Қазақ қызы расымен тауар ма?
Талай жыр мен өлеңге арқау болған сұлулығымен, әдепті сөзімен, зерек ойымен есімі тарихта қалған қаракөздеріміздің өнегесі өміршең. Артық туған қылығымен елді таңдай қақтырған жаратылыс иесі – қыз баласын бетінен қақпай өсіріп, тәрбиелеген. Ұлт үрдісіне көлеңке түсірген мына бір көрініс – қазақ қызын тауарға теңеген аға буын өкілінің сәтсіз сөзінің салдары көптің сыни пікіріне ілікті. Мәселені тарқатып айтсақ.
Әлеуметтік желілер бүгінгі қазақ қоғамының шарайнасы іспетті. Соларға қарап қандай мәселелер қозғалып, талқыға салынып жатқанын білуге болады. Соның ішінде қазір қызу талқыға түсіп жатқан «Қазақ қызы тауар ма?» деген мәселе басты тақырыптың біріне айналап отыр.
Кезінде ата-балаларымыз қыз баланы гүлге, күнге теңеп, қыздың орны төр екенін нұсқап келген. Ал қазіргі заман қыздарының қадірі бір тиын болғаны ма? «Қызда береке бар» деп төрінен түсірмеген, алайда құндылығын бір-ақ сәтте тауар ретінде санап, сатуға бейімделіп алғанға не деріңіз бар? Бұлай деуге дәлеліміз болсын, Абайтанушы, Шәкәрімтанушы, философ ретінде танымал Омар Жәлелдің ұлттық арнадағы «Niet» бағдарламасында «Сүйгенді табу оңай ма?» тақырыбында айтқан: «Біз қазір әрбір қазақ отбасында жау қызды тәрбиелеп отырмыз. Неге? Өйткені қыз – тауар. Ал ата-ана сол тауарды өткізуі керек» деген сөзінен қандай ой түйуге боларын білмей далмыз. Оның сөзінше, қыз баланың уақытында тұрмысқа шықпағанына ата-ана кінәлі және отырып қалған қыздарды әр отбасының жауына теңеген де осы кісі болды. Ал ең сорақысы қоғам қайраткері өз қызына да тауар ретінде қарайтыны көңілге кірбің ұялатты.
Осы орайда Омар Жәлелді жақтағандардан гөрі пікіріне қарсы келгендер саны көп болды.Жақтағанның бірі қоғам белсендісі Ермек Құрманғалитегі фейзбуктағы өз парақашасында: «Жәлел ағамыздың «Қыз бала – тауар, оны өткізе алмаған ата-ананың кінәсі» деген сөзімен толығымен келісемін. Қыз деген қонақ. Ерте ме, кеш пе өз теңін тауып құтты ұясына қонуы керек. Қызының көркем мінезіне, өнері мен біліміне, инабаттылығы мен биязылығына, бір сөзбен айтқанда тектілігіне сенімді әке қызын қайдағы бір желөкпе жігітке немесе жібекті жүн қылатын ененің қолына ұстатып жібере салмасы анық. Қыз тауар деген осы!», – деген сипатта жазба қалдырған. Демек, оның ойынша Омар Жәлелдің сөзінің жаны бар.
Сұлулық пен пәктікті, биязылық пен инабаттылықты бір бойына сіңірген хас сұлу, қазақ қызын қорғауда да жазылған пікірлер аз емес. Мәселен, «Қыздың өмірлік мақсаты амалдап тұрмысқа шығу емес. Адам ретінде бақытты болу. Ата-ананың да ойы сол. Бірақ бауыр еті баласын тауарға теңеген бұл кісінің пікірі дұрыс емес» десе, «Қыз бала болсын, ұл бала болсын екеуі де тұлға. Мұндай ортағасырлық көзқарасты қою керек. Европа елдерінде болса осы айтқан сөзі үшін сотталып кетер еді. Өзім Омар Жәлелұлын жақсы танитындықтан осы сөзді басқа мағынада жеткізгісі келген болуы керек деген ойға келдім» деген қоғам қайраткерімен жақсы таныс достарының да пікірін көз шалды. Ал Әділет Мұсахаев деген жерлесіміз «Бұл кісі қазақта әсте сатылмайтын құнды дүниелер барын ұмытқан сияқты. Ең бастысы өзі айтып отырған тауар анасы екенін естен шығармасын» деп жазса, осы пікір астында тағы бір тумамыз «Ағамыз тек қыздарға қатысты ғана емес, жігіттердің жауапкершілігі жөнінде де жүйелі ой қозғаса» депті. Осылайша жалғасып кете береді.
Қазақтың қызы кезінде аттың да құлағында ойнады. Қолына найзасын ұстап жауға да шапты. Қанды шайқаста қолына қару алып, кеудесiн отқа да, оққа да тосқан Әлия, Мәншүктеріміздің орны бір төбе. Желтоқсан оқиғасында нағыз жанқияр ерлікке барған да солар. Олардың бойынан темiр тұлпардың тiзгiнiн меңгерген төзімділік те мынау ердің жұмысы деп қарап тұрмайтын қайсарлықты да көріп жүрміз. Олар осымен қатар отбасы – ошақ қасының да ұйытқысы.
Бүгiнгi қыздарымыз да осал жандар емес. Бiрi – ұшақтың тiлiн меңгерiп, әуеде қалықтаса, бiрi – әскерде сап түзеп, қорғаныс шебiнде жүр. Ендi бiрi – iшкi iстер саласында форма киiп, ел тыныштығын ойласа, ендi бiрi – шекарада қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде. Елдiң бiрлiгi мен салауатын ойлаған осындай қыздарды тауарға теңегені сіздіңше дұрыс па?
«Қыз – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» деген сөз тегін айтылмаса керек. Өйткені оны «барым, нарым, арым» деп бағалаған. Әрине, ұрпақ тәрбиесіне ата-ана жауапты. Мәселен, табиғат-анаға да күтіммен қараймыз. «Шыбықты қалай ексең, солай өседі» дегенде сөз бар. Сол секілді «тәрбие – тал бесіктен» басталатынын бала сәттен болашаққа дұрыс бағдар беруде қолдану керек. Бірақ қыз баласына сатылатын тауар ретінде қарауы қазақ елінің ұлт болып қалыптасуына үлкен кедергі.
Қалай дегенмен де қоғамда салмағы бар ағамыздың болашақ ананы, ұлт айнасы саналар қыздарымызды тауарға теңегені ар-намысымызды аяққа таптағанмен бірдей болды. Осы бірауыз сөз «қыз, ана, әйел» ұғымының ер-азаматтар алдында бір тамшы қадірі қалмағанын сездіргендей. Осы тұрғыда сіз не айтар едіңіз көзі қарақты оқырман?
Айгерім Әмитбек