Ізгілік ұясында ілгерілеу бар
Қазірде балалар мекеніндегі оқу-тәрбие қызметінің күрделене түскеніне кез-келгеніміз куә болып келеміз. Осы жөнінде қойған сауалымызға аудан орталығындағы дәстүрлі тәжірибесі қалыптасқан «Меруерт» бөбекжай жеке балабақшасының әдіскері Сәуле Күнқожаева былай деп жауап берді:
– Жаңа технологияның өмірімізге дендеп енуі кішкентай бөбектеріміздің де қабылдау, түйсіну, ой қорыту қабілет-қарымына әсер еткені сондай олардың көңілін аулап, зердесін бұруда бала бағбандарына үлкен ізденіспен жұмыс жасауына тура келеді. Осы бағытта балабақшамызда баланы қызықтырудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру, қатынас саласын дамытып, шығармашылығына, денсаулығына, танымдық деңгейіне айрықша көңіл бөлінуде. Әсіресе ата-анамен байланыс мәселесі өзекті. Өйткені толыққанды жеке тұлғаны қалыптастыруда ынтымақты жұмыс жасауға тиіспіз, – дейді.
Осы тәрбие ошағында өткен «Таным» білім беру саласы бойынша «Табиғат әлемі» тақырыбында өткен аймақтық семинарға қатысушылар ортаңғы топта «Бір және нөл» тақырыбында сабақ өткізген Керімқұлова Күләштің іс-тәжірибесімен танысса, Айгөлек ересек тобында Жаратылыстану оқу қызметі бойынша «Біздің өлкеге қыс келді» тақырыбында өткен тәлімгер Ысқақова Жауһардың ашық сабағы өтілу деңгейін ой-таразысымен салмақтауға мүмкіндік алды.
Балғындарымыздың бала жастан тұтас табиғаттың тілін түсініп, болмысын тануда жан-жақты ақпарат алуына мүмкіндік беретін пәндерді кірістіре оқыту процесінің алғышарттарын айқындаған аталмыш оқу-тәрбие ордасының ізденімпаз тәрбиешілері Керімқұлова Күләш, Ысқақова Жауһардың өткен сабағына жоғары бағасын берген аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие әдіскері Тұртанова Фатима осы тұрғыдағы жаңашылдықтардың өзге балалар мекенінде кең қанат жаюына тілектестігін білдіріп, жоғары сапалы, жаңа мазмұнға бағытталған еңбектері үшін Гүлмира Нәбиева басқарып отырған балғындар ұжымына ризашылығын жеткізді.
Баян ҮСЕЙІНОВА