№56 (8870) 29

29 шілде 2025 ж.

№55 (8869) 26

26 шілде 2025 ж.

№54 (8868) 22

22 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Базар мәдениеті – қоғам айнасы

Базар мәдениеті – қоғам айнасы


Тазалық – денсаулық кепілі. Әсіресе, халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда санитарлық талаптардың сақталуы ел саулығы мен мәдениетін қалыптастырады. Осы бағытта аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридиновтің жетекшілігімен кент орталығындағы «Нұр» базарына санитарлық мониторинг жұмыстарын жүргізді.


Мониторнигке кент әкімдігі, аудандық кәсіп­керлік бөлімі, санитарлық-эпидемиологиялық ба­қылау басқармасы, полиция бөлімі және төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары атсалысты. Арнайы топ базар аумағындағы санитарлық ахуалды, сауда нүктелерінің тазалық деңгейін, әсіресе, ет өнімдерін сататын сөрелер мен қоғамдық тамақтану орындарының жағдайын жіті тексерді.
Бақылау барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Әсіресе, кейбір ет өнімдері ашық күйде сатылып жатқаны және қоғамдық тамақта­ну орындарында санитарлық талаптар жете сақталмайтыны белгілі болды.
– Базар – сауда орны ғана емес, ол күн сайын жүздеген адамның жолы тоғысатын қоғамдық кеңістік. Мұнда ең алдымен тазалық пен тәртіп болуы шарт. Сауда иелері санитарлық талаптарды мүлтіксіз орындауы тиіс. Ашық күйде сатылып жатқан ет өнімдері тек тұтынушыға емес, жалпы қоғамға қауіп төндіреді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды, – деді аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы.
Мониторинг барысында базар айналасындағы сауда дүңгіршектерінің де жай-күйі назардан тыс қалмады. Ескірген, желге жыртылған жарнамалық баннерлер де сауда орнының сыртқы көрінісіне көлеңке түсіріп тұр. Бұл жөнінде ескерту жасалып, көркемдік безендіру мен маңдайша жаңарту жұмыстарына мән беру тапсырылды.
Сонымен қатар, санитарлық талаптарды елемеген кәсіп иелеріне заң аясындағы ережелер түсіндіріліп, келешекте мұндай олқылықтар қайталанса, тиісті шара қолданылатыны ескертілді. Анықталған кемшіліктер бойынша аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен төтенше жағдайлар бөлімдеріне бақылау функцияларын күшейту тапсырылды. Ал кент әкімдігіне базар маңындағы тазалық пен тәртіпті үнемі бақылауда ұстау жүктелді.
– Бұл тек бір реттік шара емес. Алдағы уақытта осындай мониторинг жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Себебі, тазалық – күнделікті талап. Әрбір кәсіп иесі санитарлық нормаларды толық меңгеріп, оны орындауды әдетке айналдырғанда ғана біз қоғамдық мәдениетті қалыптастырамыз. Сауда орындарындағы тәртіп пен тазалық халықтың денсаулығына, тіпті тұтас қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан, бұл бағыттағы бақылау жұмыстары одан әрі күшейтіледі, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Иә, базар тазалығы – қоғамның айнасы. Оның ішкі мәдениеті мен тазалығы тұтас ауданның көрінісі. Сондықтан әрбір кәсіпкер мен тұрғын осы жауапкершілікті сезініп, орта тағылымына үлес қосуы тиіс. Әр азамат санитарлық мәдениетті сақтауға, айналасын таза ұстауға атсалысса, қоғамда салауатты орта қалыптасады. Ал ба­қылаушы органдар мен әкімдік өкілдері бастаған мұндай шаралар сол ортаға деген қамқорлықтың көрінісі. Тазалықты талап ету – жай ескерту емес, өмір салтын өзгертуге бағытталған нақты әрекет. Себебі, қоғамның тазалығы сананың тазалығынан басталады.

Айсұлу Алданазар
22 шілде 2025 ж. 120 0