№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тізгіндеудің жолы – үйде отыру

Тізгіндеудің жолы – үйде отыру

Сыр өңірінде «COVID-19» инфекциясын жұқтырған адамдар саны артуда. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметовтің сөзінше, 26 науқаспен 643 адам байланыста болған. Жаңақорған ауданында 16 адамнан вирустың белгілері анықталса, олармен 87 адам байланыс жасаған. Демек вирусты жұқтырғандар саны әлі де артуы мүмкін. Осыған байланысты Жаңақорған ауданы 1 сәуірден 15 сәуірге дейін карантинге жабылды. Қызылорда облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Алия Абдикаимова, денсаулық сақтау басқармасынан Олжас Искаков және аудан әкімі Сұлтан Мақашов бөлім басшыларын шұғыл жинап, алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.

Штаб отырысын ашқан аудан басшысы алдымен аудандағы ахуалды түсіндіріп, тәртіпті қатаңдату керектігін баса айтты.
– 2020 жылдың 1 сәуірі сағат 00-00-ден бастап 14 тәулікке карантиндік режим енгізілді. Жаңақорған кентіне 4 жерден өткізу посты қойылды, аудан орталығына кіруге және шығуға шектеу қойылды. Тек ауданға азық-түлік және жанар май т.б белгіленген тауар ғана тиісті құжаттарымен кіреді. Енді азық-түлік сататын дүкендер барлық санитарлық дезинфекциялық талаптарды сақтай отырып, сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін, дәріханалар мен жанар-жағар май бекеттері тәулік бойы жұмыс жасайды. Қоғамдық және такси көліктері тоқтатылды. Темір жол вокзалынан 2 сәуір сағат 00.00-ден бастап жолаушылар транзитпен өтіп, Шиелі станциясына тоқтайды. Ол жақтан тиісті фильтрден өтетін болады. Көшеде барлық көліктердің, тұрғындардың ретсіз жүрістері шектеледі. Балалардың ата-анасынсыз шығуына тиым салынады (себепті жүрулерден басқа). Дүкендерге реттілікпен қорғаныш маскаларымен ғана кіре алады. Тұрғындардан карантин режимін сақтауды заңмен талап етіледі. Тәртіпті сақтау бойынша полиция және шекара қызметі әскерінің құрамдары күшейтілген жағдайда тәулік бойы патрульдік кезекшілікте жұмыс жасайды, – деді Сұлтан Ысқақұлы.
Әкім Қызылорда қаласынан қажетті азық түрлері келуден қиындықтар болмауы тиіс екенін және азық-түлік бағасын қатаң қадағалауды қатаң тапсырды.
Жасыратыны жоқ, елде төтенше жағдай жарияланып, қиындық туған кезде, ар-намысты емес пайданы ойлағандарды кездестірудеміз. Мұндай пиғылды ірі сауда үйінің иелерінен көрдік. Олар уақытша жауып, халық әбігерге түскенде қайта ашып, тауардың бағасын күрт өсірді. Бұған байланысты да аудан әкімі қатаң ескерту берді. Бірақ кәсіпкерлер құлқының құлы болса, оларға дауа бар ма?! Енді тауардың келуі күрделенсе, баға қалай болады екен?!
Ең бастысы, мұндай күрделі уақытта вирусты ауыздықтау үшін сақтық шараларын сақтап, қоғамнан оқшаулану маңызды. Алия Абдикаимова қосымша күш облыстан арнайы келетінін жеткізді:
– Бізге қазіргі кезде індеттің таралып кетпеуіне жол бермеуіміз керек. Оның бір ғана жолы бар, ол – үйде отыру. Сондықтан құқық қорғау саласына үлкен жүк артылады. Полицейлер тұрғындарға тәртіпті бұзбауға шақыру міндетті. Егер бағынбаса, қатаң түрде жазалау керек. Сонда ғана бұл індетті алдын ала аламыз. Ал тауарлар, әсіресе медициналық дәрі-дәрмек, маска, қолғап және басқа керек-жабдықтарды мүмкіндігінше ауданға жеткізуге тырысамыз, – деді сала маманы.
Полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеевтің айтуынша, Түркістан ауданымен шектесетін Бесарық және Көктебе ауылдық округі маңына санитарлық блок-пост қойылды. Жаңақорған кентіне келетін жолдар жабылып, төрт блок-пост іске қосылды. Одан бөлек, аудандық ауруханының жұқпалы аурулар бөлімшесі мен санитарлық пункт ретінде белгіленген Жаңақорған агро-техникалық колледжінің жатақханасына бір-бір бекет қойып, полиция қызметкерлері кезекшілікпен қызмет етуде. Жаңақорған кентінде 177 көше бар. Оның бәрін бақылауда полиция бөлімінің 75 қызметкері жетпейді, қосымша күш керек.
Азық-түлік мәселесі мен құқық қорғау саласының қауқары белгілі болды. Ал науқастардың жайы қалай?
– Індет жұқтырғандар дәрігер­лердің бақылауында, тиісті ем-домын жасауда. Ашығын айтқанда, жағдай мәз емес. Сондықтан алдын алу шараларына баса мән беру керек. Егер бас ауырып, маза кеткен жағдай болса жедел хабар бергені абзал. Әсіресе індет жұқтырғандармен байланыста болғандар тест тапсырудан қашпаса екен. Егер белгісі басталып келе жатқан болса, онда оны емдеу жеңіл болады, – деді ауданның бас дәрігері Яхия Шорабаев.
– Дәрі, төсек орын жеткілікті ме? – деді аудан әкімі.
– Әзірге жеткілікті. Бірақ дәрігерлерге қосымша сақтық құрал-жабдықтары қажет, – деді бас дәрігер.
– Жетеді деп қарап отыруға болмайды, күн сайын індет жұқтырғандар саны артып келеді. Мен облыс әкімімен үнемі байланыста отырмын. Керектеріңізді айтыңыздар, – деді әкім.
Шыны керек, аудандағы ахуал ушығып, вирус жұқтырғандар саны арта түсті. Соған байланысты карантинге жатушылар саны да күрт өсті. Осындай қысыл-таяң шақта Жаңақорған Шипажай басшысы Бақытжан Абдуллаев қол ұшын созуға уағдаласып, демалыс орнын карантин орталығына берді. Жаңақорған аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шынар Айдароваға да аудан әкімі жұмысты жылдамдатуды тапсырды.
– Карантиндегі тұрғындарды мүмкіндігінше бір күнде қан құрамын анықтап, күдікті ештеңе байқалмаса үйлеріне жіберіңіздер. Жата беретін болса, сол жерде вирус жұқтырып алуы мүмкін. Сондай-ақ зауыт, өндіріс орындары жұмысын тоқтатпауы тиіс. Оларға да ескертілсін, сақтық шараларын барынша сақтаулары тиіс. Тағы да қайталап айтамын, азық-түліктен шектеу болмасын, екіншіден, тұрғындардың үйде отыруын қадағалау керек. Бізге адам өмірі маңызда, – деп ескертті аудан әкімі.
Дәл қазір сақтансаң, сақтайды қағидасын ұстанып, үйде отыру керек. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: «Оба аруы (жұқпалы індет) орын алған уақытта қандай-да бір кісіні сабыр және үмітпен үйінде отырса және анығында (тағдырына) Алланың жазғанын ғана білсе, оған шейіттің сауабындай сауап беріледі» деген.
Құрметті жерлестер, үйде отырып, індеттің алдын алайық!

Әлібек ТЕМІРБЕК

04 сәуір 2020 ж. 534 0