АЖЫРАСУ – ҰЛТҚА ТӨНГЕН ҚАУІП

«Отбасы ала болса, кереге сайын пәле бар». Экономикасы озық елдердің тарихына зер салсақ, отбасы саясатына мән беретінін байқаймыз. Өткен жылдың қорытындысына зер салсақ, әлемде ажырасу жөнінен алғашқы ондыққа тұрақтадық. Статистикаға жүгінсек, өз ауданымызда ажырасушылар қатары күрт артқанын байқаймыз. Осы мәселе жөнінде қалам тербеуді жөн көрдік.
СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?
Жыл басынан бері 96 іс некені бұзу туралы іс тіркелсе, оның 52-і заңдастырылып, қалғаны сотта қаралуда. Өтініш иелерінің 55-і алимент өндіру туралы мәселемен келгендер. Жастардың көбі некеге тұрып үлгермей ажырасуға бел буғандар. Бұлардың арасында дүние-мүлік дауымен шағымданушылар көп. Мұндай жағдай біздің ауданда да өте көп кездеседі.
Аудандық соттың төрағасы Айдос Кәрібайұлының мәлімдеуінше, ажырасуға көбіне ер азаматтардың жауапсыздығы түрткі болады екен. Ал ерлерді әдетте маскүнемдік пен ойын құмарлық немесе есірткіге салыну тура жолдан тайдырады. Кей ер азаматтар жұмыс істемей үйінде жатып, тіршіліктің бар ауыртпалығын әйеліне «тапсырып қойған». Осының бәрі ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс, жанжал тудырады, ақыры ажырасуға алып келеді. Неке бұзылуының тағы бір басты себебі – ер азаматтардың некеге адал болмауы. Судья жұрттан жасырып екінші әйел алып, екінші үйлі болатын еркектердің де артып отырғанын айтады. «Бар ақиқат ашылғаннан кейін ажырап кетіп жатқан отбасылар көп», дейді сот төрағасы. Бұдан бөлек, тұрмыстық қиыншылық зардабынан бірге тұруды қаламайтын ерлі-зайыптылар да сотқа талап-арыз беріп жатады.
Судья қараған бір істе жасы қырықтар шамасындағы әйел азаматтардың шағымында ұл-қызымен бір бөлмелі үйде тұратынын жазыпты. Ал достарының бәрінің жағдайы жақсы көрінеді. Тіпті екіқабатты котеджі мен қымбат көлігі бар құрдастары қонаққа шақырғанда қатты ұялатынын, күйеуінің айлық жалақысы жүз мың теңгенің о жақ, бұ жағы, бұған қорланатынын айтқан. Күйеуі сотта ажырасқысы келмейтінін айтып, «Жалақымды түгелдей қолына әкеп беремін» деп ақталыпты. Сот мұндай жағдайларда тараптарды сабырға шақырып, ақылға көндіріп, барынша отбасын сақтап қалуға тырысады. Сол үшін де талап-арыз бойынша бірден шешім шығармай, алдымен ойлануға бір ай уақыт береді. Егер бұл мерзім татуласуға, кеңесуге аздық етіп жатса, қосымша тағы да бір айға созады. Сотқа арыз тастап, үш күннен кейін қайтарып алатындар да бар. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, ондайлар аз.
Осындай жағдайларда соттағы психологтер көп көмектеседі. Маманның мәлімдеуінше, азаматтық істерде некені бұзу ісін осы күнге дейін медиация ұйымы қарап келген. Кейінгі өзгерістерге сәйкес бұл міндет қайтадан соттарға берілген. Дегенмен баланың тұрғылықты жерін анықтау, 3 жасқа дейінгі балаға алимент өндіру бойынша қызметтер медиация құзыретінде қалып отыр.
Судья қоғамда ажырасудың жиілеуіне отбасылық тәрбиенің солқылдақтығы да әсер етіп отырғанын айтады. «Әйелдердің салмағы артып, ерлердің бұрынғы-дай сөзін өткізе алмауы да отбасылық қарым-қатынасты қиындатып жіберген», дейді ол.
