№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СЫРШЫЛ САЗГЕР САУРАННЫҢ САЗ ӘЛЕМІ

СЫРШЫЛ САЗГЕР САУРАННЫҢ САЗ ӘЛЕМІ

Жер бетінде әннің ырғағы мен мақамын естімеген халық жоқ шығар. Өйткені, өлеңсіз – өмір жетім, әнсіз – жеміссіз. Ал әннің құпия, сұлу, сиқырлы әуезін жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтін дарын.

   Жазиралы Жаңақорған топырағында туылып, талантымен талайды таңқалдырып жүрген үлкен өнер иесі Сауранбек Елеуовтың есімі тек Түркістан өңіріне ғана емес, әнсүйер қауымға «Апатайым анашым», «Бесік жыры», «Айналайын», «Ойыншықтар» сынды әндерімен жақсы таныс. Алдыңғы буын ағалар дәстүрін жалғастырып, әуелетіп әуен жазып, халықты ән құшағына бөлеп жүрген Сауранбек Елеуовтың қай шығармасы болмасын тамаша күймен тыныстатып, сезім сиқырына баурап әкетеді. Міне, осындай сыршыл сазгер, әндері көпшілікке кеңінен тараған Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты, Түркияның Афион қаласының құрметті азаматы, Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің доценті Сауранбек Елеуовтың «Туған жерге тағзым» атты жеке шығармашылық кеші аудандық мәдениет үйінде өтті.
Шығармашылық кештің шымылдығын түрген аудан әкімі Ғалым Әміреев құттықтау сөзін арнады.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-кұрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы бұл бағыттағы жалпыыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады» делінген еді. Расында туған жерге, егеменді елге деген сүйіспеншіліктің барлығы кіндік қаның тамған атақонысқа құрметіңнен басталады. Сондықтанда «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөзді ұстаным еткен жерлесіміз, сазгер Сауранбек Еркінбекұлы ағамыз Пайғамбар жасқа толып отыр.
Бұл күнде композитор жазған әндер тақырыптарының ауқымы кең. Лирикалық сарын, туған жерге арналған әндерді көпшілік ықыласпен тыңдайды. Міне, осындай талант иесінің туған жерге келіп, шығармашылық кешін өткізуі – нағыз патриоттық пейілдің озық көрінісі. Жаңақорғанда туылып, республикаға танылған сазгердің есімін біз қашанда мақтан тұтамыз, – деген ақжарма лебізін жеткізген аудан басшысы Сауранбек Елеуовтың иығына шапан жауып, мерейтойлық мезірет жасады.
Мұнан кейін сахна төріне көтерілген белгілі айтыскер, Түркістан облысының бас ақыны Бекарыс Шойбеков пен жерлес, айтыскер ақын Оразхан Сейілханов сазгер ағасына жүрекжарды сөз маржандарын төкті. Қашанда өзінің ұтқыр тілі, өрелі ойымен өзгелерден оқ бойы озық тұратын Бекарыс Сауранбекке «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» атағының осы уақытқа дейін берілмей жүргенін тілге тиек ете келіп, «Болғанда Афионның құрметті азаматы, Жаңақорғанның жай ғана азаматы», – деп әріптесін жеңіл әзілмен түйреп өтті. Өз кезегінде Оразхан да қарап қалмай: «Болғанда Бексұлтаным ән шынары, Адырбек, Нұрбергендер сөз жебесі, Сауран да ел сыйлаған, бұл күні ән еркесі» деп ағасына арнауын жеткізді.
Қос айтыскердің орамды сөзінен соң, сахна төріне Сауран мен кеш жүргізушісі, тарих ғылымдарының докторы Хазіретәлі Тұрсын жайғасты.
Бірінші кезекте, Хазіретәлі Мақанұлы сазгердің жазған әндері мен оның сырлы әлемі туралы айта келе, мерейтой иесін құттықтаушыларға сөз кезегін берді. Алғаш болып, Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-дің вице президенті, академик Құлбек Ергөбек тілегін білдірді.
– Шын мәнінде Жаңақорған топырағы киелі жер. Оның талантты ұл-қыздары біздің университетте көптеп жұмыс істейді. Әсіресе өнер саласында Сауран, ғылымда Хазірет пен Бақытжан, спортта Әбдіхалық секілді азаматтар осы Жаңақорған топырағынан түлеп ұшқандар. Бұларды біз тәрбиелеген жоқпыз. Оларды тәрбиелеген сіздер – жаңақорғандықтар. Олар тек унирерситет мақтанышы емес, олар Сіздердің, елдің мақтанышы. Бүгінгі Сауран ұлдарыңыздың Пайғамбар жасы 63-ке келген мерейтойы құтты болсын, – деді академик.
Келесі кезекте құттықтау сөз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, сазгер Рамазан Тайманов, «Игілік Ата» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нәсен Қожабаев, «Түркістан қаласының құрметті азаматы», ел ағасы Базарбай Мұсабеков, Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, академик Балғабай Нақыпов, ел ағасы Зинабдин Шермағанбетов, Дәрібай Айдарбеков, аудан әкімінің кеңесшісі Азия Қыстаубаева, кеш иесіне деген жүрекжарды тілектерін жеткізді.

ӘУЕЛЕН ӘН ҚҰДІРЕТІ

Шығармашылық кеште өнер әлемінің маңдайалды майталмандары, талантты өнерпаздар қатысып, Сауранбектің әндерін тамылжыта шырқады. Көпшілік ықыласынан қолдау алған Сауран Еркінбекұлы ақын Махмұтбай Әміреевтің «Сыр – Алаштың анасы», «Ақұйығым» әнін орындаса, ұлы Асыларман, Еркебұланмен қосылып Сәнімкүл Желдербаеваның сөзіне жазылған «Аққудың баласындай көгілдірім» әнін орындады. Сондай-ақ кеш барысында Түркістан қаласынан келген «Жігер» тобы Сауранның «Ғашығым» әнін, ал жергілікті «Экспресс» ансамблі Қуандық Шаңғытбаевтың сөзіне жазылған «Туған жер» әнін нақышына келтіре шырқады. Шығармашылық кештің көркін қыздырған өнерпаздарға жұртшылықтың ықыласы да зор болды. Әрбір орындалған әннен соң, айрықша қошеметін көрсетті.
Әрине, туған жерден түлеп ұшқан сазгерге де деген ізгі-тілегін білдірушілер қатары көп болды. Салтанатты шара соңында ел ағалары Тасболат Төребаев, Айдар Әуезбеков, жеңгесі Гүлханыс Айдарбеккеліні, тілеулес ағалары, журналист-жазушы Нұрмахан Елтай, белгілі әнші-термеші Сәрсенбек Баймағанбетов, әріптес -құрдасы Мәдениет Тотаев, сазгерге шығармашылық табыс тіледі.
Кеш қорытындысында сахна төріне шыққан Сауранбек Елеуов көрсетілген құрмет пен осы мерекелік шараның жоғарғы деңгейде өтуіне тікелей ықпал еткен аудан басшысы Ғалым Әміреевке, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, М.Көкенов атындағы мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева ханымға ризашылығын білдірді.
Иә, ән жазу еріккеннің ермегі емес, ол сандаған күндер мен айлардағы сазгердің жан толғанысының жемісі. Жүректен шығып жүрекке жеткен ән ғана мәңгілік. Ал Сауранның әндері – сол мәңгілік әндер қатарында екені хақ.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
21 қараша 2018 ж. 1 982 0