Айналасын ластағанға әкімшілік айыппұл салса
Тазалық жайы – басты назардағы мәселе. Ауылда басқа бағыттағы жұмыс қарқынды жүргенімен, тазалық мәселесіне келгенде ақсап тұрғаны жасырын емес. Оған себеп өзіміздің салғырттық. Бірақ бұл мәселе де уақыт өте шешіліп келеді. Өйткені ауданға Сұлтан Мақашов басшы болып келгелі күн тәртібінен түспейтін басты мәселеге айналғанын аудандық басылымнан хабардар болып отырмыз.
Соңғы екі айда ауылда болсын аудан орталығында болсын тазалыққа айрықша мән беріліп келеді. Шындығын айту керек, тазалыққа ауыл жұртшылығын үйрету оңай болмай отыр. Ащы да болса шындық, көшеде жүріп тұруды білмейтіндердің кесірінен кез келген жерде тұрмыстық қалдықтардың, соның ішінде: темекі қорабы, пісте, босаған бөтелкелердің әр жерде жатуы ауыл қариясы ретінде көңілге кірбің ұялатады. Ауылдағы 6 мекемеден апта сайын шығатын 90-100 шақты қызметкер Машбек ауылының тазалығы үшін аянып жатқан жоқ. Бірақ еңбектерінің бағаланбауы ауыл тұрғындарына сын болса екен деймін. Кейде ойланасың, сол айналасын ластаған адамды әкімшілік жауапкершілікке тартса, қалған тұрғындарға сабақ болар еді деп.
Елдімекенде барлығы 1120 халық болса, олар 13 көше бойында орналасқан. Ең әуелі ауыл әкімі Өмірбек Ильясов көше-көшенің тазалығын сақтауда ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, акция ұйымдастырып тұруды әдетке айналдырған. Бірауыздан көше тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің қолдауына ие болған ұсыныс аптаның сенбісіне белгіленіп, қазіргі таңда ауылымыз біршама көркейді. Оған дәлел осы жылы тазалық жұмысына 182 мың теңге бөлініп, көгалдандыру және басқа да күрделі жұмыс атқарылып келеді. Мәселен, биыл 1500 түп түрлі сәнді ағаштар мен гүлдер отырғызылып, ауылдың сәні кірді.
Әр сенбіде ұйымдастырылатын тазалық жұмыстары кезінде тұрғындармен де жеке-жеке сөйлесіп, өлкенің тазалығы өзімізге сын екені айтып түсіндіріледі. Ауыл ішінде көліктер жүретін жол мен арық-атыздар бұған дейін ретсіз шашылып жатса, түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде сол айтқан жерлерден тұрмыстық қалдықтарды кездестірмейсіз. Өйткені, жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Ауыл шырайын келтірген игілікті бастаманы құптаған ауыл тұрғындарының пікірі де оң. Ауыл әкімі бәріне жауапты болса да, тазалықты алдымен тұрып жатқан үйіміз бен ауламыздан, көшемізден бастаған жөн. Жақсы істің көшбасында жүретін азаматтардың мұрындық болуымен бүгінде жеке меншік үй иелері жиналған жарамсыз дүниесін қапқа салып, ауланың сыртына шығарудың маңызын ұқты. Соның арқасында округте реттілік орнығуда. Ал егер заңдылыққа бағынбай, тәртіпке көндікпей жатқандар болса, оларға құзырлы органдардың көмегімен әкімшілік жолмен айыппұл салынып жатса да артық болмайды деп білемін.
Ішкі және сыртқы тазалық пен мәдениеттілік сайып келгенде ауыл тұрғындарының жеке басына қатысты. Турасын айтқанда, бұрындары ауладан шыққан тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерге тастай салатынбыз, өзіміздің тұрған үйіміз, төңірегіміз таза болса болды деп санайтынбыз. Ал қазір керісінше. «Тазалық жинаған жерде емес, шашпаған жерде болады» дегендей, әрқайсымыз өзіміз тұратын мекенді күтіп ұстап, артық-ауыс қалдықтарды кез келген жерге тастамайтын болдық. Сондықтан басты міндетке ауылдың тазалығына үлес қосу, оны тап-тұйнақтай етіп ұстап, ауылдың көркеюіне, көгалдануына ауыл тұрғындарын жұмылдыру біртіндеп болса да жолға қойылып келеді.
Адамзат қауымының алдында бүгінде үш ғаламдық мәселе тұр; бұл – әлемді, табиғатты, рухани құндылықты сақтау. Бұлардың барлығы да біздің ары қарай дәулетті де сәулетті өмір сүруіміздің кепілі. Бұлар бір-бірінсіз тіршілік ете алмайды. Қазақстанның барша әлемнің толыққанды ғұмыр кешуі осы үш маңызды мәселеге тікелей байланысты» деп Елбасы айтқандай, қоршаған ортаның тазалығын сақтау жолында ізгілікті шараны қолға алған машбектіктердің бастамасы барлық ауылдық округтерде қолдау тапса өңірімізде тазалық салтанат құратын болады. Айта кететіні, «Ауылына қарап азаматын таны» дейді атам қазақ. Сырттан қараған сыншыл көз ауылымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе? Осы ретте, өскелең ұрпағымыздың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына баршамыз атсалысайық, ағайын!
Серікбай СҰЛТАНОВ,
М.Нәлібаев ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы,
зейнеткер.
Пікір 12