Соңғы жаңалықтар

№83 (8996) 3

03 қараша 2026 ж.

№82 (8995) 29

29 қазан 2026 ж.

№81 (8994) 24

24 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ – ҚОҒАМ ҮНІ

ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ – ҚОҒАМ ҮНІ

Бірде сынып жетекшіміз тәрбие сағатында бізге «Егер сендерге өмірлеріңді өзгертетін бір мүмкіндік берілсе, қандай таңдау жасар едіңдер?» деген сауал қойды. Әр оқушы әртүрлі жауап айтты. Бірі жақсы маман болуды, енді бірі ата-анасын қуантып, елге пайдалы азамат атануды армандайтынын жеткізді. Ал ұстазымыз сол сәтте бізге «Осы армандарыңа жету үшін ең алдымен өздеріңді жаман әдеттерден аулақ ұстауларың керек. Өйткені бір сәттік қызығушылық кейде тұтас өмірге әсер етуі мүмкін», – деді.
Ұстаздың осы сөзі мені көп ойландырды. Расымен біз яғни, жастар елдің ертеңіміз. Бүгін мектеп партасында отырған әрбір оқушының болашақта өз орны, өз арманы, өз мақсаты бар. Біріміз дәрігер, біріміз мұғалім, енді біріміз инженер немесе кәсіпкер болғымыз келеді. Бірақ сол армандарға жетудің басты шарты – денсаулықты сақтау, дұрыс таңдау жасау және өз болашағымызға жауапкершілікпен қарау.
Осы орайда, қазіргі қоғамды алаңдатып отырған күрделі мәселелердің бірі – нашақорлық пен есірткіге тәуелділік. Есірткі – тек жекелеген адамның тағдырына ғана емес, тұтас отбасы мен қоғамның болашағына қауіп төндіретін кесел. Әсіресе жасөспірімдердің оған әуестенуі – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі.
Кейде әлеуметтік желілерден есірткінің зияны туралы түрлі бейнероликтер мен ақпараттарды кездестіреміз. Онда бір сәттік әуестікпен өмірін өзгертіп алған жастардың тағдыры баяндалады. Бірі достарының сөзіне еріп, бірі қызығушылықпен байқап көргісі келіп, енді бірі өміріндегі қиындықтардан қашып, осындай қауіпті жолға түскен. Бірақ олардың ешқайсысы сол таңдаудың соңы қандай болатынын бастапқыда толық түсінбеуі мүмкін.
Менің ойымша, жасөспірімдер үшін ең қауіптісі «Бір рет байқап көрсем, ештеңе болмайды» деген жаңсақ түсінік. Өйткені есірткі адам ағзасына ғана емес, оның ойлау қабілетіне, мінезіне, психологиялық жағдайына да кері әсер ететіні анқы. Уақыт өте келе адам өзіне, жақындарына және айналасына деген жауапкершілігін жоғалтуы мүмкін. Оқу үлгерімі төмендеп, бұрынғы армандары мен мақсаттары екінші орынға ығысады. Ең өкініштісі тәуелділік адамның өз өмірін басқару мүмкіндігін әлсіретеді.
Бірде сыныптастарымызбен үзіліс кезінде осы тақырыпта әңгімелестік. Бір досым «Есірткіге тек өмірден жолы болмаған адамдар ғана барады деп ойлайтынмын. Бірақ қазір оның кез келген ортада, кез келген жастың өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін түсіндім», – деді. Шынында да, нашақорлық адамның әлеуметтік жағдайына, отбасына немесе білім деңгейіне қарап таңдамайды. Сондықтан әрбір жасөспірім сақ болуы керек.
Қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілердің мүмкіндігі артқан сайын, жастарға төнетін қауіп те жаңа сипат алып отыр. Кейбір адамдар әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдерді түрлі заңсыз әрекеттерге тартып, есірткі таратуға немесе жеткізуге үгіттеуі мүмкін. Мұндай ұсыныстар бастапқыда оңай ақша табудың жолы секілді көрінгенімен, оның соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелуі ықтимал. Сондықтан бейтаныс адамдардың күмәнді ұсыныстарына сенбеу, жеке мәліметтерді бермеу және заңсыз әрекеттерден аулақ болу – әрбірімізге міндет.