Қазір көп ата-ана қыздарына «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген халықтық үлгілерден гөрі, ертең «соқа басы қалғанда қор болмайтын» жағына ақыл бергенді дұрыс көреді. Бұрынғы аналарымыздай үйінде отырып ерін күтіп, бала-шағасын тәрбиелейтін әйелдің басты қызметі бұл күнде ұмыт болып барады. Қоғамда әкелердің рөлі түсіп кетті. Оның үстіне қазіргі психологтердің де жастарға көмегінен гөрі кесірі басым. Әлеуметтік желілерде психологтер мен коучтардың «әйел өз қалауынша өмір сүруі керек, ол ешкімге бағынышты емес» деген кеңестері қаптап кеткен. Сондайларға сеніп қалған келіншектер: «Мен уақытымды босқа өткізіппін, өзімді дамытуым керек, биік мақсаттарға жетуге тиіспін» деп күйеуінен ажырасуға бейім тұрады. Болжаммен айтқанда, жыл сайын 100 некенің шамамен 30-35-і бұзылады. Республика деңгейінде де осы санды келтіруге болады», деді судья.
АЖЫРАСУДАН КІМ НЕ ҰТТЫ?
Бүгінде ажырасқан ерлі-зайыптылардың дені қырықтың о жақ, бұ жағындағылар. «80-жылдардан бері туғандардың балалық шағы тоқсаныншы жылдардың қиындықтарына тап келді. Сол бір қиын кезеңде, расында да, күнкөрістің қамы деп бала-шағаға тәрбие беру мәселесі екінші, тіпті үшінші сатыға түсті. Осы әлеуметтік олқылық бүгінгі қоғамда салдарын көрсетіп отыр. Дегенмен келер ұрпақ аға буынды алмастырғанда қоғам қайта ізгіленіп, жаңғыруы тиіс. Өйткені бүгінде білім, тәрбие саласына мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп отыр. Жаңа ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу. Оның үстіне рухани жаңғыру аясында дәстүріміз бен дініміздің асыл қасиеттерін жастар бойына қайта сіңіру бағытында ауыз толтырып айтарлық іс тындырылып жатыр», дейді судья.
Расында ер адам – үйдің асыраушысы. Кейде ол ішіп келіп, үйінде айқай-шу шығарып, әйеліне қол жұмсауы мүмкін. «Егер әйелі полицияға арыз берсе, ертең күйеуі жауапқа тартылып, жұмысынан да айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан көп жағдайда әйелдер отбасының табысын, бала-шағаның ертеңгі күнін ойлап іштен тынып, осындай тіршілікке көндігіп жүреді. Балаларды тірідей жетім етпейін деген қазақтың сүйекке сіңген мінезінен де аттап кете алмайды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі ережелер күшейтілгенімен, заңға көнбейтін қоғамның осындай ішкі қалтарыстары бар. Отба-сылық кикілжіңді бірінші кезекте қатаң заң емес, сыйластық, адамгершілік, ар мен имандылық көбірек шешеді», – дейді аудандық сот төрағасы.
Егерде ерлі-зайыптылардың арасында ортақ бала немесе мүлік болмаған жағдайда аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы неке куәліктерінің күшін жояды екен. Бұл туралы аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің меңгерушісі Жанар Әбілпатта тарқатты.
– Бізге үйленгендеріне бір жылға толмаған немесе бала сүйіп үлгермеген жандар жиі ажырасуға келеді. Екеуінің арасында болмашы кикілжің көңілді құлазытады. Биыл төрт айда 75 неке тіркесек, 32 неке бұзылды. Ашығын айтайық, қызмет этикамызда кеңес беру қаралмаған. Қолда құзірет болмаса да, кейбір жастардың отбасын білгендіктен екеуінің қайта табысып кеткенін қалаймыз. Көбіне әйел азаматтарға кеңесімді айтып, сабырға шақырамын. Кейбірі көндігеді, кейбірі мүлде құлақ аспайды. Ақылыңды тыңдамағандарға не істейсіз? Жуырда 5 жыл бұрын ажырасып кеткен жұп қайта некесін қиюға келді. Есіктен имене кірген қыз сәл қызарып, «кезінде сізді тыңдамағаным бекер болды» деп, бір-бірі үшін жаралған жандар екенін айтты. Осындай ара-тұра жұптар қайта қосылып та тұрады.
