НЕСИЕ АЛЫП, ҚҰДАЙЫ АС БЕРСЕМ БОЛА МА?
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары көпшілік тұрмыс жағдайын ескерместен кісі қазасынан кейін аста-төк құдайы ас береді. Тіпті қарызға батып, той жасағандай барын төгіп, дастарқанды тәтті тағамдарға, шырын сусындар мен салаттарға толтырып жібереді.
Ажал ойда-жоқта келеді. Ешбір адам өз өліміне дайындалмайды. Ал кенеттен жақынынан айырылып, қайғыға батқан адам марқұм болған жанды жерлеу, жаназасын шығару, қонағасын беру, одан қалса жетісі, қырқы, жылдығын абыроймен өткізуге тұрмыс жағдайы келмесе ше? «Ел-жұрт сөкпесін», «абыроймен жөнелтейік» деп тыраштанғандар банктен несие алып, қарызға белшесінен батады. Жүрегін қайғы басып жоқтау айтып отырған туыстарының басында «ақшаны қайдан табамыз?» деген ой оны үсті-үстіне тұралатып тастайтыны анық. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі Құдайы ас беру әдебін қалыптастыру қажеттігін айтқан болатын. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы:«Тойдың жөні бөлек. Ал құдайы ас берудің өзіндік әдебі, тәртібі бар емес пе? Шектен тыс шығынға батып, ысырап етуге болмайды. Мұны дініміз де құптамайды. Біз еліміз бойынша баршаға тиімді болатын құдайы астың ортақ мәзірін әзірлеп, көпшілік қауымға ұсындық. Бұл бастамамызға ел ағалары, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мешіт жамағаты үлкен қолдау көрсетіп жатыр». Несие алып, Құдайы ас берсем бола ма? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аста-төк құдайы ас беруге қарсы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исенов: «Бұл – дінімізде құпталмайтын амал. Ал біз ұсынған жаңа ас мәзірі асқа кететін шығынды екі есеге азайтады. Қайтыс болған кісінің атынан ас беру - мұсылман шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Садақалар, Құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс». Өткен аптада көрші қырғыз елінде Парламент депутаты Аида Салянова жерлеу кезінде жұртқа ас берудің қажеті жоқ деген пікір айтты. Сондай-ақ, қайтыс болған адамның қырқына, жетісіне, жылдығына жиналатын адам саны 100-ден аспауы керек деген ұсыныс тастады. Жұрттың жағасын ұстатқан депутаттың мәлімдемесі әзірге іске асырылған жоқ, дегенмен кім білсін...
Бұлмәселе жөнінде еліміздегі белгілі тұлғалардың пікірі қандай? ҚР парламенті мәжілісінің бұрынғы депутаты Тұрсынбек Өмірзақов: «Бұл үлкен проблема. Қаза тапқан адамның жақындары моральдық қана емес, материалдық шығынға ұшырайды: жылқы сойып, көптеген адамдарды шақырады. Құранда бұндайды құптамайды. Көңіл айтуға келген адамды тойға келген қонақтай етіп, құрақұшып күтеміз. Тіпті көмекке әкелген ақша да жұмсалған шығынды жаба алмайды. Сондықтан мен аста-төк дастарқан жайғанға қарсымын. Сондай-ақ, дүркіретіп жасайтын үйлену тойдың да шығынын азайту қажет. Той өткіземін деп көлігін сатып, несие алып, ақыр соңында шаңырақ көтерген жастар 5-10 жыл бойы қарызды жабумен болады. Сол себепті бұл салт-дәстүрлерді қайта қарап, жерлеу рәсімін де, той өткізуді де экономикалық жағынан үнемдеу пішіміне тез арада өзгерту қажет».
«Республика-Өңір-Даму» ҚҚ басшысы және блогер Ғалым Байтұқ: «Демократ ретінде мүлдем тыйым салуға қарсымын. Яғни, жерлеуге жиналған көп адамға ас беруге тыйым салған дұрыс емес. Бұл жерде мемлекет мүддесі көзделмеген және заңға қайшы ешнәрсе жоқ! Бұл қалыпты жағдай. Егер адам дастарқан жайып, ас беріп, қауым жұртты шақырғысы келсе - өз еркі. Ал аталмыш мәселені жалпылама айтсам, байлығын паш етіп көрсетудің орнына тұрмысы нашар отбасыларға көмектессін деп үгіт-насихат жүргізген абзал. Қыруар ақшаға ас беріп, 7 күн, 40 күнін өткізіп, ескерткіш тұрғызғаннан гөрі сол қаржыны балалар үйі, балалар спортын дамытуға жұмсаса, аруақтың өзіне де сауабы тиер еді. Миллиондаған ақшаны тойға шашқанша, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға жәрдем бергені әлдеқайда дұрыс. Осы тұрғыда имамдар өзгеріс енгізсе. Қысқасы, ақшасын шашып, шіренгеннен көрі қайырымдылық жасаған жақсы», - деді Ғалым Байтұқ.
Естеріңізге сала кетсек, жақында құдайы ас, садақа беру, мазар салу, жерлеу, т.б. рәсімдерді қалай өткізу туралы егжей-тегжейлі жазылған «Жаназа» кітабы жарыққа шығады.