Мен тоғызыншы сынып оқушысы ретінде мұндай мәселелерді тек ересектердің міндеті деп есептемеймін. Біз де өз ортамызда есірткісіз қоғам қалыптастыруға үлес қоса аламыз. Ол үшін ең алдымен білімімізді арттырып, зиянды әдеттерден аулақ болып, достарымыз бен артымызлын ерген іні-қарындастарымызға дұрыс бағыт көрсете білуіміз керек.
Сонымен қатар, есірткісіз болашақ қалыптастыруда отбасының да орны ерекше. Ата-ананың балаға көңіл бөлуі, оның ішкі жан дүниесін түсінуі, күнделікті әңгімелесуі – көптеген келеңсіздіктің алдын алуға көмектеседі. Кейде бала өз мәселесін ата-анасына айта алмай, сырттан қолдау іздеуі мүмкін. Сондықтан үлкендер бізді тек бақылап қана қоймай, тыңдай да білуі қажет. Ал біз, жастар, ата-анамыздың сенімін бағалап, өзімізді толғандырған сұрақтарды олармен ашық талқылаудан қорықпауымыз керек.
Мектеп қабырғасында өткізілетін тәрбие сағаттары, кездесулер, спорттық жарыстар мен түсіндіру жұмыстары да маңызды. Осындай шаралар арқылы біз есірткінің зияны туралы көбірек біліп, оның адам өміріне тигізетін зардабын тереңірек түсінеміз. Дегенмен мұндай жұмыстар тек белгілі бір күндермен шектелмеуі тиіс. Салауатты өмір салты әр адамның күнделікті әдетіне айналуы қажет.
Біздің елімізде де өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауға ерекше мән берілуде. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқықбұзушылықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы күрес, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында түрлі жұмыстар жүргізілуде. Осындай игі бастамалардың нәтижелі болуы тек мемлекеттік органдарға ғана емес, әрбір азаматтың белсенділігіне байланысты.
Меніңше, есірткісіз қоғам құру үшін ең алдымен әр адамның санасында өзгеріс болуы керек. Біз есірткіні тек заңмен тыйым салынған зат ретінде емес, адам өмірін, арманын, болашағын бұзатын үлкен қауіп ретінде түсінуіміз қажет. Жастарға сенім артып, олардың білім алуына, спортпен айналысуына, шығармашылықпен дамуына жағдай жасау да осы мақсатқа жетудің маңызды жолы. Ал дәл қазіргі уақытта бізге салаутты өмір салтын ұстану үшін барлық жағдай жасалған. Біз жастар осы мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек.
Бір сәтке болашақты елестетіп көрейікші. Әрбір жасөспірім өз арманына сенімді қадам басатын, ата-анасын қуанышқа бөлейтін, қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өссе қандай керемет. Елімізде есірткіге байланысты қайғылы оқиғалар емес, білім мен жетістіктер туралы әңгімелер айтылса, жастар бос уақытын зиянды әдеттерге емес, спорт пен өнерге арнаса – нағыз жарқын болашақтың көрінісі болар еді. Мен дәл осындай қоғамда өмір сүргім келеді. Ол үшін әрқайсымыз бүгіннен бастап өзімізге жауапкершілікпен қарауымыз керек. Себебі болашақ өздігінен қалыптаспайды. Оны бүгінгі әрекетіміз, тәрбиеміз, біліміміз және таңдауымыз жасайды.
Иә, есірткісіз болашақ – тек ұран емес, баршамыздың ортақ мақсатымыз. Әрбір жас өз өмірінің қадірін біліп, жаман әдеттерден аулақ болып, жақсылыққа ұмтылса, қоғам да өзгереді. Бізге есірткі емес – білім, зиянды әдет емес – спорт, бос арман емес – нақты мақсат керек. Өйткені біздің болашағымыз – өз қолымызда. Ендеше, есірткісіз өмірді таңдап, жарқын келешекке бірге қадам басайық.

Садықбек Сапарбеков атындағы 125 орта мектептің 9 «А» сынып оқушысы Нұрсұлтан Өміржан
02 қараша 2026 ж. 43 0