Жаңақорғандық шенеуніктер кітап оқи ма?
Мызғымас ұлт мұратының маңдайын ашатын алдымен елдің алдында жүрген марқасқалар екені айтпаса да түсінікті. Мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі іске асырып, елмен мәмілелі жұмыс жасауда қандай істі болмасын басқарып отырған жетекшілерге көп нәрсе тәуелді. Олар алдымен өз ісін білетін сауатты, іскер болуы керек. Мұндай жандардың рухани терең, ұстанымының нық, көзқарасының терең болуына оның кітаппен достығы дәлел.
Осы мақсатта өз ауданымыздағы іс басында отырған азаматтарымыздың кітап оқуға деген ықыласын зерттеп-зерделеп көрмекке аудандық орталықтандырылған кітапхананың абоненттермен жұмыс бөліміне атбасын тіредік.
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде қарсы алған кітапханашы Әсия Жақановаға қойған алғашқы сауалымыз мынау:
– Басшылар кітап оқи ма?
– Жоқ, – деді ол жұлып алғандай.
Аңтарылып қалдық.
Қасиетті шаңырақтағы төл қызметіне адал берілген, сәл хабарсыз кеткен оқырманына қоңырау соғып, хал-жағдай біліп отыратын өз кәсібінің жанашыр қызметшісі бір орында қызмет жасаған отыз жылдан аса уақытта оқырмандарын түр-түсіне дейін жатқа біліп алған сыңайлы. Ол бізге белсенді оқырмандары жөнінде жан-жақты мәлімет беруге тырысты.
– Бізге көп келетін мұғалімдер қауымы. Мәселен, Жаңақорған агро-техникалық колледжі мұғалімі Мағжан Ибашов деген жас кітаптан кітап қоймайтын, сол әдет кілт үзіліп қалды.
Осы білім ошағынан мұғалім Айгүл Құлбаева біздің тұрақты оқырманымыз. Қожакент ауылынан немерелерімен бірге келіп кітап жаздырып алып оқитын ардагер ұстаз Кәрім Баязитовтың белсенділігі көпке үлгі. Сол сияқты Қанымкүл Искакова апайымыз әу бастағы кітапқа деген адалдығынан танбай келеді.
Өндіріс салаларында қызмет атқаратын Ерлан Төрениязов, Берікбол Ережепов деген азаматтарымыз теледидар көруге кеткен уақытты кітап оқуға жұмсауға тырысамыз дейді. Ал жаңақорғандық Нұрлан Мамбаев деген жігіт ағасы өзі оқығанымен қоймай кітапханаға ылғи да жолдастарын ертіп келіп, қызықты басылымдарды насихаттап, оқуға кеңес беріп жүреді.
Ауылдағы мәдениет ошағына жиі бас сұғатын көбіне зейнеткерлер. Солардың қатарында Кеңесбек Сейітов энциклопедиялық әдебиеттерді оқыса, Қуанышбек Байбазаров, Пернеш Рахметов, Әбибулла Шер, тағы басқалар бар. Кітапқа құмарлық мәдениет саласында тер төккен тұлғаларға да тән. Солардың бірі – Машбек ауылдық клуб үйі меңгерушісі Мира Таубаева.
Руханият қазынасын сыралғы серік еткендер қатарында Диас Фейзулдаев та белсенді оқырманымыз еді, келуді сиретті. Түгіскеннен үзбей байланыс жасап тұратын Нұрлан деген жігітіміздің қызметі ақ үйге ауысқалы жұмысы көбейді ме, мойын бұруға мұршасы болмай кетті. Аудандық прокуратура мекемесінен Самат Орынбасаровты көпке үлгі етуге болады. Қыркеңсе ауылынан келіп кітап жаздырып алып оқитын Әбдіғани Мейірманов пен бірліктік ұстаз Қуатбек Қыдырәліұлының тапсырыстарын тауып беруде табаннан тозатын жағдайымыз көп, – дейді ол.
Талғамы кең қос оқырман да қазақ классиктерінен бөлек шетел әдебиетінің үздік туындыларына көбірек жүгінеді екен.
Кітапқұмарлықты не үшін дәріптеп, бөлекше атап отырмыз. Өйткені кітап оқыған кісінің болмысы биік, білімі терең, таным таразысы өте кең болады. Неге десеңіз, кітапхана сөрелерінде қатар түзеп тұрған қалың-қалың мұқабаларда адамзат дамуының мыңжылдық тарихы қаттаулы. Қаншама ғасырлар құпиясы, адамдар тағдыры – қайғысы, қуанышы, арманы, мұңын айнытпай жеткізген ақыл ой мен ақиқат сөз зергерлері – қаламгер атаулының қара қылды қақ жарған алдаспан аманаты тұнып отыр. Міне, осы көмбенің көзін ашып, көкірегіне түйе білген тұлғаның жан-дүниесі қалай таяз болмақ? Тарих бастан кешкен қаншама қасіретті жүрегінен өткізіп, ойда қорытқан сана иесінің жан-жақты салмақты, обал-сауапты айыра білетін парасатты болары да рас.
