Қыркеңсенің тірлігі түзу
Аудандағы ілгері ауылдардың бірі саналатын Қыркеңсе ауылдық округі алкагольдік ішімдіктен біржолата бас бартуды жыл басынан қолға алған. Жастардың ұсынысымен бастау алған бастаманы ауылдың алғы буыны да құптап отыр.
Ішімдік ішкен жағдайда ауыл ақсақалдары қоғамдық кеңесте қарап, шара қолданатынын алға тартты. Көптеген құқық бұзушылықтың ащы судың кесірінен болатынын ескерген ауыл тұрғындарының бұл бастамасын құптаған аудан басшысы алғысын іркіп қалмады.
Ауыл ақсақалдары тілге тиек еткен асар бағытындағы жұмыстардан елдің ауызбіршілігі мен ұйымшылдық сақталғанын білдік.
«Жастар жылында» жастардың жұмыспен қамтылу жайына тоқталсақ. Өткен жылы 22 жаңа кәсіпкерлік нысан ашылып, бүгінде округ бойынша 47 кәсіпкерлік нысан жұмысын жасауда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 5 ауыл тұрғыны арнайы курсын бітіріп, 2 ауыл тұрғыны 252,500 теңгенің грантын жеңіп алса, 3 ауыл тұрғыны МІҚ малдарын бордақылау бағыты бойынша бизнес жобасын қорғап 505 000 теңгенің грантын жеңіп алды.
Ауыл тұрғындарының алға тартқан мәселелері де аз емес. Алдымен ауданға ортақ мәселе электр жарығы ауылдағы трансформатордың тоқ беру торабының нашарлығын айтты. Бұл жөнінде аудан басшысы арнайы мамандарға тексеру жүргізуді тапсырды. Одан кейін қазіргі таңда жастар уақыт өткізетін бірден-бір орын ауылдық клуб үйі мен 40 жыл күрделі жөндеу көрмеген мектептің жай-күйін сөз етті.
Аудан әкімі Сұлтан Мақашов «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында мектеп үйіне жөндеу жүргізілетінін, сондай ақ ауыл жастары үшін мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы аясында құрылысы басталған спорт кешенін биыл пайдалануға беру жоспарда бар екендігін жеткізді.
Аудан әкімі Сұлтан Мақашов «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында мектеп үйіне жөндеу жүргізілетінін, сондай ақ ауыл жастары үшін мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы аясында құрылысы басталған спорт кешенін биыл пайдалануға беру жоспарда бар екендігін жеткізді.