№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Азаматтық іс жүргізу заңнамасындағы жаңашылдықтар

Азаматтық іс жүргізу заңнамасындағы жаңашылдықтар

2020 жылдың 10 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының замануи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Заңнамаға қандай өзгерістер мен толықтырулар енді, олардың тиімділігі қандай деген сұрақтарға тоқталайық.
Азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері істерді толық және уақытылы шешумен қамтамасыз ету жайлы ережемен толықтырылды.
Сонымен қатар судьяның істі қарау барысындағы белсенділігі артып, қажет болған жағдайда дәлелдемелерді өз бастамасымен алдыртуы көзделді.
Өзгерістерге сәйкес судья тараптармен істің мән-жайын талқылап, олардың құқықтық ұстанымдары мен уәждерін нақтылай алады. Осыған дейін сот істің нақты мән-жайларын анықтау мақсатында өз бастамасымен дәлелдер жинаудан толық босатылып, тек тараптың уәжді өтінішхаты бойынша оған қажетті дәлелдемелерді алуға жәрдем көрсететін. Жаңашылдықтарға сәйкес сотқа тараптың уәжді өтінішхаты немесе өз бастамасымен іс материалдарын жинау және зерттеу бойынша шаралар қабылдап, өз бастамасымен сот тапсырмаларын беріп, дәлелдемелерді жинау өкілеттігі берілді.
Бұл өз кезегінде жоғарыда аталған істерді толық және уақытылы шешумен қамтамасыз ету жайлы азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерінің жүзеге асырылуына септігін тигізеді деп санаймыз.
Өзгерістердің сот жұмысын оңтайландырғанын келесі жаңашылдықтан да байқауға болады. Азаматтық іс жүргізу заңнамасына соттылық ережесіне қатысты енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді соттың анықтаған соттылығымен екі тарап та келіскен жағдайда олардың жазбаша өтінішхаты негізінде істі бір соттың іс жүргізуінен басқа сотқа беру ол туралы ұйғарым қабылданғаннан кейін дереу жүзеге асыралады. Ал осыған дейін қолданыста болған Кодекс ережесіне сәйкес мұндай талап көзделмей, тараптардың қарсы болмауына қарамастан істі басқа соттың қарауына соттылығы бойынша беру туралы ұйғарым заңды күшіне енгеннен кейін ғана іс басқа сотқа жолданатын. Соттылыққа қатысты енгізілген бұл өзгеріс те дауласушы тараптардың уақытын үнемдеп, істің жылдам қаралуына мүмкіндік береді.
Азаматтық іс жүргізу заңнамасына енгізілген толықтырулардың ішінде дауларды соттан тыс шешуге, татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдануды дамытуға басымдық беретін жаңашылдықтар да бар.
Азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттерінің бірі-тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу болып табылса, осы мақсатта азаматтық іс жүргізу заңнамасына талап қою арызын қабылдау бөлігінде толықтырулар енгізілді. Жаңашылдыққа сәйкес татуластыру рәсімдерін жүргізген жағдайда талап қою арызын қабылдау 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатыны жайлы белгіленді. Осыған дейін қолданыста болған заң талабына сәйкес судьялар татуластыру рәсімдерін талап қою арызын қабылдауға көзделген бес жұмыс күні ішінде жүргізуі тиіс болатын. Енді түскен талап қою арызы бойынша судья тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуді он жұмыс күнінде жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Аталған мерзім соттың іс жүргізуіндегі даулардың соттан тыс шешілуіне, дау-жанжалды медиация, партисипативтік рәсім тәртіптерімен реттеуіне немесе тараптардың татуласу келісім жасауына септігін тигізіп, татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы аяқталатын істердің санының артуына үлесін қосады.
Жоғарыда аталған дауды (жанжалды) партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге осыған дейін қолданыста болған Кодекс талабына сәйкес екі тараптың адвокаттары жәрдемдесетін. Енгізілген толықтыруларға сәйкес мұндай мүмкіндік адвокаттармен қатар заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын тұлғаларға да берілді. Енді аталған тұлғалар да дауларды бейбіт жолмен, яғни партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге жәрдемдесетін болады.
Азаматтық процесті оңтайландырудағы тағы бір жаңашылдық-ол іске қатысушы адамдардың пікірін ескере отырып, сот жұмыс уақыты аяқталған соң істі қарауды жалғастыруға және (немесе) шешім шығаруға құқылы. Бұл өзгеріс те іске қатысушылардың уақытын үнемдеп, тиімді пайдалануына, соттың істі уақытылы шешуіне мүмкіндік береді.
Судьяларды қағазбастылықтан, артық сот рәсімдерінен арылту, олардың басты назарын істерді уақытылы қарап, сапалы шешім қабылдауға аудару мақсатында кейбір мәселелерді жеке сот актісін қабылдамай шешу мүмкіндігі де қарастырылды. Осыған дейін судья іс бойынша істі сотта қарауға әзірлік жұмыстарын аяқтаған соң істі сотта қарауға тағайындау туралы міндетті түрде ұйғарым қабылдауы тиіс болатын. Енді ол жөнінде арнайы ұйғарым қабылдау қажеттілігі жоқ, себебі тараптарға сот отырысының өткізілетін орны мен уақыты жайлы хабарлама жолдау жеткілікті. Іс жүргізудің қайта басталғаны, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуден жалпы талап қою тәртібімен іс жүргізуге көшу туралы, талап қою арызын оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау үшін қабылдау туралы да ұйғарым шығару жайлы талаптар алынып тасталды. Талап қою арызын оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау үшін қабылданғаны жайлы тараптарға тек хабарлама жіберіледі.
Осыған дейін Кодексте сот актілерін тараптарға жолдаудың түрлі мерзімі көзделсе, енді бұл мәселе біріздендіріліп, барлық сот актілерін тараптарға жолдаудың 3 жұмыс күні ішіндегі мерзімі белгіленді.
Электрондық сот төрелігін республика соттарына кеңінен енгізіп, қолдану мақсатында электронды құжат нысанындағы дәлелдемелер, электрондық хаттама, сот отырысында техникалық құралдарды пайдалану аясы кеңейтілді. Цифрландыру бағытында іске қатысушылардың сот отырыстарына бейнеконференциялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы қашықтықтан қатысу мүмкіндігі көзделді. Сондай-ақ Кодекс сот отырысында техникалық құралдарды пайдалану тәртібін реттейтін арнайы баппен толықтырылды.
Азаматтық процестік Кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар соттардың жұмысын оңтайландырып, жүктемесін азайтуға, іске қатысушылардың іс жүргізу шығындарын азайтып, азаматтардың сот төрелігіне қол жетімділігін және заң үстемдігін қамтамасыз етуге, электронды сот процестерін енгізуге мол мүмкіндік беруге бағытталғанын нық сеніммен айтуға болады.

Әлия ТҮБЕКБАЕВА
Жаңақорған аудандық
сотының төрағасы
30 маусым 2020 ж. 972 0