкіметтің Түркістанға ерекше мән беруінің сыры неде деп ойлайсыз?
– Оған түрлі болжам жасауға болады. Меніңше, ең бірінші, экономикалық пайдасы есепке алынып отыр. Кезінде Еуропа мен Азияны жалғаған Ұлы Жібек жолы елдер мен қалалардың негізгі экономикалық қуат көзі саналды. Жетісудан Жайыққа дейінгі Суяб, Баласағұн, Отырар, Сайрам, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Жанкент, Сарайшық және т.б қалалардың дамуы сауда-саттыққа тікелей байланысты болды. Ұлық Ұлыстың тоқырауының бірден-бір себебі құрлықтағы сауда жолы теңізге ауысуынан орын алды.
Енді Жібек жолының ізімен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиті ашылды. Бұл – теңіз жолына қараған 7-8 күнді қысқартады. Яғни экономикалық тұрғыда өте тиімді жоба. Қазір жүздеген жүк көліктері батыстан-шығысқа, шығыстан-батысқа қарай ағылып жатыр. Соларға қызмет көрсетіп, қазынаға қаржыны түсірген абзал. Бұл ретте, Түркістанды Орталық Азиядағы ірі туристік әрі сервистік орталыққа айналдыру маңызды.
Екінші жағы, түрік елдері Қазақстанды атақонысы ретінде санайды, ал Түркістанды түрік дүниесінің бесігіне балайды. Олай болса, түрік халықтары идеясын біріктіретін Түркістанды рухани-мәдени орталық ретінде дәріптеу орынды секілді.
– Бір сөзіңізде қазақ хандары мен шайбанилер Сығанаққа таласқанын айттыңыз. Себебін түсіндіріп бере аласыз ба?
– Керей мен Жәнібек Орда Еженнен тараса, Әбілқайыр Шайбаннан тарайды. Екеуі де Жошының ұлы.
Ақ Орданың саяси тәуелсіздігін нығайтуға мейлінше күш салған Ұрыс хан 1361-1376 жылдары Сығанақта билік етеді. Одан кейін Барақ хан Сығанақты қайта қалпына келтіріп, Ақ Орданы саяси күшке айналдырады. Барақ қайтыс болғаннан кейін, Темір әулетінің толассыз шабуылдарынан мейлінше әлсіреп, ондағы билік Шайбан ұрпағынан шыққан Әбілқайыр ханның қолына өтеді. Іс жүзінде Ақ Орда өмір сүруін тоқтатып, оның орнына Әбілқайыр хандығы пайда болды.
Ұрыс хан мен оның ұрпақтары Ақ Орданы билеушісі ретінде, Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақтың билеушісі ретінде Сығанаққа иелік етеді. Яғни қазақ хандары да, шайбанилер де Сығанақ қаласына таласуы заңдылық. Олар бабасының билік еткен қаласы ретінде қарап, өз иелігіне қайтаруға тырысты.
Сығанақ үшін Барақ хан Әмір Темір ұрпақтарымен, Қасым хан Шайбан ұрпақ­тарымен соғысып, өліспей-беріспейтінін көр­сеткені соңын себебі. Сығанақта Бұрын­дық хан, Хақназар хан және т.б билік құрғаны белгілі.
– Сығанақ мыңжылдықтар тоғы­сында саяси орталық болды. Ондай жерлерде хан-сұлтандарды, ақсүйек­терді жерлейтін орын болуы тиіс қой. Қалай ойлайсыз, Сығанақтың маңында пантеондар болды ма?
– Сөз жоқ, Сығанақ қаласы маңында хан-сұлтандар жерленген орындар болған. Фазлаллах ибн Рузбиханның жазуынша, Дештінің атақты хандарының мәйіті міндетті түрде Сығанаққа жерленіп, қабірінің үстіне кесене (мавзолей) тұрғызылды. Әрі орнын былай көрсетеді – Сығанақтан Сырдарияға қарай 5-6 шақырым жерде. Бұл – Қожамберді ауылының іргесіндегі көне қорымға дәл келеді. Ұрыс (Орыс) хан, оның ұрпақтары Керей, Хақназар және т.б хандар сонда жатуы әбден мүмкін.
