№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сауда орындары шекті бағаға бағынуы керек

Сауда орындары шекті бағаға бағынуы керек

   Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопыбеков «Арман» мәдениет үйіне сауда орындары мен наубайханалардың иесін жинады. Ондағы мақсат – 2020 жылғы 21 наурызында Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасын белгілеу туралы №133 Қаулысын түсіндіру.

– Сауда және интеграция министрі, Ауыл шаруашылығы министрі, Ұлттық экономика министрі төтенше жағдай кезінде «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағасын енгізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойды. Бұл бойынша 9 түрлі азық-түлік тауарының бағасына шекті баға белгіленді. Соған сәйкес, бірінші сортты бидай ұнының 1 келісі – 154 теңгеге, нан (1 келілік) – 143 теңге (бірінші сортты ұннан жасалған 500 грамдық бидай наны – 71,5 теңге), макаронның (рожки) 1 келесі – 197 теңге (өлшеніп салынған барлық атаудағы рожки жатады) болып белгіленді. Қарақұмық жармасының 1 келесі – 294 теңге, күріштің 1 келісі – 251 теңге, сиыр етінің 1 келісі – 1760 теңге (сиыр етінің сүйекті жауырын – төс бөлігі жатады) сатылады. Сондай-ақ тауық жұмыртқасы (10 дана) – 286 теңге (1 санаттағы барлық жұмыртқа жатады), күнбағыс майының 1 литрі – 414 теңге (бөтелкедегі барлық түрдегі май жатады), ас тұзының 1 келісі – 47 теңге бағаланды. Сауда орындары шекті бағаға бағынуы керек. Олай болмаса 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айыппұл салынады, – деді Ғалымжан Жарқынбекұлы.
Соңғы айда Қазақстанның азық-түлік тауарларына деген сұранысты талдау нәтижесінде бұл тауарлар ең көп сатылатыны анықталды. Соған байланысты, жылдың басынан бастап дәл осы азық-түлік бағасы өсті. Мұны аудандағы сауда орындарынан да байқауға болады.
– Нұр-Сұлтан қаласында талапқа бағынбаған екі супермаркет иесіне айыппұл салды. Қызылорда қала­сындағы сауда орындары әлеуметтік тағамдар полкын жасақтап, Үкімет талап етіп отырған негізгі тауарларды қойды. Қазір Қызылорда қаласында бөлке нанның бағасы 65 теңге. Бізде 85-90 теңге. Неге? Бұған не себеп? Сыр өңірінде электр жарығына төленетін тариф бірдей, ұнның бағасы бірдей. Бірақ бізде қымбат. Осыны бірлесе шешу үшін сіздерді шақырып отырмын, – деді әкімнің орынбасары.
Аудан әкімдігі жанына сауда орын­дарын аралайтын комиссия мен мобильдік топ құрылды. Кәсіпкерлерге шекті баға белгіленген 9 өнімнің бағасын тұрақты ұстауы тиіс. Енді негізсіз бағаның өскені анықталса мобильді топ баянат (рапорт) жазып, фото және бейне-есеп жасап, айыппұл салу үшін комиссияға өткізеді.
Расында коронавирустың салда­рынан азық-түлік түрлері қымбаттап барады. Мұны реттемесе халыққа ауыр тиеді. Сондықтан Үкімет нақты талап қойды. Енді кәсіпкерлер қалтаның пайдасы ғана емес, халықтың қамын да ойлауы тиіс. Бұл дегеніңіз, әлеуметтік азық-түлік өнімдерін шекті бағадан асырмауы тиіс. Бөлке нанның бағасы 71 теңге белгіленсе, соған бағыну керек. Мұндай ойды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ақылбек Жәнібеков ортаға салды.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов: «Бізде көп жағдайда тұтынушылар құқығы назардан тыс қалып жатады. Нан жабатындардың арасында келісі толық емесі көп. Соны ашып көрсетуіміз керек. Сыр өңірінде нанның ең қымбаты біздің ауданда. Қиын-қыстау кезде халыққа қарасу керек. Осыған дейін Үкімет кәсіпкерлерді қорғап келді, әлі де жан-жақты жағдай жасай береді. Сондықтан халыққа қарай бұрылайық, қолжетімді баға белгілейік», – деп ойын түйді.
Бұған наубайхана иелері де өз уәжін білдірді. Абдулбасит Ибрахимовтың сөзінше, наубайхананың ғимаратын 150 мың теңгеге жалдайды, оның үстіне, ай сайын электр энергиясына 110 мың теңге төлейді. Ұн қымбаттап барады. Егер нанды арзандатса, өз-өзін ақтай алмайды. Мұндай пікірді Ғалия Тұрабаева да қолдап отыр.
– Үкімет наубайханаға қажетті ұнның маркасын арзан бағаға жеткізіп берудің жолын ұсынып отыр. Қандай ұн керек екенін айтыңыздар. Ұнның сол түрін жеткізіп берейік. Бірақ нанның бағасын арзандатыңыздар. Олай болмаса, шара көруге тура келеді, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Айта кететіні, Сауда және интеграция министрлігі BTS компаниясымен бір­лесіп «карантин кезеңіндегі тауар қауіпсіздігі» web-платформасын әзір­леді (www.dosmart.kz). Платформа онлайн режимде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын мониторингілеуге және әрбір өңірдегі қоймалардағы осы тауарлардың қал­дық саны туралы мәліметтерді көру­ге мүмкіндік береді. Бұл азық-түліктің уақтылы аймақаралық ағынын қамта­масыз етуге мүмкіндік береді.
Платформаға деректерді жергілікті атқарушы органдар да, өндірушілер де, көтерме сатушылар мен ритейлерлер де енгізе алады. Сонымен қатар, дүкендердегі бағалар туралы ақпа­ратты қарапайым сатып алушылар да бере алады. Яғни халықтың бағаның шарықтап кетпеуін бақылауына жол ашылды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
18 сәуір 2020 ж. 789 0