КӘСІБИ МЕРЕКЕ: ҮЗДІК УЧАСКЕЛІК ТӘРТІП САҚШЫСЫ
Аудандағы өзге ұлт өкілдері ең көп шоғырланған елді мекен – Төменарық ауылдық округі. Онда 4500 тұрғыны бар ауылда онға тарта әр түрлі ұлт өкілі тату-тәтті күн кешуде. Ауылдың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан тұрғындарды көп алаңдататыны мал ұрлығы екені жасырын емес. Сондай-ақ, көлік тәртібі де жиі бұзылатынын еститінбіз. Алайда, кейінгі кезде ауыл тәртіпке келе бастаған тәрізді. Бұл істе тәртіп сақшыларының еңбегі зор деуге болады. Сондықтан, учаскелік полиция инспекторы Алмас Абдуллаевты әңгімеге тарттық.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде заңгерлік оқуын тәмамдаған Алмас Жаңақорған аудандық полиция бөлімінде 2016-2017 жылы жол-патролдік полициясында аға инспектор қызметінде болады. 2018 жылдан бастап Төменарық ауылына учаскелік инспектор қызметіне ауысады.
– Шыны керек, қазіргі көп ауылдардың басты мәселесі мал ұрлығы. Сондықтан, осы кеселмен күресу тәртіп сақшылары үшін негізгі міндет болып тұр. Мен келгенде ауылда төрт түлік ұрланып жатыр екен, жедел тергеу жұмыстарына білек сыбана кірістім. Нәтижесінде, ұрылар ұсталып, іс сотқа жолданды. Иә, тәртіп ортақ, дегенмен қазір оған бағынғысы келмейтіндер көп, – деді инспектор.
Бұл тек ауыл бұзақыларына ғана қатысты емес, дүкендер мен көлік жүргізушілеріне де қатысты. Себебі, қазір дүкен қызметкерлеріне кешкі 21.00-ден күндізгі 12.00-ге дейін алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Егер тәртіпті бұзғандар ҚР әкімшілік құқық бұзушылық заңының 200-бабымен жауапкершілікке тартылады. Қазір елді мекендегі дүкен саны 29-ға жеткен. Сондықтан, оларға күн сайын бақылау жүргізіп отыратын тәртіп сақшысының қызметіне ауылдағы ағайынның көңілі толады.
Ал, сенбі-жексенбі күндері базарға бара жатқан автокөліктер тексеріледі. Ондағы мақсат көлік басқаратын тұрғындардың ішімдік ішкен, ішпегенін бақылау. Нәтижесінде, автокөлік тізгінін мас күйінде тізгіндеген 10 жүргізушіге хаттама толтырылып, аудандық сотқа жолданған. 15 тұрғын қоғамдық орында мас жүргендері үшін жазаға тартылатын болады.
– Менің әкімшілік аймағымда 2019 жылы үш қылмыс орын алған еді, оның екеуі ашылды. Үшіншісін ізін суытпай ашуға тырысудамын. Оған да ұқыптылық пен қарап, жауапкершілік таныту керекпін, – деді Алмас Абдуллаев.
Міне, біз Алмас инспектордың қызметіндегі жүйелі жұмысты осылай зерделеп көрдік. Мәселе мақтауда емес, жай ғана өзгеге үлгі болсын деу болатын. Сондықтан, әлі де қоғам тынышын сақтайтын тәртіп сақшыларынан тұрғындар еселі еңбектің үлгісін күтеді. Сенім үдесінен шығатын полицейлер көп болсын.
Қайбулла РҮСТЕМОВ.