№56 (8870) 29

29 шілде 2025 ж.

№55 (8869) 26

26 шілде 2025 ж.

№54 (8868) 22

22 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 

Құрылысшы


Тақыр жерді таспен әрлеп, табиғаттың нешеме туындысымен әсемдеп, ғасырларға қолтаңба қалдыратын мамандық иелері ол – құрылысшы. Еліміздегі құрылыс саласының дамуында мыңдаған еңбек адамының маңдай тері жатыр. Солардың бірі – бар саналы ғұмырын ел қызметіне арнаған арда азамат, тәжірибелі құрылысшы Қалдарбек Айдарұлы туралы айрықша тоқталуымыздың жөні жоқ емес.


Зейнетке шыққанына 4-5 жылдың жүзі өтсе де, ағамыз бір күн қолы бос отыра алмайды екен. Өзі көзін білетін құрылыс саласы бойынша жаңадан қолға алған обьектілердің басынан табылып, құрылыстың сапалы жүруін әркез назарда ұстап келеді. Техникалық қадағалаушы деген куәлігі бар ол «Аманат» партиясында бақылаушы.
1958 жылы Жаңақорған ауданына қарасты Кейден ауылында дүниеге келген Қалдарбек Айдарұлының өмірлік жолы – еңбектің, білімге ұмтылыстың, жауапкершілік пен азаматтық борыштың жарқын үлгісі. Ауылдағы 8 жылдық мектепті тәмамдаған соң, Түркістан қаласындағы құрылыс училищесіне түсіп, кәсіби білім алады. Артынша Қарағанды индустриалдық техникумында, одан әрі, Жамбыл қаласындағы құрылыс институтында жоғары білім алады. Құрылыс саласына берік бекінген қарапайым ауыл баласы оның теориялық негізімен осылайша толық қаруланды.
Қалдарбек Айдарұлының еңбек жолы туған жерінде – Кейден ауылында басталды. 1984 жылдан бастап ауылдағы құрылыс нысандарында мастер-прораб болып еңбек етті. Өз ісіне тиянақты, ұқыпты әрі талапшыл маман ретінде танылып, ірі өндірістік құрылымдарға жұмысқа шақырылды. Шалқия кен басқармасында өндіріс бөлімінің басшысы, инженер қызметін абыроймен атқарды.
Бұдан кейінгі өмір жолы – қауіп пен қайсарлық қатар жүретін салаға – өрт қауіпсіздігіне бағытталды. Қызылорда қаласындағы әскери өрт сөндіру бөлімінде ұзақ жылдар қызмет етіп, әскери тәртіп пен кәсіби жауапкершіліктің мектебінен өтті. Осы бөлімнен зейнеткерлікке шықты.
Ел мүддесі үшін тер төгуді тоқтатпаған Қалдарбек Айдарұлы әскери зейнетке шыққаннан кейін де еліміздің маңызды өндірістік аймағы – Атырау облысындағы "Теңізшевройл" мекемесінде құрылыс сапасын бақылаушы болып қызмет етті. Мұндағы міндет – құрылыс нысандарының халықаралық стандарттарға сай салынуын қадағалау болатын. Өз саласын жетік меңгерген маман ретінде ол бұл жауапкершілікті де үлкен жауапкершілікпен атқарды.
Кейін күкірт қышқылы зауытында өрт сөндіру бөлімінің басшысы ретінде еңбек етті. Бұл қызмет – оның өмірлік жолындағы қауіпсіздік саласына адалдығының тағы бір дәлелі.
Туған топыраққа еңбек сіңіру – әр азаматтың арманы. Қалдарбек аға бұл арманына да жетті. Жаңақорған ауданында бой көтерген заманауи "Жайлы мектеп" жобасының құрылыс жұмыстарына белсене араласып, техникалық бақылаушы қызметін атқарды. Құрылыс сапасының орнықтылығында, әр кірпіштің өз орнында берік қалануында осындай өз міндетіне адал аға буынның да қоғамға жанашыр жарқын еңбегінің де үлесі аз еместігін мойындауға тура келеді.
Бүгінде Қалдарбек Айдарұлы – Жаңақорған аудандық "AMANAT" партиясы жанынан құрылған қоғамдық комиссияның төрағасы. Бұл қызмет аясында халықпен тікелей жұмыс жүргізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, жеке қабылдаулар ұйымдастырып отырады. Ел ішінде сөзі өтімді, ісіне сенімді, азаматтық ұстанымы биік тұлға ретінде танылған.
Табанды еңбектің, қызметтегі жауапкершіліктің артында мызғымас тірек – төрт қанаты тең шуақты шаңырақ тынысы дем беріп тұрады. Ол - бала тәрбиесіне ерекше мән беретін, немерелерінің болашағына үлкен үмітпен қарайтын ардақты ата. Арнайы уақыт бөліп немерелерін аудандық кітапханаға апарып-әкеліп, олардың кітапқа қызығушылығын оятуға қажырлы тер төгіп келе жатқан өнегесін замандастарына үлгі етуге болады.
Биылғы жылы Қалдарбек Айдарұлы мұсылман баласы үшін ең үлкен парыз – үлкен қажылық сапарын орындап келді. Кісінің құзіреттілігі өз алдына, рухани жағынан да кемелдене түсуі өмір жолына өзгеше мазмұн дарытса керек.
Құрылысшылар күні – қарапайым еңбек иесінің мәртебесі асқақтайтын, ел құрылысына үлес қосқан әр азаматтың еңбегі еленетін күн. Осы орайда, Тұрабаев Қалдарбек Айдарұлы сынды тұлғалар – тек өз саласының білгірі ғана емес, елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол – құрылысшы ғана емес, азамат, әке, қоғамдық жанашыр, қажы. Мұндай жандардың ғұмыры – кейінгі ұрпаққа өнеге, елге тірек.

Жәмила ЕРМАХАН
22 шілде 2025 ж. 137 0