№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қашықтықтан оқытуда бастауыш сынып ұстаздарына ауыр түсуде

Қашықтықтан оқытуда бастауыш сынып ұстаздарына ауыр түсуде

   WhatsApp-та «мектебімді, сыныбымды сағындым» деп кіршіксіз көңілмен жолдаған өспірімдердің бейне жолдауы шарлап жүр. Иә бастауыштың партасында оқитындар сыныбын, сыныптастарын сағынатыны анық. Олар жоғары сынып оқушылары сынды телефон арқылы байланыса бермейді. Ең ауыры, қашықтықтан оқытуда бастауыш сынып ұстаздарына түсуде. Сондай ұстаздың бірі №209 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жадыра Заманова.
Оның жұмыс күні әдеттегіше таңғы сағат 8-де басталады. Бірақ қазір шәкірттерін құшақ жайып қарсы ала алмайды. Тек смартфонның арғы жағынан «группада барсындар ма?» деп әр қайсысының желіде бар-жоғын түгелдейді. 22 баланың қолына смартфон алып, көгілдір экран алдына жайғасып, сабақ бастауға әзір екеніндігінен хабардар болғаннан кейін көңілі жай табады. Бұл екі аптадан бері оның күнделікті өмір дағдысына айналды. Техниканың тілін ұққан балғындар бұл жүйеге де төселіп қалды. Бұған ұстазбен тілдескенде көз жеткіздік.
– Балалар қашықтықтан оқу процесін қалай қабылдауда?
– Әрине 1 сынып болғандықтан, алғаш­қы аптада қиындықтар орын алды. Тіпті ұстаздардың өзінде мұндай тәжірибе жоқ. Алайда қазіргі балалар заманауи технологияға бейім ғой. Қазір балалар да алғашқы күндегідей емес, түсінді. Таңмен таласып, сабаққа қызыға кіріседі.
– 30 минут уақыт баланың сабақ­ты меңгеруіне жеткілікті ме?
– Бұл оңы мен солын әлі ажыратып үлгермеген балғындар үшін аздық етеді. Өткен сабақты пысықтап, жаңа сабақ түсіндіру біршама уақытты қажет етеді. Сұрақ-жауап арқылы баланың қабілетін ашпаса, өттім-біттім деп атүсті қарауға да болмайды. Әсіресе бастауыш сыныбындағы қаланған білім баланың әрі қарай дамуына бірден-бір бағдар. Балалар сабақты түсінген не түсінбегенін бағдаршам түстері арқылы білдіреді. Сол белгі арқылы қабілеті төмен балалармен жеке-жеке жұмыс жасаймын.
– Қашықтан білім беру жүйесінің артықшылығы барма? Кемшіл тұстары қандай?
– Әрине мектептегі білім беру мен бұл жүйені салыстыруға келмейді. Әсіресе бастауыш сыныпта өзіндік қиындықтары бар. Мәселен, 6-7 жастағы ойын баласы тез жалығады. Оның сабаққа ынтасын көтеруде кері байланыста болу маңызды. Қашықтан оқытуда қиындықтар бар. Қандай қиындықтар болмасын балаға сапалы білім беруге тырысамыз. Өйткені бастауыш сыныпта алған білім оқушының бағыт-бағдары болады.
– Қашықтан оқыту ауыл баласына қаншалықты қиын?
– Ауыл не қала баласы деп бөліп-жаруға болмайды. Ол баланың қабілеті мен қабылдауына байланысты. Сыныбымда 22 оқушы бар. Интернет барлығына қолжетімді. Жүз пайыз сабаққа қатысып, белсенді болып отырады. Қашықтан білім алуда баланың сабақ үлгерімі төмендемесе де, физикалық дамуы артта қалуы мүмкін. Сондықтан сабақ барысында сергіту сәтіне уақыт бөліп отырамын. Өзім түрлі бейнероликтер жіберіп, балалармен бірге жаттығулар жасаймыз.
– Дәстүрлі білім беру мен қашықтан оқыту барысында бала­ның сабақ үлгерімінде айырма­шылықтарды байқадыңыз ба?
– Бір қызығы, мектепте сабақ үлгерімі төмен шәкірттерімнің белсенділігі ар­тып, кері байланысқа асығып тұрады. Бұған сабақты бірге орындайтын ата-ананың ықпалы бар деп ойлаймын. Ал үздік оқитын оқушылардан мұндай бел­сенділікті байқамадым.
– Енді өзіңізге ойыссақ. Ұстаздық жолға қалай келдіңіз?
– Ұстаз болу бала күнгі мұратым-тұғын. Мектепті үздік бітірдім. Ерте жастан отбасы құрып, ол кезде жоғары білім алуға мүмкіндік болмады. 2001 жылы жолдасымның келісімімен Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік уни­верситетінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Майра ҒАНИЕВА
19 сәуір 2020 ж. 1 452 0