» » Қазақтың қасиеті – тектілігінде емес пе?

Қазақтың қасиеті – тектілігінде емес пе?


Шексіз-шетсіз ғаламда алуан түрлі тағдыр бар. Әркімнің түр-түсі, таңдауы да әр қилы. Дегенмен соңғы уақыттарда қоғамда болып жатқан жағдайларға зер салсаңыз ойыңыз сан-саққа жүгіріп, белгісіз бір күй мазалайтыны анық.


«Қоқыстан сәби табылды», «алты бірдей баласын тастап анасы хабарсыз кетіпті», «балаларын өз қолымен жетімдер үйіне өткізді» осы сынды тағдыры ұқсас жағымсыз жаңалықтарды көгілдір экраннан, әлеуметтік желіден тіпті өзімізді қоршаған ортадан күнделікті ести-ести, етіміз үйренді.
Бір сұмдығы, тоғыз ай құрсағында көтеріп, жүрегімен жүрегі қатар соққан шарананы туған шешесінің тәрк етуіне не жарық? Безбүйрек аналардың көбеюіне кім кінәлі? Мұндай сұрақтарды шешетін құзырлы орындар емес, оның шешімін әркімнің санасы мен жүрек төріндегі иманына тапсырудан басқа шараң жоқ.
Осы мақаланы жазуыма шарасыздыққа тірелген бір ер азаматтың жағдайы себепкер болды. Бір бүтін бас біріктіріп сенген жары бауыр еті балаларын тастап, көше кезіп, қызық қуып кете барған. Қатал тағдыр сынына төзген балалары да бүгінде анасын іздеп еміренбейтін сыңайлы. Иә есін біліп, ақ пен қараны танып қалған балғын жүректер анасын аңсайды-ау, тек масаң күйде дүкен жағалап жүрген адасқан жанды анам деуге арланады екен.
Қоғамда мұндай ойсыздықтар аз емес. Айтпағым, сонау тоқырау, соғыс жылдарында да қиындықтар болды. Алайда соғыс зұлматында небір жесір қалған аналарымыз аппақ арына кір жуытпай «әйел қырық шырақты» деген аталы сөзден аттамай ар-намысын таптатпай, ұрпағына қорған болды. Ал бүгінгідей жағдайға жеткенімізге кімді кінәлаймыз? Сол заманнан көріп жылы жауып қоя берсек, келешегіміз күңгірттеніп кетпейтініне кім кепіл? Мұның бәрі тәрбиеге келіп тірелетіні сөзсіз. «Бүгінгі қоғамда ер мен әйел тең тұруы керек» деп ділмәрсуына да табиғаттың өз дәлелін араша етсек дейміз.
Өзі тұл жетім, 29 жастағы алты баланың анасының тағдыры мені бей-жай қалдырмады. Балалар үйінде ата-ана мейірімін көрмей өскен ол кәмелет жасқа толар-толмаста алып қашудың құрбаны болады. Ата-ене не жардың жылуын сезінбей, жетімдігін бетіне басып құрсағындағы сәбиімен өзектен тебеді. Ақыл айтар жан жоқ, барар жер басар тауы қалмай әр істің басын шалып, аяққа тұруға талпынған қадамының бәрі сәтсіздікке ұрына береді. Ақырында ажырасып тынады. Күндер өтіп өзімен тағдырлас жанға жолығып жылаулы өмірі қуанышпен жақсылықпен жалғасты. Жылдар өте жолдасы есірткіге құмар болып жиған-тергенін соған жұмсап, үйіндегі барлық дүниесін сатып жібереді. Бала-шаға далада қалады. Жетімдіктің дәмін татқан жанның тағдыры осылай жалғасты. Алайда балаларын тастамай, жетілдіруге барын салып келеді. Мұны енді жазмыш деуге болар.

Хош. Заман өзгерді, соған сай адам өзгерді деген сыныққа сылтау болар сөз де дайын. Ата-бабамыз қызды қырық үйден тыйып, барған жеріңе тастай батып, судай сіңуін қалады. Алайда бұл дәстүр бүгінде өз құндылығын жойған секілді. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ қоғамдағы қолдан жасалған тағдыр тауқыметіне қалай көз жұмып отыруға болады? Жанұя бақытын, тыныштығын сақтайтын алғы шарттарды жастар тұрмақ ақыл айтып үлгі берер алдыңғы буынның өзі ұмытып барады. Қит етсе қызына үйге қайт деп қоңыраулатып отыратын ата-ананы ортадағы бала тағдыры мүлде ойландырмайтындай. Бейкүнә сәби қолдан жасалған жетімдіктің күйін кешіп, көкірегі шерге толып өсетінін неге ескермейміз?
Бауыржандай бүтін елге үлгі болған батыр бабамыздың келіні Зейнеп Ахметова: «Қыздары тексіз елдің іргесінен ырыс кетеді. Толысы төгіледі. Тұнығы шайқалады. Ұрпағы жөйтіп, жүнжиді. Ел болып, қазақтың сан ғасыр сарабынан өтіп келе жатқан қасиетімізді сақтаймыз десек, алдымен қыздарымызды, ертеңгі болашақ аналарды тәрбиелеуіміз керек» деп ел тұтқасын өмірге алып келер қыз баласының тәрбиесін басты назарды ұстаудың маңыздылығын сөз етті.
Бұдан түйгеніміз, қыздың ар-намысы – ұлттың намысы екенін ұмытпаған жөн. Отбасының ынтымағы, өміршеңдігі мемлекеттің бет-бейнесі. Сондықтан да шағын мемлекетіміздің іргесі берік болуына қоғам болып жанашырлық танытуымыз керек.

Майра ӘБДУӘЛІ

11 наурыз 2020 ж. 549 0