Қазақ үнемі Сыр мен Сібір, Алтай мен Атырау арасында көшіп-қонып, қозғалып отырды. Жазба мәдениеті қатты дамымады. Жазба деректерінің аздығына байланысты «пантеондар мына жерде» деп нақты жазылған дерек жоқ. 1468/69 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болып, Көккесенеге қойылды. Бұл – нақты дерек. Демек Көккесенеде Ақ Орда, Қазақ хандары мен шайбандардың көне мазараты болуы тиіс.
– Сіз Ұлық Ұлыс деп бірнеше жерде атадыңыз. Бұл – біздің Алтын Ордамыз. Солай емес пе?
– Карантин кезінде «Алтын Орданың күйреуі» деген кітап жаздым. Баспадан енді шығады. Жошы ұлысының аймағында құрылған империя – Ұлы Ұлыс немесе Ұлық Ұлыс деп аталып келген-ді, тек ХVІІ ғасырда ғылыми айналымға «Алтын Орда» атауы енді. Бұл сөзді алғаш поляк тарихшысы, дипломаты Ян Длугош қолданды.
– «Ұлық Ұлыс» неден күйреді?
– Жоғарыда айтқанымдай, құрлықпен жүретін сауда жолы теңізге ауысты. Соның салдарынан қаржы көзі кетіп, қалалар күйреді. Басты себеп, хан-сұлтандардың өз-ара бәсекелесіп, бір-біріне кедергі келтірді. Оған ордаға ықпал етуге тырысқан сарай әміршілерінің саяси амбициялары да белгілі деңгейде әсер етті.
Қаржылық дағдарысқа түсіп, билік жүйесі әлсіреген империя ХV ғасырдың 20-40 жылдары Сібір хандығы, Ноғай ордасы, Әбілхайыр хандығы, Қырым хандығы, Қазан хандығы болып бөлінсе, ХV ғасырдың 50-60 жылдары Қазақ хандығы мен Астрахан хандығы еншісін алды. Ұлы Дала елінде Ұлық Ұлыстан кейін Қазақ хандығы ең ұзақ өмір сүрді. Сондықтан Алтын Орда билігінің барлық элементтері – басқару жүйесі, салт-сана мен дәстүр-дағдысы жалғасты һәм жаңғырды. Тіпті жер-су атауларынан сабақтастық табуға болады.
– Яғни Қазақ хандығы Ұлы Ұлыстың заңды мұрагері дейсіз ғой!
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында: «Ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Бұл жұмыстар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет» – деді.
Мұны Мемлекет басшысы бекерден бекер айтып отырған жоқ. Себебі Қазақ хандығы Ұлы Ұлыстың заңды жалғасы. Алып империяның шығыс бөлігі Ақ орда деп аталды. Ұлық ұлыс пен Ақ Орданың тағында отырған Ұрыс хан болса, Жәнібек пен Керей оның тікелей ұрпағы. Қазақ хандары кімнің жолын, кімнің идеясын жүзеге асырды, әрине, Ұрыс ханының идеясын жалғастырды.
– Неге империя тарихы толық зерттелмей келеді?
– Кеңес ортағасырлық империяның тарихын зерттеп, насихаттауға шектеу қойды. Тек Татарстан тарихшылары батылдық жасап, «Әлем тарихындағы Алтын орда» атты үш томдық кітап шығарды. Қазақстанда бұл тақырып «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында кеңінен зерттеле бастады. Бұған дейін академик Әлкей Марғұлан, Сұлтан Тұрсынов, Венямин Юдин, Сергей Престорный, Клавдий Пещулина секілді тарихшылар Алтын Орданың тарихынан азды-көпті еңбек жазды. Сондай-ақ Меруерт Әбусейітова, Бекет Кәрібаев, Радик Темірғалиев Орда тарихын зерттеуде зор үлес қосуда.
