Білікті ұстаз – сапалы білім негізі
Шәкіртін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік бағытта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді дарытуда мұғалім еңбегі зор. Мұның парқын карантин кезінде қатты сезіндік, әрі ұстаз мехнаты ауыр екенін ұғындық. Сондықтан ұстаздар қалай мадақтап, марапатталса да жарасады. Ұстаздар күнінде сондай қошеметке бөленгеннің бірі – Айкүміс Байбатырова.
№229 Абызтөбе мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен беретін мұғалім, І санатты ұстазы Айкүміс Жаушыбайқызының тәлімгерлік жолдағы еңбегі ерен. Педагог зерттеуші санатындағы біліктілігі тағы бар. Ол ұстаздар күні аудан әкімі Руслан Рүстемовтің Алғыс хатына ие болды.
– Отбасымызда басты құндылық – баланы сүю, өз балаңды сүю арқылы халықтың баласынан өз махаббатыңды аямау. Ұстаздық жол осыған үйретеді. Жауапкершілігі мол мамандық екенін білсем де, шыңын бағындыру мақсатым болды. Осы жолда еңбек етіп келемін. Өз әкемнің қандай іспен айналыссақ та, жанымызды салып айналысуға шақырғаны үнемі күш-қуат береді. Содан болар оқу барысында тек берілген тақырыппен шектелмей, ізденіс үстінде қабілетімен танылған көшбасшы дайындау басты мұрат, дамыған дәуірдің талабы, – дейді ұстаз.
Баланың өміріне бағыт-бағдар беретін ұстаз әрқашан мектептің жүрегі болып келген. Өлшеулі өмірде өлшеусіз іс атқаратын олардың еңбегі қашанда ұшан-теңіз. Шын ұстаз болу үшін дарын, ізденіс пен еңбек керек. Сонда ғана ұстаз атына лайықты бола аласың. Ал осындай үдеден шығып жүрген Айкүмістің бәсекеге қабілетті ел болашағын дайындауды, жас ұрпаққа білгенін үйретуді өзіне парыз санауы расында қуантты.
Қоғам алдындағы міндетін адалынан атқарып жүрген ұлағатты ұстаздың биік шыңды бағындырған шәкірттері де жеткілікті. Бірі облыстық додалардан алдыңғы орыннан көрінсе, енді бірі ҰБТ кезінде жоғары көрсеткішке жеткен. Атап айтсақ, 15 шәкірті грант иегері атанып, оның ішінде 3-еуі «Алтын белгіге» бітірді,3 «Үздік аттестат» иегерін шығарып, мектеп абыройын асқақтатқан. Өзінің жеткен жетістіктері де бір төбе. Мәселен, «Біздің болашақ» республикалық үздік оқушылар сайысына шәкірт дайындағаны үшін Алғыс хат, білім беру дағдысын жаңартудың маңыздылығы тақырыбында қорғаған жобасында үздік атанса, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі сайыстардың жеңімпазы.
Еңбегі еленген ұстазды ұжымы да мақтан тұтады. Бұл жөнінде білім ордасының басшысы Жеңіс Манамбаев: «Ұжымда өзінің қажырлы да, еселі еңбегімен, әрдайым ізденімпаздығымен ерекшеленетін Айкүміс нағыз ұстаз,адал жар, аяулы ана. Білімнің кілті білікті ұстаздың қолында екені айқын. Сондықтан болашақтың жарқын болуына ықпал жасайтын осындай білікті педагогтар. Сондықтан болар осындай мамандардың арқасында біздің мектеп үздіктер қатарында», – деді.
Лаура БИБАСАРОВА