Депрециямен күресудің жолын білесіз бе?
Егер сіз уақыттың қайда кететінін білмесеңіз, ұйқыңыз, қаншалықты ерте жатқанмен, ешқашан да қанбаса, сабақ оқуға ынтаңыз жоқ болып, айналаңыздағы достарыңыз сізді түсінбей жүрсе, сүйетін жартыңыз сізге ренжулі болса, оның үстіне соңғы кездері қашан көңіл-күйіңіздің жоғары болып, күлгеніңіз есіңізде болмаса, барлығына да жауап біреу - сізде Қысқы ДЕПРЕССИЯ!
Соңғы кездері депрессия ауруы, психолог мамандарының айтуы бойынша, адамдар арасында ең жиі кездесетін аурудың түрі. Ол адамның жүйке жүйесін қоздыртып, бойының сергектігін өзіне «сорып» алады. Соның нәтижесінде адамды айналасындағы жаңалықтар қызықтырмай, жалғыздық сезімі жаулайды. Оның үстіне жүргізген тәжірибелерге көз жүгіртетін болсақ, депрессия уақытында адам қара түсті киімдерді киіп қана қоймай, айналасын да қара түске жамылдырады. Мысалы, үйінде терезелерді пердемен жауып қоюға тырысады, не болмаса салған суреттері өте қайғылы болады.
Депрессия неден пайда болады?
Жауап берейін. Ол қыс мезгілінің келуімен тікелей байланысты. Себебі бұл уақытта қараңғы ерте түседі де, адамның миына «ҰЙЫҚТАЙТЫН КЕЗ КЕЛДІ!» деген сигнал жіберіледі. Соның арқасында адам жиі есінеп, ағзасы ұйқыға дайындалады. Ал сигнал түскен уақытта, адамның ұйықтауға мүмкіншілігі болмағандықтан, ол оқу орнында, не жұмысында салғырт, баяу, былжыр адамның кейпіне айналады.
Оның шешу жолдары.
Әрбір адам өз тәсілдерін қолданады. Біреу, киім дүкендерін аралаумен «емделсе», екіншісі қатты музыканы қойып, билеп «емделеді». Бірақ, бұл тәсілдер біреуге көмектессе, екіншісіне көмектеспеуі де мүмкін. Сол себептен, барлық адамдарға ортақ, шын мәнінде пайдасы бар тәсілдерді мен арнайы сіздер үшін іздестірген едім.
1. Ең алдымен, адамның дем алысын реттеп алған жөн. Себебі бұл миға оттегінің жеткілікті келуі мен қан айналымының жақсаруын жүзеге асырады. Сондықтан далаға шығып, әрбір 4 қадамға дем алып, келесі 4 қадамға ауаны шығармай, тағы келесі 4 қадамға ауаны жіберу керек. Келесі 4 қадамда тағыда дем алмайсыз. Осы жаттығуды өте жиі қайталап отырған дұрыс.
2. Тағы бір маңызды жаттығу, ол сіздің отыратын бөлмеңіздегі барлық заттарды таза аппақ түсті жамылғымен жауып, сонда екі-үш сағаттай отыру қажет. Бұл жүйке жүйесінің қалпына келуіне ықпал жасайды.
3. Тағы бір кеңес, жоғары ватты жарық лампаларға ақшаңызды аямаңыз. Және терезелерді пердемен жаппаған дұрыс. Бөлмелеріңізде жарық неғұрлым көп болса, соғұрлым миыңызға келіп түсетін сигнал әлсірейді де, сіз қайтадан бойыңызға сергектігіңізді қайтарып аласыз.
4. Бұл тәсіл ең қиын да, ең нәтижелі де болып табылады. Себебі жастық шақты еске алуға тура келеді. Жан-достарыңызды шақырып, саябақта дәстүрлі «классики», «тығылмақ» ойындарын ойнауға болады. Не болмаса өзіңізбен бірге қағаз, түрлі-түсті қарындаштарды алып, қыдырып жүрген адамдардан «кім қанша сурет салдыртып ала алады екен» деген өзара жарысқа да түсуге болады.
Бұның барлығы адамның шеберлігіне байланысты. Бірақ, ең бастысы – ол қол қусырып отырмау. Депрессия тымау сияқты физикалық көзге көрінетін ауру болмағанымен, оның ағзаға тигізетін зияны екі-үш есе артық болады. Себебі ДЕПРЕССИЯ – ЖАН АУРУЫ. Оған немқұрайлы қарауға болмайды.
Сондықтан, жоғарыда айтылған кеңестерді есіңізде сақтап жүрсеңіз, айналаңызға да қызығушылығыңыз артады, достарыңызбен де оңай тіл табысасыз, махаббат майданында да жаңалықтар өзін көп күттірмес...
Айгүл ЖАМАЛОВА