Ұлы мемлекеттің тарихын жазу бір күндік іс емес. Осыны ескерген жөн...
– Біздің тарихты жазған кеңестік тарихшылардың бұрмалаған тұстары көп. Соңын бірі – Әбілқайыр ханды өзбек етіп көрсетті. Солай емес пе?
– Әлбетте, солай! Мұны тарихқа жасалған үлкен қиянат деуге болады. Кеңестік билік бізді тарихи жадымыздан айырып, тексіз ұлтқа айналдыруға тырысты. Сондықтан қазаққа еш қатысы жоқ Калинин, Кутузов, Суворов, Киров, Куйбышев, Ермак, Фрунзе сынды онамастикалық атауларды енгізді. «Қазақ ССР тарихын», «Компартия тарихын» оқытты. Көне дәуір, орта ғасыр тарихы жабық тақырып болды. Осының салдарынан тарихи санамыз таяздап, өткенімізді бағдарлаудан қалдық. Болмаса, Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі – Әбілқайыр. Оны қазақ-өзбекке ортақ тұлға деп қараған жөн.
Өзбектер Әбілқайырды мемлекет негізін қалаушы хан ретінде мойындамайды. Сонда ол кім? Осы сұрақ толғандырып «Әбілқайыр Шайбан. Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі» атты кітап жаздым. Енді тарихи хронологияға қарап, Әбілқайыр кім екенін білуге болады.
1412 жылдары Әбілқайыр Сарайшық қаласының маңайында дүниеге келді. Оның атасы және әкесі Ноғай Ордасының аймағы және Ақ Ордамен шектес жерлерге иелік етті. Жастайынан соғыс өнеріне машықтанып, мемлекетті басқару ісіне үйренді, сөз өнерін меңгерді.
1428 жылдары Ертіс жағалауының сол жағы мен Тобыл өзенінің құйылысындағы аумақта (Қостанай облысы) хан болады. 1430 жылдары Түмен (Шыңға-төре) қаласының тізгінін ұстады. Оның Сібірге хан болып баруы заңды еді. Сол кезде Сібірді Шайбанның ұрпақтары басқаратын. 1440 жылдары Түменнен оңтүстікке көш ашып, бірінші Есіл өзеніне келіп, сосын Атбасарға, Ұлытауға тоқтайды. Жошы хан мәңгілік тыныштық тапқан далада бірнеше жыл тұрақтайды. 1446 жылы тимуридтердің қолындағы Сығанаққа келеді. Кухистанидің жазуынша, Әбілқайыр қалың әскерімен Қаратаудан түскен кезде шаһар басшылары оған өз еркімен беріледі. Сосын мешітке келіп құтба оқып, қаланы басқаруды қолына алады.
Жалпы Әбілқайырдың өмірі Қазақстанның батыс, солтүстік, орталық және оңтүстік өңірінде өтті. Үргенішті, Бұхарды алып, Самарқандты алты рет шапты. Бұл аумақ «Мауренахр өлкесі» деп аталатын. Тағы бір ескеретіні, Әбілқайыр мен оның ұрпақтарының тілі – қыпшақ тіліне (яғни қазақ тіліне жақын), өзбектердікі – қарлұқ тіліне жатады.
Әбілқайырдың да, қазақ хандарының да қол астында бүгінгі қазақтың ру-тайпалары бағынды. Мысалы, бүгінгі қазақтың ру-тайпары: қоңырат, қыпшақ, найман, арғын қожа және т.б. айтуға болады. Тіпті кейбір рулар екіге бөлініп, екі жақты қолдады. Бірақ Әбілқайыр хан өлгеннен кейін олар Қазақ хандығына қосылды.
Өзбек тарихшылары еңбегінде Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақтан келген Мауренахрды тонаған қатігез хан ретінде көрсетеді. Өзбектер өз мемлекеті Әмір Темірден бастау алғанын айтады. Көрдіңіз бе, Әбілқайыр өзбек пен қазаққа ортақ тұлға.
Оны Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі, Қазақ хандығының қалыптасуына қатысы бар тұлға ретінде бағалап, дәріптеуіміз керек.
