Өрт сөндіру бекеті ашылды

Табиғаттың тосын қатерінен, оның ішінде өрт пен судан және өзге де қауіптен келетін құбылыстарға дайын болу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Соңғы жылдары дала өртінен көп өңірлер зардап шекті. Сыр өңірінің ахуалы тұрақты болғанымен “апат айтып келмейтінін” ескеруіміз қажет. Мынандай аптап ыстықта өрт қауіптілігі өте жиілейді. Сондықтан алдын алу шараларын қатаң бақылауға алған жауапты органдар барлық жағдайды жасауда. Өткен аптада Манап ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды.
Жаңа бекеттің ашылу шарасына аудан әкімінің орынбасары Бақтияр Ахметов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мадияр Мырзагелдиев, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері, ауыл ардагерлері және жергілікті ауылдарда құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдардың мүшелері арнайы қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Бақтияр Ахметов және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мадияр Мырзагелдиев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа нысанның маңыздылығына тоқталды.
– Азаматтық қорғау саласы – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетік. Бүгінгі ашылып отырған өрт сөндіру бекеті – ел қауіпсіздігін нығайтуға қосылған сүбелі үлес. Бұл бекет тек Манап ауылы үшін ғана емес, «Батыс Европа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің бойында орналасқан 4 ауылдық округтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады. Осы арқылы біз жақын жерден жедел көмек көрсетуге мүмкіндік алып отырмыз. Сондықтан тосыннан келген төтенше жағдайға дайындықты пысықтап, жыл он екі ай осы бағытта бақылауда ұстауымыз қажет, – деп аудан әкімінің орынбасары Бақтияр Мадиярұлы нақты міндеттемелерді жүктеді.
Одан соң қонақтар арнайы жабдықталған ғимарат ішін аралап көріп, техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Ғимарат барлық қажетті құрал-жабдықтармен, оның ішінде «Урал» маркалы өрт сөндіру көлігімен, сондай-ақ қызметкерлердің жатын және асхана бөлмесімен толық қамтамасыз етілген. Жаңа өрт сөндіру бекеті толықтай жабдықталған, білікті жеке құраммен, заманауи өрт сөндіру техникасымен және қажетті байланыс құралдарымен қамтылған. Бекет тәулік бойы жұмыс істейді.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы еліміздің ауылдық елді мекендерінде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жүйесін күшейтуді көздейді. Бағдарлама алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұлттық азаматтық қорғау жүйесінің маңызды буынына айналмақ. Иә, жаңадан бой көтерген өрт сөндіру бекеті жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет ететін болады және төтенше жағдайларға жедел әрекет етудің сапасын арттырады.
Айта кетейік, жыл басынан бері аудан бойынша 23 өрт оқиғасы тіркелген. Оның ішінде: тұрғын үйде – 14, автокөліктерде – 4, орман өрті – 2, 3-і нысанда. Өрт салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Тек шығынға әкеліп соқтырды. Өрттердің шығу себептеріне келсек, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы, балалардың сіріңкімен ойнауы, электр сымдарының қысқа тұйықталуы, тұрғын үйлердегі пеш ақаулары және тағы басқа жағдайлар екен. Жыл басынан бері өрт немесе өртке жатпайтын жану оқиғалары бойынша анықталған кінәлі тұлғаларға қатысты жалпы 35 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Ал ағымдағы жылдың өрт қауіпті кезеңінде 2 орман өрті тіркелді. Бұл да табиғатқа деген қастандық. Сөз соңында құлаққағыс болсын, кез келген төтенше жағдайда «101» немесе «112» номірлеріне қоңырау шалуды және құтқару қызметі тәулік бойы ел тыныштығын күзетуге әрдайым дайын екендігін ескертеміз
Әли ТЕМІРБЕК