Арақтан бас тартқан қос ауылдың тынысы
Жақында әлеуметтік желіде «Түркістан облысында мүлдем ішімдік сатылмайтын ауыл бар» деген ақпарат желдей есті. Қатты қуандық. Нақтырағы, Жетісай ауданының Алмалы елді мекенінде алкогольді сусын сатуға тыйым салынған. Ауыл ақсақалдарының бастамасын елді мекеннің бүкіл халқы қолдап, ішімдікпен бірлесіп күресуге кіріскен.Осы жаңалықты оқи сала 30-ға жуық елді мекені бар Жаңақорғанның ауылдарын назарға ілдік. Әуелі Қыр беткейді бетке алдым. Сосын төмен қарай түстім. Таптық. Бір емес, екі бірдей елді мекен. Әуелгісі Сыр беткейдегі Өзгент деген ауыл. Тарихы Сығанақ, Сауран қалаларымен тағдырлас. Мән-жайды білмекке ауыл имамы Халилла қожамен тілдестім. Имамның айтуынша,төрт-бес жыл алдын молдасы бар, ақсақалы бар дүкен-дүкенді жағалап, сайтансудың сатылмауын насихаттаған. Нәтижесінде ішімдік дүкен сөресінен ығысып, жекенің қолында жасырын саудаға жол тартыпты. Онысын учаскелік полицейге ескертіп, оның да жолын кесіпті. Осылайша, қазір бірнеше жылдың жүзі болды бұл ауылда арақ мүлдем сатылмайды.Өзге ауылдарға Өзгентті үлгі ету керек. Жақсылық жұғысты келеді. Бәлкім, арақ сатылмайтын ауыл қатары арта түсер. «Ақиқатында шараптың шарапатынан гөрі, кесапаты көп. Бұл берекесіздіктің барлығы Жаратқанға мойынсұнбаудың салдары. Ойланып, ой жүргіртіп, қымыз-қымыранды қолға алатын қоғам қалыптасса қандай тамаша. Бақытты да баянды ғұмыр кешудің төте жолы–Тәңірдің тыйғанынан тыйылып, бұйырғанын бұлжытпай орындау емес пе? Өзгент ауылының тұрғындары бұл бастаманы 4-5 жылда баянды етіп, үлгі болып отыр. Алла Елшісі (с.а.у.) - арақ жасауды талап еткен; арақ жасаған; арақты тасыған; сатқан; сатып алуды талап еткен; сатып алған немесе сыйлық еткен; сатқанынан пайда көрген; ішкен; арақ ішкендермен бірге отырғандарға қарғыс» болатынын хадисте айқын айтқан. Бұл өзгенттік имам Халилла қожаның сөзі. Шынында Өзгент ауылының бастамасы бүгінде барлық ауылдарға тамаша үлгі.
ҚАТАРҒА ҚЫРКЕҢСЕ ҚОСЫЛДЫ
Әлгінде айттық жақсылық жұғысты келеді. Сыр беткейдегі екінші елді мекен – Қыркеңсе ауылдық округі. Жақында ғана ауыл әкімі Тәттімбет Әбдреймов бастап, ауылдық қоғамдастық төрағасы Төлегенов Құлманов қостап, ауыл ақсақалдары мен жастары бір мәмілеге келді: «Әбдіғаппар – арақсыз ауылға айналады». Осыны ұстаным еткен тұрғындар учаскелік полиция инспекторы Қасиет Талғатұлына еріп, ауылдағы онға жуық дүкенді аралап шығады. Ортақ келісілген ұстанымды ескертіп, дүкенде алкогольді өнімді сатпауларына түсіндірме жұмысын жүргізеді.
– «Арақ – атадан қалған ас емес», – дейді ел ағасы Әбсаттар Мырзабаев.
– Барлық жамандық атаулы мен қылмыстың арақтан бастау алатыны баршаға аян. Өскелең ұрпақтың алдындағы өнегемізді алдыңғы орынға қойып, қариялар мен әкімшілік, қоғамдастық мүшелері және жастармен ақылдаса келе, ауылда арақ сатылмасын деген тоқтамға келдік. Мақсатымыз – ауыл берекесін арттыру. Өскелең жастардың имандылыққа жақын болуына атсалысу. Ауыл қолдады. Дүкен иелеріне рахмет, біздің сөзімізді жерге тастамады, – дейді әбдіғаппарлық Әбсаттар қария.
Қоғамдастық төрағасы Төлеген Құлманов та бұл бастаманың тұрғындар тарапынан қолдау тапқанына бек қуанышты. Өйткені, ел ертеңі – иманды жастардың қолында. Ақсақалдың айтуынша, алдағы уақытта учаскелік полиция инспекторы тұрақты түрде дүкендерді аралап, арақ-шараптың сөреде жоқ екеніне көз жеткізіп тұратын болады. Сондай-ақ жасырып ішімдік сататын кәсіпкерлер не тұрғындар болса, ол жөнінде инспекторға дер кезінде айтылып, түсіндірме жұмысын жүргізетіні белгілі болды. Бұл да бір жақсылықтың нышаны. Берекенің бастауы. Қаншама жас отаудың шаңырағын шайқалтып, түрлі қылмыстың орын алуына себепкер болған тентек судан бас тартып жатқан қос ауылдың бастамасы құптарлық дүние. Аудан бойынша саналы түрде «арақ сатылмайтын ауыл» деп нақты іске көшкен Өзгент пен Қыркеңсенің қатарына қалған ауыл-аймақ та қосылады деген сенім мол.
Ақпарат ретінде айта кететіні, аудан орталығында ең үлкен, халық жиі баратын «Заңғар-1», «Заңғар», «Ғани», «Береке» сынды сауда орталықтар ашылғалы бері алкогольді өнімдерді сатқан емес. Мұның өзін ізінен ерген шағын дүкендерге шынында үлгі етсек игі.
Тақырыпқа тұздық. Forbes.kz жариялаған мәліметке сүйенсек, әрбір қазақ баласы жылына 11 литрге жуық спирт пайдаланады. Сауалнама нәтижесіне көз салсақ, 2017 жылғы көрсеткіш бойынша 21-65 жас аралығындағы қазақстандықтардың 46 пайызы арақты мүлде тұтынбайды. 54 пайызы үздіксіз қолданатындығы белгілі болды. 21 пайыз адам арақты негізгі ішімдік ретінде қолданса, тағы 10 пайызы үшін арақ екінші орында екен.
Самат ОҢҒАРҰЛЫ