Ажырасу тақырыбы аудандағы беделді медиаторлардың басты тақырыбына айналғалы қашан. Аудандық медиаторлар орталығының медиаторы Анарбек Баймұратовтың пікірін білген едік.
– «Татуласу» орталығында 6 медиатор қызмет атқаруда. Барлығы кәсіби заңгер. Ажырасуға байланысты істер көптеп қаралады. Біздің орталық қызметіне жүгінгендердің 80-85 пайызы қайта табысып жатады. Соның өзінде жүзден аса неке сотқа жіберіледі.
Биыл жыл басынан бері татуласу орталығында 380 іс қаралса, оның 60 пайызы неке бұзуға байланысты болды. Кикілжің туындауына үшінші тараптың әсері мол. Мәселең, қабылдауымызда болған жас-жұбайларда барлығы жеткілікті. Әйтсе де, келін мен ене тіл табыса алмауы басты мәселеге айналған, – деді медиатор.
ӨГЕЙЛІК – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
Ауданда ажырасудың деңгейі артуына байланысты, өгей әке-шешемен тұратын балалар саны артуда. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, әке-шешесі ажырасқан балалардың көбінде оқуға құштарлығы төмендеуі байқалған. Өткен оқу жылында мектепішілік есепке 93 бала алынса, биыл 68 оқушы есепке алынған. Аудан бойынша қолайсыз отбасы саны 40, ондағы балалар саны 45, өгей әке, өгей шешемен тұратын 131 бала бар.
Мектеп бұл балалардың ахуалын жіті назарда ұстайды. Оқуға ынтасы жоқ, тәртібінде ауытқуы бар балалар отбасыларына тұрақты әлеуметтік-психологиялық көмек беріледі. Әйтсе де, «әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» дегендей, бұзақылыққа бой алдырған бозбалалардың әлеуметтік жағдайын зерделегенімізде, көбі ажырасқан отбасының балалары екенін байқадық. Биылдың өзінде кентегі темекі мен арақ ұрлаған балалардың оқиғасы да әке тәрбиесінің ақсап тұрғанынан хабар беріп тұр.
Жасөспірімдер қылмысында қоғамдық резонанс тудырған кәмелетке толмаған қыздың жүктілігіне өгей әкесінің күдікке алынуы да көп жағдайлардың бетін ашқандай. Балиғатқа толмаған қаракөздің өмірін өксікке айналдырған қаскөйлердің қылмысынан екінші некенің бәрі баянды бола бермейтінін ұғамыз. Елімізде 15 мыңнан астам балалар өгей ата-анамен тұрса, оның әрбір жетіншісі зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Бұл туралы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, заңгер Салтанат Тұрсынбекова:
– Соңғы бес жылда әйелдердің қатысуымен болған ауыр қылмыстар 153 пайызға, аса ауыр қылмыстар 20 пайызға өсті. Отбасылық өмірде 4,4 мың заңбұзушылық анықталды. Мұның бәрі ұлттық таным-түсініктегі отбасылық құндылықтар өзгеруінен, – деп жауап берді.
Бұл ойды кәсіби медиатор Ақылбек Жәнібеков те қуаттап:
– Ұлттық құндылықтар әлсіреп, отбасы институтының рөлі төмендеп, адамдардың өмірге деген көзқарасы мен қажеттілігі өзгеріп, бұрын ұят саналатын нәрселер, қазір қалыпты жағдайға айналды, – деді.
«Жақсы әйел ерін хан етіп, өзі ханшайымдай ғұмыр кешеді. Жаман әйел ерін құл етіп, өзі құлша өмір сүреді» дейді қазақ даналығы. Яғни, «еріне жаққан әйел еліне жағады». Қазақтың таным-түсінігінде ер азамат қашанда бір саты жоғары тұруы керек. Себебі, әйел ердің қабырғасынан жаратылған. Қабырға қисық келгендіктен оны түзеу оңай емес. Қабырғаның басы қалай иілсе, әйел-ананың басы солай иіліп тұруы керек. Басын көтеріп, көкірек қағу ақымақтық. ақылды әйел ісімен, сабылылығымен, ибалылығымен, көркем мінезімен елді мойындатады.
Мақпал ПАТЕНОВА