» » Ұлы тілек салтанаты

Ұлы тілек салтанаты

Ата–анасы ұстаздар еді. Бауыр еті баласының жайынан гөрі елдің баласына қалтқысыз білім беру қамымен үйден гөрі түзде көбірек болатын әкелері Арасат Фейзулдаевтың аудан ағарту саласындағы еңбегі ел есінен кете қойған жоқ. Жалындаған жас шағында Бірлік ауылындағы мектепті басқарып, өңірдегі алдыңғы қатарлы оқу ошағына айналдырды.
Ұйымдастырушылық, іскерлік, шешендік қасиеті бағаланып бірнеше жыл Түгіскен партия комитетінің хатшысы болды. Өмірінің соңына дейін орталықтағы №3 мектеп интернатына басшылық жасап, оны «Дарынды балалар» мектебіне айналдырды.

Білімді ұрпақ болашағы үшін түн ұйқысын төрт бөлген ата-анадан ауысқан қасиет болса керек, Фейзулдаев Арасат пен Зәпира Рахманбердіқызынан өрбіген он ұл-қыздың бесеуі бірдей ұстаздық жолды таңдады.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – жа­қын­да ғана «Бастауышта оқыту педа­гогикасы мен әдістемесі» маман­дығы бойынша философия ғылымының докторы (РһД) дәрежесін иеленген Салтанат Арасатқызымен сұхбаттаса отырып біздің түйген ойымыз осындай. Бүгінде шәкірттерге тәлім беріп келе жатқанына ширек ғасыр. Өзін күтіп, сілтідей тынып отырған аудиторияға кіріп келгеннен жан дүниесін ерекше сезім билеп, бойдағы бар жиған–тергенін қайткенде талапты жастың көкірегіне терең еге аламын деген жүректе ұлы тілек салтанат құрар еді. Соның барлығының астарында өз мамандығына деген ақкөз адалдық, биік жауапкершілік, терең махаббат жатыр.
Салтанат Арасатқызы орта мек­­­тепті бітірген соң 1990 жылы Қа­зақтың Қыздар педагогикалық инс­­ти­тутына түсіп, педагогика және психология мамандығы бойынша үз­дік дипломмен бітіріп шығады.
Жоғары оқу орнында алған білі­мін Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы Білім проб­лемалар институтында кіші ғылы­ми қызметкер болудан бастап шың­дауға кіріседі.
Оның бұл жердегі жинаған іс-тәжірибесі кейін, яғни 2004-2005 жыл­­дары М.Өтемісұлы атындағы Ба­тыс Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінде аға оқытушы, 2005-2010 жылдары Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің педагогика және психология кафед­расында аға оқытушы, 2010-2011 жылдары І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жас ерекшеліктер педагогикасы мен психология кафедрасында аға оқытушы қызметін атқаруға алғаш негіз қалаған өмір мектебі. Одан кейінгі еңбек жолын Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Бас­тауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарса, 2016-2019 оқу жылдары І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша докторантурада білім беру гранты бойынша оқып бітірді.
2019 жылдың қыркүйек айынан бастап осы университеттің оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасы аға оқытушысы қызметінде Сал­танат Арасатқызының 6D010200 – “Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі” мамандығы бойынша философия докторы дәрежесін алуға ұсынылған “Жоғары оқу орнында пәнаралық сабақтастықты жүзеге асыру арқылы бастауыш мектеп мұғалімін кәсіби даярлау” тақырыбындағы диссертация өзектілігіне тоқталайық.
Бүгінгі күні білімді модернизация­лауда парадигманың түйінді мәселе­лері саясаттағы, экономикадағы және әлемдік кеңістіктің басқа аймақ­тарындағы динамикалық өзгеріс сұраныстарына жауап бере алатын білім құрылымдарын кіріктірудің тиімді жолдарын іздестіруге бағыт алды. Заманауи білім берудің мәнін түсінуде, оны жаңарту мен ізгілендіру жағдайында оқыту, тәрбие беру мен тұлғаны қалыптастырудың барлық даму сатыларында үздіксіздігін қамтамасыз ететін күш – сабақтастық.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтардағы “Төртінші өнеркәсіптік ревалюция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Халыққа Жолдауында Білім берудің жаңа сапа­сына байланысты “...барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет” деп міндеттеді. Жолдаудағы бұл айтылғандар адами капиталды дамытуға білім беру мекемелері мен оның басқа да субъектілері үшін бағдарламалық идея болып табылады.