– Қазақ, өзбек этникалық сипатқа қалай ие болды?
– Орда Еженнен тараған хан-сұлтандарға ергендер «қазақ» деп аталып, Ақ Ордаға ие болса, Шайбан әулетінің соңынан ергендер «өзбек» аталып, Мәуренахрдағы Темір империясын құлатып, мемлекет қалыптастырды. Жалпы «қазақ» сөзі руларды біріктіруші атау. «Моңғол», «КСРО» сөзінде осындай мән бар. Шыңғысхан құрған империя ұлттар мен ұлыстарды біріктірген «моңғол» атауымен бірікті. Бірақ бұл бір ұлттың атауын көрсетпейді. Моңғол дегеніміз «Мың қол» немесе «Мәңгі ел» дегенге саяды. КСРО деген ұлт жоқ, 15 республиканы біріктірген одақ емес пе?! Қазақ сөзін де осылай қабыладаған жөн.
Қазақ халқының қалыптасуын түрік этногенезінің басталуына жатқызады. Түркі кезеңіндегі шаруашылық-мәдени өмір кейін түркі халықтарының көбіне тән болды. ХV ғасырда Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы түрлі хандықтарға қарап келген ру-тайпалары Қазақ хандығына топтасты. ХVІ ғасырда қазақтың этникалық территориясын бірігіп, осы арқылы қазақтың халық болып қалыптасу барысы біржолата аяқталды.
Рузбиханның мәліметінше, ХІІІ ғасырдан бері «қазақ» атауы жалғасып келгені, ХV ғасырдың бірінші жартысында қазақ деген этносаяси қауымдастықтың болғандығын және сол кезде қазақ деп атануды абырой санағанын айтады. Қазақ – еркін, көшпенді дегенге тура келеді. Екінші жағынан, қазақ термині политонимдік мағынада қолданылды.
Әбілқайырдың немересі Мұхаммед пен Махмұд Мауренахрға ауып, ондағы тәжік те, сарт та «өзбек» болып атала бастады.
– Соңғы сұрақ. Тәуелсіздік жылдары ұлттық тарихты қаншалықты жаза алдық?
– «Мәдени мұра», «Тарих толқынында», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында араб, парсы, қытай, армян тіліндегі дерек көздерінен құнды мәліметтер алдық. Сондай-ақ, Египет, Франция, Түркия, Моңғолия, Ресей, Англия еліндегі архивтік құжаттардан Қазақстанға қатысты құжаттық-мәліметтер Шығыстану институтына жеткізіліп, арнайы орталыққа құжаттар жиналуда.
Алашорда тарихы белгілі бір деңгейде зерттеліп-зерделенді. Ұжымдастыру тақырыбында бiраз ақиқат айтылды. Ұлы Отан соғысы туралы жазылып жатыр. Енді сақ дәуірі мен түрік қағанаты тұсынан бастап кезең-кезеңімен талданып, ұлттық тарихымыздың концепциясын түзіп, тарихи жадымызды ояту міндеті тұр.
Оның бір ғана мысалы, мынау Сығанақтың қалыптасу кезеңінен бастап қыпшақ, қимақ кезеңін, Ұлы Ұлыс, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Қазақ хандығы тұсындағы саяси-мәдени маңызын ашып, туристік маршруттың бір бағытына айналдыру керек. Осы іс толық атқарылғанда ғана орта ғасырдағы тарихымыздың бір парасын таныдық дей аламыз...

P.S.: Сығанақ шаһарынан күн бата қайттық. Үш-төрт сағатқа созылған сұхбат барысында тың деректерге қанығып, тарихи жадыны мыңжылдықтар қайнарымен сусындатып, жаңғыру жолын бағамдадық. Бәрінен бұрын, Сығанақ шаһарының тарихтағы орнын біліп, топырақтың астында қалған өркениет орталығының маңызын түсіндік.

Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Жаңақорған-Сығанақ-Жаңақорған

24 қазан 2020 ж. 906 0