Түтіні түзу шыққан шаңыраққа шаттық ұялайды
Мемлекеттің баға жетпес құндылығы – отбасы. Осындай бағытта балалар мен әйелдерге көмек көрсетуге жұмыс жасайтын «ЮНИСЕФ» ұйымының мүшелері Жаңақорған ауданында болып, аудан бойынша потронаждық қызметтің атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты.
Біздің елімізде 1995 жылы 5 мамырдан бастап іске кіріскен аталмыш ұйымның басты бағыты – ана мен баланың денсаулығын сақтау, бастауыш білім беру ісін жетілдіру, олардың құқығын қорғауға бағытталған. Қор «Арал теңізі: региондық және техникалық көмек жобасы» атты кешенді шараларды ұйымдастырып, аймақ тұрғындарына көмектесуде көптеген жұмыстар атқарып келеді. Аталмыш жобаның мақсаты Қызылорда облысы өңіріндегі аудандардың өзекті мәселелерін шешуге демеу болу.
Қазығы қадалғанына ғасырға жуықтаған әлемнің 190-нан аса елінің балаларына жүрек жылуын сыйлап келе жатқан ұйым – ЮНИСЕФ-тің Бас Ассамблеясы балаларға көмек көрсету үшін тұрақты ұйымға айналған. Бүгінде әлемнің ең нашар топтарына көмектесетін қор ел мен аумақта тындырымды жұмыс атқарып келеді.
ЮНИСЕФ мамандарының қатысуымен өткен жиынға аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Мейірхан Оспанов төрағалық етті. Оған Әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат жөніндегі аудан әкімінің кеңесшісі Роза Исаева, кент әкімі аппаратының бас маманы ГүлданаӘбдірейімова және басқа сала мамандары қатысты.
Келелі кеңесте әрбір бала үшін тең мүмкіндікті қамтамасыз етуде Қазақстандағы ЮНИСЕФ Ұйымының кеңесшісі Лариса Семеновна мен облыстық ресурс орталығының меңгерушісі Жұмажай Абенова және Азербайжан елінен келген делегаттар аудан тұрғыны, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген көп балалы ана Н.Қ-ның жағдайымен жан-жақты танысты.
Күн тәртібінде қаралған отбасының жағдайын әлеуметтік қызметкер Құрбанкүл Ашимова таныстырды. Оның сөзінше, бұл азаматшаның жолдасы ІІІ топ мүгедегі. Отбасында 4 бала бар. Оның екеуі мектеп жасында болса, қалған екеуі балабақша жасындағы балалар. Жолдасының мүгедектікке байланысты алатын табысы және көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыдан басқа табыс көзі жоқ. Отбасы енді кішкентай бөбектерін балабақшаға орналастыруды және өзін тұрақты жұмыспен қамтуға тілек білдіріп отырғанын жеткізді.
Осы орайда сала мамандарының ұсыныстары ортаға салынып, жан-жақты талқыланып, нәтижесінде көпбалалы ана тұрақты жұмыс табылғанша қоғамдық жұмысқа алынатыны айтылды. Сондай-ақ, бүлдіршін екі перзентін де бір айдың ішінде балабақшаға орналастырып беруді мойнына алған тиісті бөлім қызметкерлері тарығып отырған отбасының төбесін көкке жеткізер көмекке негіз болды.
ТҮЙІН. Иә, отбасы мәселесі шешілген қоғамда жанұя жарасымына жол ашылады.
Лаура БИБАСАРОВА