Қоғам сұранысына қарай, Қазақс­тан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: “...мұғалімнің кә­сіби құзыреттілігі саласы жаңа тәсіл­дер аясында кеңеюде. Ол пәнаралық және жобалық қызмет, білім беру қажеттіліктері ерекше балаларды интеграциялау” делінген. Бұл өз кезегінде болашақ мамандарды дайын­дауда пәнаралық және интеграциялау қызметтерін міндеттеп отыр. Осыған орай, қазіргі кезде кәсіби даярлық және оның мазмұны мен кәсіби даярлық технологияларымен байланысты сұрақтар үлкен маңызға ие болуда, олар жоғары мектептегі дидактиканың міндеттерінің бірі – оқыту сапасын жоғарылату мәселелесін шешуге жетелейді.
Үздіксіз білім берудің бірыңғай жүйе­сінде өзара байланысқан және бір-бірімен тығыз қарым-қаты­наста тұратын бірнеше сатысы бел­­гілі. Олардың байланысы мен сабақтастығы білім беру мазмұнының толассыз сатылас бірігуі арқылы жүзеге асады, яғни бастауыш, жалпы орта және жоғары білім беру кезеңдеріндегі тұлғаның даму үрдісінің тұрақтылығы, біртұтастығы, үнемділігі мен сабақтастығын қамтамасыз етеді.
Бұл ғылыми еңбек еліміздегі жоғары оқу орны жүйесіндегі бола­шақ мұғалімдерді дидактикалық, әдістемелік, кәсіби тұрғыда дайындау және заманауи технологияларды қолдануға даярлау, сондай-ақ жоғары білім берудегі біртұтас педагогикалық үдеріс теориясы мен практикасының рөлін айқындап, зерттеу жұмысының бағыты мен бағдарын белгілеуге, әдіс-тәсілдерін жаңартуда басшылыққа алатын ғылым-әдістемелік ұсыныстар болып саналуымен құнды.
Жоғары оқу орнында пәнаралық сабақтастықты жүзеге асыру арқылы бастауыш мектеп мұғалімін кәсіби даярлау қажеттілігіне орай ғалым-жерлесіміз зерттеу тақырыбын “Жоға­ры оқу орнында пәнаралық сабақ­тастықты жүзеге асыру арқылы бастауыш мектеп мұғалімін кәсіби даярлау” деп таңдауды мақсат етіпті.
Егер жоғары оқу орнында пәна­ралық сабақтастықты жүзеге асыру арқылы бастауыш мектеп мұғалімін кәсіби даярлаудың теориялық-әдіснамалық негіздері айқындалса, “пәнаралық сабақтастық арқылы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін кәсіби даярлау” ұғымының мәні нақтыланып, компоненттері, өлшем­дері, көрсеткіштері және деңгейлері анықталған, мазмұны мен әдістемесі айқындаған жоғары оқу орнында пәнаралық сабақтастықты жүзеге асыру арқылы бастауыш мектеп мұғалімін кәсіби даярлаудың құры­лымдық-мазмұндық моделі шығар­машылықпен қолдануға бағытталса, онда студенттерді кәсіби даярлаудың тиімділігі артады, өйткені жоғары оқу орнында болашақ бастауыш мектеп мұғалімін даярлау үрдісі қоғам талаптарына сәйкестендіріледі.
Зерттеу мәселесі бойынша отандық және шетел ғалымдарының (философ, психолог, педагогтар) пәнаралық сабақтастық мәселесі, бастауыш мектеп мұғалімін кәсіби даярлығындағы пәнаралық сабақтастық туралы зерттеулері; болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау жағдайындағы зерттеулер; үздіксіз педагогиялық білім беру туралы ресми құжаттар республикалық, облыстық көлемдегі озық тәжірибелер, автордың педа­гогикалық және зерттеушілік тәжі­рибесі, әлемдік деңгейдегі тәжіри­белер нысанаға алыныпты.
Ұстаз – ғалымның Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Жоғары оқу орындарында қызмет жасауының сыры на келсек, оның өмірлік серігі – Беделбайұлы Бақытбектің әскери қызметкер болуымен, Республика Мемлекеттік қауіпсіздік қызметкері ретінде әр облыста жұмыс жасауына орай отбасымен қоныс аудару жағдайлары себеп болыпты. Ал жарының жұмысына орай қазақ жерінің қай бұрышында ұстаздық қызмет атқарса да шәкірт алдына келгенде ерекше шабыттанып, 50 минуттық дәрісті тамаша көңіл-күйде өткізіп, білімгердің тақырыпты терең меңгеруіне ықылас қоятын ол қанда бар қасиеттің қайнарынан қуат алып келе жатқанына сенімді. Оның үстіне шәкірттерінің “Апай, сіздің сабағыңыздың қалай тез өтіп кететінін білмей қаламыз” деп шынайы ниеттерін жасырмайтын жарқын тілек­тері тәлімгер көңілін дәйім қанаттандырып тұратындай.
Жақсы перзент – жан қуанышы. Ұлы Отан соғысы ардагері Омарбеков Беделбайдың немерелері, Бақытбек еке­уінен тараған ұл-қыздары Қолқанат медицина университетінің сту­денті, ал Асылбегі Еуразия ұлттық университетінде оқып жатыр, ал Бегайым 7 сынып оқушысы.
Біз жерлесіміз, ғылым докторы Салтанат Арасатқызына білімді бола­шаққа бағытталған еңбегіңіз жана берсін деген ізгі тілектеміз.


Баян ҮСЕЙІНОВА
14 шілде 2020 ж. 490 0