Машбектіктердің тілегі қандай?
Ауылдағы ағайын ең алдымен жарықтандыруды жөнге келтірсе дейді, одан кейін жаяу жүргіншілер жолы, ауыз су мен аяқ су мәселесі тездетіп шешілгенін қалайды. Ал балабақшаның жыры биыл шешімін табады. Яғни ескі мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүріп, алдағы уақытта тәрбие орталығына айналады. Ауыл әкімінің өкілеттілігі аяқталуына байланысты есепті уақытша міндетін атқарушы Дәулет Өмірәлиев берді.
Мыңнан аса тұрғыны бар ауылдың негізгі кәсібі – ауылшаруашылығы. Ауылда жеке кәсіппен айналысатын шаруалар да жетерлік, жұмыссыз жандар да аз емес. Былтыр осы мәселе шешімін тауыпты. 2019 жылы ауылдық округ бойынша 121 адам жұмыспен қамтылған. Олардың 5-еуі тұрақты негіздегі жұмысқа, 116 азамат маусымдық және уақытша жұмыспен қамтылған екен. Салық түсімдері бойынша орындау көрсеткіші орташа. Жер мен мүлік салығы межеден асыра орындалса, көлік салығы 92 процентті ғана құраған.
2019 жылы спорт саласы бойыншада ауыл азаматтары бірқатар жетістікке жетті. Асанбеков Айтмағанбет Өзбекстан республикасында гір тасын көтеруден өткізілген Азия чемпионатының жеңімпазы атанса, Олжас Оразалыұлы парадзюдо күресінен Ташкент қаласында өткен әлемдік гран-приде қола жүлде иеленді. Өмірәлі Алтынбек белбеу күресінен ҚР чемпионы атанып, Айтбек Жанарыс және Әмірбек Бердібек 3 орынды иеленді.
Жалпы айтқанда, ауылдың тыныс-тіршілігі қалыпты. Оны есеп беруде берілген сұрақтардан байқадық. Себебі, көбіне сауалдар ауылға емес, елге қатысты көтерілді. Ал ауыз су мен көпір мәселесін аудан басшысы екі жылдың ішінде шешуге жұмыс жасайтынына уәде етті.
P.S.: Сыр беткейдегі төрт ауылдың тынысын түгендеп, ахуалын бағдарлап қайттық. Түсінгеніміз, Сыр беткейдегі аграрлы салаға бейімделген төрт ауылдың да ахуалы қалыпты. Десе де ортақ мәселе де жоқ емес. Мал ұрлығы, жарық бағаналарының тозуы, аяқ су мен ауыз су қажеттілігі, ең бастысы, апаттық көпірді қайта салу мәселесі көптің тілеуінде. Бірақ «Еріктілер жылында» атқарар жұмыстар жайында ешбір ауыл ұсынысын жеткізбегені өкінішті. Қалған мәселені уақыт еншісіне қалдырып, алдағы уақытта көз қырымызды сала жүреміз.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