» » Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлы «Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» деген. Өміріміздің мәні мен сәні саналар ұрпақ тәрбиесін қолдан шығаруға болмайды. Осы орайда отбасындағы тәрбиені біліммен ұштастыратын сәбилердің мекені балабақшалар ахуалы айрықша назарда. «Еркетай орталық» балабақшасы ауданда алғаш жұмысын бастаған жеке мекеме. Осы балғындар мекенінің тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік.
Мектепке дейінгі білім беру мекемесі 2009 жылдың 10 қазанында ашылған. Бөбекжайда бүгінде үш топта 75 бүлдіршін тәрбиеленеді. Құрылтайшысы Нұржан Әмірбековтың әуел бастан әр қызметкерге қоятын талабы – заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеремін деген педагог біліктілігін ұдайы дамытып отыруы тиіс. Осы бағытта оларды өз қаражатымен курстарға жіберуге ынталылық танытып отырады екен.
– Исламда бала тәрбиесіне өте қатты мән берген. Балаға тәрбие мен білімді қатар беру біздің парызымыз. Білім беру стандартына сай оқу қызметтеріміз үш тілде жүргізіледі. 3Д, 4Д, «Тәй-тәй» технологиялары осы үштілділікті дамытуда үлкен маңызға ие. Сондай-ақ «Көлеңке», «Қуыршақ», «Саусақ», «Үстел үсті» театрларында балалар тәрбиешілермен бірге рөл сомдап, ой-қиялдарын дамыта алады. Бұл олардың қол маторикасын, ой-өрісін кеңітіп, сол ертегі кейіпкерлері арқылы жақсы мен жаман қасиеттердің аражігін ажыратуға бейімделеді. Баланың жақ-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған, – дейді бөбекжай меңгерушісі Гүлмира Сүлеймен.
Тәрбиенің түп тамырын ата-ана қалыптастырса, тәлімгер оны әрі қарай дамытуға күш салады. Балғындар мекенінде логопед, психолог, ағылшын және орыс тілі, ән-күй мамандары балалармен күнделікті жұмыс жасайды екен. Әсіресе тілінде мүкісі бар, кейбір әріптерге жаттықпаған балалармен жеке айналысатын логопед маманы сұранысқа ие. Арнайы жаттығулар арқылы баланың тілін иекемдеп, сөздік қорын жетілдіре түсетін логопед маманы Лаура Акрамқызының бұл тақырыпта айтары көп. Бұл сәби бойындағы ақаулықтың орнын толтыруда ақылы орталықтар қызметіне жүйелі жүгінуді қалтасы көтермейтін жандарға жасалған үлкен мүмкіндік екені анық.
– Балабақшада стандартқасай жұмыс жасау керек деген қатып қалған қағида жоқ. Оқу қызметінде дәстүрден тыс тәсілдерді пайдалана отырып, қайталанбас бейне жасауға ұмтылыс бар. Мәселен, таңертеңгі сергіту сәті, түрлі драма үйірмелерінің күнделікті оқу қызметіне әсері үлкен. Аналар мерекесіне шашу ретінде екі тілде «Үйшік» ертегісіне әзірленудеміз, – дейді әдіскер маман Гүлбақыт Жартыбаева.  
Балабақша басшылығы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жеңілдіктер қарастырған. Оның ішінде ай сайынғы төлемақының 50 пайызын төлейтіндер де, тегін қамтылған отбасы балалары да бар. Бұл ғибраттың ел болашағын бизнес көзіне айналдырып отырған кейбіреулер үшін өнегелік жағы басым. 
Мектепке дейінгі тәрбие мекендерінің осындай ізгілік қағидаларынан қалыс қалмағаны қуантады.
Майра ӘБДУӘЛІ
01 наурыз 2020 ж. 595 0