№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Білікті дәрігердің жетістігі

Білікті дәрігердің жетістігі

Адам өмірінің сақшысы саналатын ақ халаттыларға алғыс айтылып, құрмет көретіліп жататыны орынды. Қолы жеңіл, айтқан сөзі адам жанына дәру, оған қоса кәсіби біліктілігі биік деп айтылатын теңеулердің абзал жандарға арналуы заңды. Біздің аудандық ауруханада осындай жылы лебізге лайық дәрігерлер көп-ақ. Соның бірі әлемді шарпыған індет кезінде еткен еңбегі еленген аудандық ауданаралық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Тлепбаева Зәуреш.
Саналы ғұмырын адам денсаулығын сақтау саласына арнап, оның ішінде, емдеу ісі бойынша факультетті бітірген кейіпкеріміз аудан орталығында орналасқан №163 мектепті бітірді. Балалық арманының асқар шыңына жету мақсатында Алматы медицина мемлекеттік институтына оқуға тапсырады. Ойдағыдай тәмамдап, артынша Қызылорда қаласында біліктілігін көтеру мақсатында интернатураны тәмамдайды. Гиппократ антына адалдығын отбасында алған тәрбиесімен ұштастыратын абзал жан әкесі Әбдірайым мен анасы Назипаның ұл-қыздарының білім алып, аянбай тер төгуінің жолында еткен еңбегін естен шығарған емес.
Көпбалалы отбасынан шыққан кейіп­керіміздің бауырлары да жоғары білімді, әрқайсысы бір-бір үйдің тірегі. Ол алғашқы еңбек жолын аймақтық дәрігерліктен бастап, аудандық емхананың басшысы, бас дәрігер, терапия бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің емдеуі ісі жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Қазіргі уақытта орынбасарлық қызметті абыроймен атқарып келеді. Ширек ғасырға жуық қызмет жолында медицинаның түрлі саласында тәжірибе жинақтаған ол Әсел және Әнел есімді егіз қызды тәрбиелеп отырған бақытты ана, асыл жар, аяулы әже.
– Дәрігер болу өте қиын, кейде қателесеміз, алайда арты өкінішке апаратын жағдай туындамас үшін сол қателікке жол бермеудің әрекетін жасау керек. Егер жан-тәніңмен бұл мамандықты қалаған болсаң істеген ісіңнен ләззат алуыңыз және жауапкершілікке дайын екеніңізді де білуіңіз қажет. Мен дәрігерлік жолға жайдан жай келмедім. Бірде анам қатты ауырып, ауруы жанына батып бірнеше отаны бастан кешірді. Сонда алдыма «мен дәрігер боламын» деген мақсат қойдым. Міне сол арман-тілегім орындалып, жұмысымды атқарып келемін, – дейді Зәуре Тлепбаева.
«COVID-19» пандемиясы Қазақстанды да айналып өтпеді. Дер кезінде қабылданған шешімнің арқасында дәрігерлер төтенше жағдай кезінде барын салып еңбектенді. Тұрғындарға сақтық шараларын қолға алуы жөнінде ескертпелер айтылып, бұқаралық ақпарат бетінде сала мамандары дабыл қақты. Осылайша билік вирустың таралуын тежеудің барлық амалын жасады. Осы жолда күн-түнімен санаспай карантиндік режимде отбасынан алыстап, халық денсаулығы жолында аянбаған дәрігерлер марапат биігінен көрінді. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі атынан «COVID-19» пандемиясымен күрес шараларына атсалысқаны үшін Зәуре Әбдіреймқызы «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
– Ұжымның, барша әріптестерімінің маған сеніп артып, осындай дәрежеге көтергені мен үшін үлкен мақтаныш. Бұл марапаттың жөні бөлек, жолы бөлек. Адамның денсаулығы ешқандай байлықпен бағаланбайды, сондықтан бұндай құндылықты кез-келген дәрігер атқара білу керек. Аудан дәрігерлері дәл осы жолда еш аянып қалған жоқ. Өмірлерін қатерге тігіп, халық саулығы үшін барын салды. Еңбектері еленді, – дейді білікті маман.
Оның сөзінше, дәрігердің үш қаруы бар. Ол – сөз, өсімдік және пышақ. Оның ішінде, сөз дәрігердің бірінші қаруы. Адамға сөзбен сенім сыйлау өмірдегі ең құдіретті құбылыс. Дәрігердің жылы сөзі мен мейірімді мінезі кез келген дерттің емі деп ойлаймын. Сондықтан медицина саласының мамандары ешуақытта жеткен дәрежеден тоқталып қалмау керек.
Бұл күні өзге де медицина саласының майталмандары марапатталып, еңбектерінің өтеуін көрді. Төгілген тер нәтижесі дәрігерлердің кәсіби біліктілігін, қабілетін, емделушілерге қызмет көрсетудегі ұмтылысы мен еңбегіне жол ашатынын тағы бір байқатты.

Лаура БИБАСАРОВА


20 маусым 2020 ж. 1 232 0