№24 (8735) 23

23 наурыз 2024 ж.

№23 (8734) 19

19 наурыз 2024 ж.

№22 (8733) 16

16 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » ТАЗАЛЫҚ – мәдениеттіліктен

ТАЗАЛЫҚ – мәдениеттіліктен

Сұлтан Мақашов ауданға әкім болып келгенде ең бірінші тазалық мәселесін қолға алып, көшелердің тазалығына жауапты мекемелерді бекітті. Өте дұрыс бастама. Себебі, тазалық – өркендеудің өрнегін көрсетеді. Енді елде таза қалалар тізімін анықтайтын ОLX сервизінің тұжырымдамасында Қызылорда облысы соңғы қатарда. Біздің облыс орталығы тап-таза болғанымен, аудан орталықтары мен елді мекендер тазалықпен мақтана алмайтыны жасырын емес. Неге? Бұл сұраққа жауап табу оңай емес...

«Тазалық – саулық негізі», «Таза­лық – елдің құты». Табиғатпен етене жақын өмір сүрген ата-бабалардың ұлағатына зер салсақ, тазалық – өмірдің өзегі. Біздің аталарымыз осыны ұстанды да. Бірақ біз неге аманатқа адалдық таныта алмай келеміз?
Біріншіден, біз табиғатпен үй­есімді өмір сүруден алшақтап кет­тік. Екіншіден, қоғамның ортақ мүддесіне, тұрғылықтың жердің тазалығынан гөрі жеке бастың қамына басымдық беріп, эгоистік ниет танытатындар көбейді. Үшіншіден, құлдық санадан толық арыла алмай келеміз.
Әрине, бұл ойымызбен келіс­пей­тіндер көп. Бірақ карантин кезінде әрбір тұрғын өз мекен-жайын, көше­сін таза ұстауы керек-ақ еді. Деген­мен тұрғындар арасында бетперде мен сусынның ыдыстарын және т.б тұрмыстық қатты заттарды көше бойына шашып кете беретініне куә болдық. Әрі кейбіріне дұрыс еместігін ескерттік. Бірақ «не шаруан бар?» деген жауап алып, дағдырып қалдық.
Әсіресе, кенттің орталық көше­лері, қоғамдық орындар, алаңқайлар,  кәсіпорындар аумағы, базар маңында үйдім-үйдім қоқыс қаптап, көзге түрпідей тиеді. Кентті тазарту мақ­сатында көктем-жаз айында тыным­сыз тазалық шаралары жалғасты. Бірақ тазалықшы қауымның еңбегі неге көрінбейді? Тазалықшылар міндетін дұрыс атқара алмай отыр ма? Бұл сұраққа жауапты мекеме мамандары жауап берді.
– Кенттің көгалдандыру және тазалық жұмысы үнемі басты назарда. Кентте 133 көшенің тазалығы 5 секторға бөлініп, аптасына 2 рет тазалық графигі бекітілген. Тұрғын үйлердің 30 пайызы тазалық жарнасын төлеп, кәсіпорынмен келі­сім шарт бекітті. Ал, мекемелер мен кәсіпкерлер субъектілері 100 пайыз тазалық мекемесімен жұмыс жасауда, – деді кент әкімі аппаратының шаруашылық бөлімінің меңгерушісі О.Абдукаримов.
Аптаның дүйсенбісінде – Хора­сан ата, А.Құнанбаев, М.Әуезов, Т.Бигел­­динов, Б.Майлин, Сығанақ, Р.Әбенқожа, Т.Тотаев, А.Файзуллаев, С.Сапарбаев, М.Есболғанов, С.Скен­діров, Е.Қоңқабаев, С.Молда­лиев көшесінің бойына мән беріледі. Сейсенбіде – М.Көкенов, А.Нақыпов, Ақме­шіт, Бостандық, Достық, Қ.Сейт­пенбетов, Б.Байкенжеев, Н.Иля­­лет­динов, Ш.Уәлиханов, Ә.Мәжи­­тов, А.Асанов, І.Сейтенов, Жеңіс ­  көшесі, сәрсенбіде  –  Тәуелсіздік көше­сінен бастап, Е.Әйтпенбетов, А. Байниязов, Қ. Тағаев, С.Құрымбеков, С.Мұсылманқұлов, Н.Ержанов, С.Сұл­тан­мұратов, Ә.Сұлтанов, Қ.Омаров, О.Бидашев, Ипподромның барлық көшесіне, бейсенбіде – Абдолла Алтый көшесінен бастап, А.Аюпов, Ә.Молдағұлова, А.Аблахов, Д.Бай­дүйсен, С.Қошқаров, Оңғарбай, Ордакент, Ү.Мәдиев пен Алдамжар Мұхаммеджанов көшесінде тазалау жұмысы жүреді. Ал жұмада Саяжай мөлтек ауданындағы 12 көшенің қоқысы тазаланады.
Бүгінде кесте бойынша әр аумақта тазалық шарасы өтуде. Мұны «Жаңақорған тазалық» ЖШС мен «Нұр-Шах» тазалық мекемесі атқаруда. Кәсіпорының арнайы көліктері бар. Тіпті сенбі мен жексенбі күні де тұрғындардың өтініші бойынша қызмет етуді де жоспарлапты. Бұл туралы «Нұр-Шах» ЖШС кәсіпорынның басшысы Нұрлан Сәдуақасов айтып берді.
– Он ай бойы тазалықты кесте бойынша тазаласақ та, белгілі жоспармен жүргізсек те тазарып кеткен кент жоқ. Әрбір ісімізді видио арқылы фейзбук желісінде жариялап, еңбекті көрсетіп жүрміз. Тазалап кеткен аймаққа сол күні-ақ, тұрмыстық қалдықтарды шашып, ластап кетіп жатады. Тұрғындар кестеге сай есік алдына қаппен немесе пакетпен қоқысты қойса, тазалық жұмысы жүйелене түсетін еді. Жоқ, біз мусарды әкеткен бойда қайта көшеге шығарады. Сосын графикпен қоқысты әкеткенге дейін көшеде шашылып жатады, – деді кентті тазартуды мақсат еткен кәсіпкер.
