Президент Жолдауы: Депутаттар екі аптада 155 кездесу өткізді

Соңғы екі аптада Құрылтай депутаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында еліміздің барлық өңірінде 155 кездесу өткізді. Оларға 18 мыңға жуық адам қатысты. Кездесулерге өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары, аграрлық сала өкілдері, педагогтер, медицина қызметкерлері, кәсіпкерлер, ғалымдар, студенттер және қоғам қайраткерлері қатысты. Талқылауда экономиканы дамыту, әлеуметтік жаңғырту, құрылыс және технологиялық жаңарту мәселелері көтерілді.
Өңірлердегі кездесулерде Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасына ерекше назар аударылды. Депутаттар бұл жобаның мақсаты тек жаңа нысандар салу емес, өңірлердің қажеттіліктеріне сай инфрақұрылымды кешенді жаңарту екенін түсіндірді. Атап айтқанда мектептер мен ауруханаларды, спорт және мәдениет нысандарын салу, жолдар мен коммуналдық желілерді дамыту мәселелері сөз болды.
Кәсіпкерлермен және IT саласының өкілдерімен кездесулерде инвестиция тарту, отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және әкімшілік кедергілерді азайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектіні экономиканың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін құрал ретінде қолдану жайы қозғалды.
Бұдан бөлек, білім беру сапасы, ғылымды дамыту, сұранысқа ие мамандар даярлау, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктері сөз болды. Аграрлық сала өкілдерімен кездесулерде фермерлерді қолдау, ауыл шаруашылығын жаңғырту, өнім өңдеу және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері көтерілді. Энергетика саласында жаңа генерация қуаттарын арттыру, электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу және тұрақты энергиямен жабдықтау жайы талқыланды.
Жастармен, қоғам және ғылым қайраткерлерімен, мәдениет пен спорт өкілдерімен кездесулерде азаматтық жауапкершілік, қоғамдық келісім, ұлттық құндылықтар, шығармашылық бастамалар мен бұқаралық спортты дамыту мәселелері де қамтылды. Кездесулер барысында қатысушылар депутаттар мен орталық мемлекеттік органдар өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, өңірлердегі өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.




