№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қуат беретін қымыздың емдік қасиеті

Қуат беретін қымыздың емдік қасиеті

Қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішінде қымыздың емдік қасиеті ежелден белгілі. Ғажайып сусын мың бір дертке дауа. Ауруға ем, сауға қуат беретін қымыздың емдік қасиеті медицинада дәлелденген. Төрт түліктің төресін күтіп баптап, қымыз ашытуды кәсіп еткен жайылмалық Орынбек Қалмырзаев сусынның қасиеті жайлы айтып берді.

Қымыздың қасиетіне байланысты ел арасында түрлі ырым-тыйымдар сақталған. Соның бірі ішілмей қалған қымызды төгіп тастау күнә деп санаған. Қымыздың құрамында адам ағзасына қажетті көптеген дәрумендер бар. Оның бұлай болу себебі де белгілі. Ол жылқы малының тазалығы мен құнарлыны таңдап үзіп, өзіне тән ерекше қасиетін сақтауында.
– Көктем келіп, бие құлындаған уақытта алдымен «қымызмұрындық» дәстүрі бойынша үлкендердің батасын аламыз. Әрі қарай қымыз ашытуға кірісеміз. Биенің ашытылмаған сүтін саумал дейміз. Саумалдың өзі көптеген ауруға ем. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартып, күш қуат береді. Тәбет ашатын қасиетке ие. Қымыздың бабы пісу мен сапыруға байланысты. Бабы келген қымыздың дәмі бал татып, қасиеті арта түседі. Қымыз сақталу уақыты мен сапасына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Бал қымыз, сірге жияр қымызы, уыз қымыз, сары қымыз сынды бие малының жасына байланысты атаулары да өзгере береді.  Ол өкпе аурулары, қан айналым жүйесіне, құрт ауруларына және жалпы иммундық жүйені жақсартуда бірден бір ем, – деді Орынбек аға бізбен әңгімесінде.
Қымыздың емдік қасиеті медицина саласында дәлелденгенін айттық.Енді соны тарқата баяндасақ, ашыған қымыз  бүйрек пен бауыр жұмысын жақсартып, қанайналымын реттейді. Буын аурулары мен жүйке жүйесі, бас және бауыр аурулары, ұйқының қашуы, асқазан-ішек жаралары сияқты созылмалы ауру түрлерін алдын алу мен емдеуде таптырмас қасиетке ие. Сонымен қатар өкпе туберкулезі мен жүрек қантамырлары аурулары мазалаған науқастарға антибиотиктермен байланыстыра отырып емшаралар жүргізуге болады.
Ертеректе аналарымыз шала туған сәбиді бие сүтімен өсірген деседі. Бұл оның пайдасы ана сүтінен кем емес екендігін көрсетеді. Осы қымыздың пайдалы қасиеті оның сақталу жолына да байланысты. Сабада сақталған қымыз емдік қасиетін толықтай сақтайды. Орынбек Қалмырзаев саумал, қымыз ішуге келген адамдарға алдымен дәрігерге қаралып анализ таптыруды кеңес береді екен.
– Дәрігерлер қандай да бір емшара жүргізбес бұрын анализ тапсыртатыны секілді мен де келуші клиенттерге үнемі осыны ұсынамын. Сонда әр адам денсаулығында қандай өзгеріс болатынын көре алады. Қымызды алғаш ішкенде іштің өтуі қалыпты жағдай. Сол арқылы үшкі құрылысты тазарады. Айта кету керек қымыз, саумалды балық өнімдерімен бірге тұтынуға болмайды. Бұл денсаулыққа кері әсерін беруі мүмкін, – дейді ол. Қымыз ішкенде адам дене салмағына қарай ішуі маңызды. Яғни салмағыңыз жоғары болса көбірек ішкен пайдалы. Сондай-ақ қымыз сәбилердің тісінің шығуында және ағзада кальций жетіспеушілігін алдын алуда пайдасы мол. Мұны медицина мамандары да жоққа шығармайды.
Ел арасында ұлттық сусынның емдік қасиетімен түрлі ауруынан айыққан жандар жиі кездеседі. Осындай жайт өзімнің көз алдымда болды. Бірнеше жыл бұрын сары аурумен екі рет ауырған анама дәрігерлер гепатит деген диагноз қойды. Анализ қорытындылары да соны растады. Бие сүтінің осы ауруға ем екенін біліп, анама саумал бердім. Аллаға шүкір, бүгінде аурудан құлан таза айықты.
Біз қымыздың емдік пайдалы қасиеттеріне тоқталдық. Ал енді оны қандай жағдайда ішу денсаулыққа кері әсерін беретіні жайлы аз-кем ақпар бере кетсек. Қан қысымы жоғары адамдарға бірден көп мөлшерде ішуге болмайды. Сонымен қатар мамандар 80-90 жастағы қарияларға қымыз ішуге кеңес бермейтінін Орынбек ағамыз айтты.
Қорыта айтқанда, құрамы пайдалы дәруменге бай ұлттық сусынымыздың өндірісін қолға алатын уақыт келді. Ата кәсіпті жандандырып нәсібін тауып жүрген жандарға қолдау керек-ақ. Биыл қымызға субсидия беріледі деген ақпарат бар. Рас болса алдағы уақытта толыққанды жазатын боламыз.

 Майра ӘБДУӘЛІ
22 наурыз 2020 ж. 1 288 0