№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Ғажайып ғұмыр әлемі – мәңгілік муза мәнері

Ғажайып ғұмыр әлемі – мәңгілік муза мәнері

Жақсы әуен – жан сұлулығының жаршысы. Ол сенің көңіліңді көкке көтеріп, рухыңды қанаттандырады. Ақиқат әлемнің есігін айқара ашқан асқақ музамен алпыс екі тамырыңды идіріп, алыс арманға жетелейді.

Туған жеріміздегі дара талант иесі – Құлахмет Нәлтаев ағамыздың «Жан аға» әні бізге музыканың осы бір құдіретін шынайы мойындатты.
«Жан аға» - ұстаз, бірнеше жыл аудан идеология саласын басқарған білікті тұлға Зинабдин Шермаағанбетов ағамызға арналып жазылған ән. Сөзін ақын Адырбек Сопыбеков ағамыз жазған екен. Интернетте жүрген осы әнді алғаш кезіктіріп, сазы мен әуезі әдемі үйлескен сәтті туындыны сан рет сүйсіне тыңдағанымызды жасыра алмаймыз.
Көркем туынды – кез келген көркем жаратылыстың көшірмесі. Симфониялық стильде жазылған «Жан аға» әнін тыңдаған кез келген жан оның негізгі кейіпкерінің жалындаған жастық шағынан бүгінгі ақсақалдық кезеңіне дейінгі өмір көшінің бүкіл сырлы иіріміне куә болар еді. Содан кейін, пенде шіркіннің пешенесіне жазылғанымен жан – жағына нұр шаша алуы да, қара бастың қамынан аспай қу дүниенің құлы болып етекте қалуы да Құдайдың жердегі құлдарының құнты – пейіліне, ақыл – зейініне тәуелді екенін шын түсінер еді.
Тап мына әннің өн бойында біздің санамыздан биік тұрған бір сәуле сан құбылып, симфония тілінде бүтін бір ғұмырдың тұтас табиғатын тербеп,тұла бойымызды толқытқаны сондай, жер басып жүріп те жәннат бағын еркін кезіп, кәусар бұлағынан шөл қандыруға болатынына көзімізді шын жеткізді.
Сөйтсек, жаны сұлу тұлға туралы ғажайып сырдың қиял түкпірінен толқын – толқын төгілген тасқынының айнала дүниені айнадай тазартатын қауқары осындай екен.
Табиғаты егіз қозыдай ұқсас жандардың арман – тілегі , мұрат – мақсаты бір. Оларды бір – бірімен ұдайы жалғап, жаңа үмітке жетелейтін де сол қадір – қасиет.
Саналы ғұмырын ұстаздықтан бастаған, қатарынан үш бірдей білім ордасын басқарып, озық оқу ошағына айналдырумен қатар ауданның руханият саласына жетекшілік еткен жемісті жылдарды артқа тастаған, әлі де көп алдында көсемдік жолынан танбаған ардақты аға туралы жазылған жоғарыдағы әнді тыңдап отырып, неге екенін, менің көз алдыма өз анамның бүкіл өмір жолы елестеді. Анығында, бұл екі кісінің табиғаты бір. Мүмкін, сондықтан, бір-бірін қатты құрметтеді. Екеуі де ағарту саласында қатар тер төкті. Екеуі де мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Екеуі де алдарына жылап келген талайдың жанын жылы сөзімен-ақ емдеп жазды, көзінің жасын құрғатты, алғы күнге үмітін жалғады. Екеуі де ұрпақ тәрбиесін ұлы міндет тұтқандықтан күні бүгінге дейін көп өмірінен бір қол үзбеді. Қандай шарада болмасын қатар жүретін екеуінің аузына қараған көп олардың бір ауыз сөзіне – «айналайынына» ынтық болды. Адамға бәрі жетіп тұрса да азды-көпті еңбегін бағалайтын көптің қошемет, алғысымен қатар үлкеннің батасы, мейір-шапағатының белгісіндей – «айналайын» деген аппақ ықыласы ауадай қажет екен. Сондықтан олардың орны бүгін де ел үшін бөлек десек ешкім дау айта қоймас деп ойлаймын.
«Жан аға» әнін өзім тыңдап қана қоймай анама тыңдатуға соншалықты асыққаным сондықтан еді. Бұл жолы анамның Қызылорда қаласында тұратын ұлының үйіне кеткеніне біраз уақыт болған. Күтуге тағат таппай артынан жеттім. Амандық-саулықтан соң жата-жастана жаңа әнді жақсылап тыңдатпаққа жанына жайғастым. Апам болса ерекше құрмет тұтатын құрдасы туралы ғажайып әнге құлағын тосып, телефон бетіндегі бейнекөрініске құштарлана көз салды. Ал экранда бүкіл өмір жолында адамзаттың көкірегіне білім мен білік, парасат пен пайымды егуден басқа көңіл алаңы болмаған, ақ сөзін сөйлеп, адалын айтудан танбаған аға өмірінің жарқ-жұрқ жастық жолдары, одан ел ағасы дәрежесіндегі еңбегі бедерлене келе ақсақал жасына жеткен шағындағы мейірлі жүзі шуақ шашып тұр еді. Аға маңдайындағы тарам-тарам сызықтарының әрбірі бүгінгі күнге дейінгі тағдыр-талайынан терең сыр ұқтырғандай көңілімізді елжіретті.
Өнегелі өмірден өлмейтін ән туады. Жалпы руханияттың қадірін түсінер баршаға терең рух, телегей-теңіз қуаныш, анамның соңғы күндерінде көңілін шалқытып, жанарына шуақ сыйлай алған құдіретті туындысы үшін оның авторы – Құлахмет Нәлтаев ағамызға рахмет айтпаққа кейін байланысқа шыққан едім. Ол кісі ауруханада жатыр екен. Өзінің де жүрегіне жақын тұтқан бұл жарқын

шығармасының тарихын біршама баяндап берді.
«Жан аға» әні бұдан бұрын, Зинабдин ағай алпыс жасқа толған мерейтойына орай жазылған екен. Бірақ Құлахметтің әніне оранжировка жазған басқа музыкант, ал орындаған Әбдірейім Өміров екен. Әннің ырғағы да, екпіні де бүгінгісінен мүлде бөлек, эстрадалық стильде өрнектеліпті. Мүмкін, сондықтан онда жастықтың батыл да, аңғырт қуаты басым, жарқылы зор, шабыты бөлек. Алпыс деген тал түс шақта ол үлкен жігермен үндескен де шығар.
Одан бері жиырма жыл зулап өте шығыпты. Өмірдің бар белесін артқа тастап, жар қабағына тақаған жолаушы: “Мына дүниенің о шеті мен бұ шетінің арасы қандай екен?” деген сұраққа “Көзді бір ашып-жұмғандай ғана екен” деп жауап берген екен. Бұл жалғанның осынау ащы ақиқатын аяулы ағасына шынайы берілген жүректің мұңы, өнердің шыңы – симфония тілімен өзі қайта жазып шығуды мұрат тұтқан талантты сазгердің кейіпкеріне жарасатын үлгідегі жаңа туындысының тарихы осындай. Әнді орындауға ардақты ағаның бауыры баритон дауысты Олжас Ормахановтың таңдалғаны қандай сәтті болған, жан-дүниемізді қорғасындай балқытқан қоңыр үннің егесі Зинабдин ағайдың тап өзі дерсің. Бәлкім, өмір сабақтастығы деген осы болар.


Баян ҮСЕЙІНОВА
11 шілде 2020 ж. 1 392 0