Кәсіпкер 133 көшенің белсенді азаматтарымен сөйлесіп, кент таза­лығын екі жақтап насихаттауға кіріскен. Бүгінде 50 көшеге көше комитеті сайланса, 83 көшеде әлі анықталмаған. Бұл да кент тұрғындарын ортақ міндетке ұйыстыруда кедергісін келтіреді екен. Кейбір тұрғындар өз үй-жайынның айналасын ластап, жинауға, көгалдандыруға ниетті емес.
– С.Құрманғазы, Т.Тотев, Хорасан ата, Саяжай аумағындағы көшелер, Мұсаханов көшесінің комитет төрағасы үнемі қолдау білдіріп, өз аумақтарында тазалықты сақтауға атсалысып жүреді. Мұндай қолдау барлық көшеде тарапынан болса, біз ең таза кентке айналатын едік, – деді кәсіпкер.
Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», ардагер ұстаз Серік Мұсабев: «Қазір ауыр кезеңді бастан кешірудеміз. Алайда тазалық мәселесі күн тәртібінен түспеу керек. Деніміздің сау болуы, тіпті індетті жеңуде де тазалыққа жүгінуіміз керек. Менің ойымша тазалық үнемі жинастырылатын емес, ластамайтын жерде сақталады. Көршілеріме осыны насихаттап жүремін», – деді.
Өлекселерге жауапты кім?
Кенттің тазалығын сөз еткенде мысық пен иттің өлексесі туралы айтпай өту мүмкін емес. Жаз айында иісі қолқаны қабатын үй жануарларының қаңқасы көше бойында жиі тасталады. Жанынан өткенде жүрек айнытар көрініске көпшіліктің көзі үйреніп, қалыпты жағдайдай қабылдап, сескене бермейтіні таңғалдырады.
– Күніне 3-4 өлексені көше бойынан кездестіреміз. Тұрғындар сүйреп әкеп бастауды әдетке айналдырды. Біздің мекеменің міндетіне өлексе тазалау ісі кірмесе де тазалап келеміз. Оның қандай аурумен ауырып, неден өлгендігі белгісіз. Иесі де белгісіз. Халық өзін қаншама уақыт қорып, қолында өскен мақұлыққа осыншама қатыгез болғаны қалай? – деп ашынады кәсіп иесі Нұрлан Садуақасов.
Фейсбукте Бибайша Өтеева есімді қолданушы: «Көше камерасы арқылы өліксені кім тастайтынын анықтап, оларды әлеуметтік желі арқылы жариялап, ұялту керек. Сонда өзге де жерлестер көше мәдениетін құрметтер еді», – деген пікір қалдырды. Ал Гүлжаһан Мырзабекова деген желі қолданушы «аямай штраф төлету керек» депті.
Хош! Халықтың әлеуметтік желіде «өлексе тастаушыларға» қарсы екені айқын. Сонда өлексеге жауапты кім? Қорадағы үй жануарларының өлігін қалай жоя аламыз? Біз осы сауалды кент әкімі аппаратының бас маманы Алма Мамироваға қойдық.
– Кентте өлекселерді жою, өртеуге арнайы орын белгіленіп пайдалануға берілген. Егер үй жануары белгілі бір індетпен ауырып, өлетін болса онда оны ветеринария мамандары жою жұмысын жасауы міндетті. Құтырған ит пен мысыққа арнайы мамандар қарастырылған. Оның арнайы ережесі бекітілген. Егер жануар өзі өмір сүруін тоқтатса, онда иесі өліксені көшеге шығарып тастамай, арнайы орынға апарып, жою керек. Біз барынша үй жануарларынның иесін іздетіріп, ескерту жасап, әрекет қайталанса айыппұл салып, шара көреміз, – дейді бас маман.
Жануарлардың өлекселерін жою 4 әдіспен атқарылады. Біріншісіветеринариялық-санитарлық талапты сақтап жою, екіншісі – өртеу, үшінші – биотермиялық шұңқырда жою, төртінші – өлексе қорымында көму. Осы әдісті ветеринария маманы Саттар Қайназаров түсіндіріп берді.
Бірінші әдіс құтырған ит пен мысықтарға, топалаң тиген ірі малдарға қолданады. Егер вирустық ауры болмаса өртеледі. Үшінші әдісте 2 метр шұңқыр қазылып, бөрене ағаштармен бірге өртеледі. Соңғы әдіс біздің кентте жиі қолданлатын әдіс. Жылына өлексе қорымына 30-ға жуық жануар апарылады.
Айтпағымыз, тазалық мәдениеті қалыптаспай, кенттің көрінісі өзгермейді. «Әлем өзгерсін десең, алдымен өзіңді өзгерт» дегендей ең алдымен тазалықты өз тұрағыңыздан бастап, көшенің көркемденуіне күш салған жөн-ақ. Егер қандай да бір қиындық туындаса көше комитетіне, не болмаса 22-6-05 телефонына хабарласып, мәселеңізді айтуға болады.
31 шілде 2020 ж. 668 0