Кітапты көп оқитын, жан-дүниесі терең Алшынбай Тұртанов сынды ағаларымызды алайықшы. Ой-өрісінің кеңдігі сонша қара сөздің қасиетіне тәу етіп, ұлтын сүйген асылдарды асқақтатуда шекара асып, шынайы бауырлас қарым-қатынас орнатып, ел мен елді жалғап жүр.
Тағы бір оқырманымыз Жасұзақ Аманбаев ағамыз тарихты қопарып, тапқанын қазақ жеріне зерттеу жүргізген ежелгі орыс ғалымдарының еңбегімен салыстырып, нақты деректер жүйесін қалыптастыруда кәнігі тарихшылардан артық тер төгіп жүр. Алмас Бекжігітов, Жұмабек Сейтмұратов сынды зиялы қауым өкілдерінің кітапханаға бір күн келмей қалатыны кезі кем екен.
Міне, осы орайда, әсіресе істің басында жүрген шенеуніктеріміздің кітап оқуына тілектестігімізді жасырмаймыз. Мына кітапханашы құрдасымыздың алдындағы картотеканы мың ақтарып, бір басшының аты-жөнін атап бере алмай жатқанына қынжылғанымыз да содан.
«Айтпақшы, Шерхан Әшімов кітап оқиды, – деді ол құмнан алтын тапқандай қуанып. Өте көп оқиды. Оқығанымен қоймай өзінің қолтаңбасын кітапқа жазып қоятын әдеті бар. Иә, шынында да Қадір Мырзалиевтің «Иірім» деп аталатын кітабындағы ақын суретінің астындағы ақ қағазға ол өзінің сүйікті авторына арнаған ақеділ пейілін өлеңмен өрнектеп қалдырыпты.
Бір жағынан бұл көңіл тазалығы, талантқа тәу ету, асыл сөз зергеріне деген шынайы сүйіспеншілік оқырманның көңілін дір еткізіп, айрықша әсер сыйлайды екен. Осыны ескерген болу керек, қазір шығып жатқан жаңа әдебиеттерде оқырман қолтаңбасы, ескертпелері үшін екі-үш бос бет беріліп жүр.
«Басшылар кітап оқымайды» деген кітапханашының пікіріне қайсыбіріміз де келіспей шығатынымыз рас. «Кітапханадан басқа жерде кітап жоқ па? Үйде де кітап толып тұр. Соны оқимын. Қазір барлығы телефонның бетінде тұр. Қолым босаса бітті содан талай жаңалықты білім отырмын» дейтін боларсыз. Әлеуметтік желідегі әлемді кезген жел сөз, дабыра дақпырт, жылтырақ жарнаманы, қысқаша айтқанда, бір-бірінен асып түсіп ұпай түгендеуге ұмтылған нарықтың тауары өз алдына, өмір шындығын қаны сорғалаған қаламының ұшына сидырып, жүрек сөзін жазып қалдырған жүздеген жылдар қазынасы – кітап сөзінің тағылымына тең келер ешнәрсе жоқ. Кітаппен дос болғанның адам жанын тап басып таныр тамыршыдай ерекше сезімтал, көкірек көзі ояу, ар-ұяты мол, кемел келбетті болып келетіні содан. Ондай жандардың көлеңкесінде жүрудің өзі көңілге қуат.
Кешегі кеңестік кезеңнің артықшылығы, әрбір елді мекендердің өзінде кітап дүкендері болды. Біз тұратын бөлімше тұрғындары кітапты Төменарық селосындағы кітап дүкенінен сатып алатын. Дүкенге келіп түскен жаңа кітапты ауыл интеллигенциясы алдымен алуға міндетті. Соның жақсылығының бір ұшын жас ұрпақ көрді. Шаруашылықтың бас маманы әкемнің кітап дүкенінен жүйелі сатып әкеліп жинап қойған кітаптары ішінде «Ұшқан ұя», «Мы вернемся», «Қан мен тер» тағы осындай әдебиеттерді өзі оқыған шығар, ал бірақ «Сөз өнері», (З.Қабдолов), «Арыстар мен ағыстар» (Қ.Ергөбеков), «Уақыт және қаламгер» (Т.Ыдырысов), «Қызыл алма» (Б.Сарбалаев), тағы осындай әдебиет теориясы мен сынына қатысты кітаптардың мал дәрігердің қызметіне ешқандай қатысы болмағаны рас, бірақ оның қызығын отбасындағы жас құрақ – біздер көрдік. Бала кезімізден сөз қадірін түйсініп өсуімізге бұл да үлкен себеп болыпты-ау.
Кім екеніңді білесің бе?
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының айтқан «Кітап оқыған баланың компьютерге тепінген ұрпақты басып озатын күні туады» деген көреген сөзін уақыт өзі ақиқатқа айналдыра бастағандай. Зиялылықтың құнын биіктетуде өркениетті мемлекеттерде алғашқы қадамдар жасала бастады.
Қытайда қоғамдық бақылау жүйесі іске қосылды. Мұны дистофик әдісі дейді. Яғни, бақылау камералары арқылы адамды тану технологиясы арқылы оларға баға беріледі. Бұл бойынша сана иелерін 4 типке бөліп қарастырады. Балдық жүйе бойынша А-жоғары типтегі адамдар сенімді, жауапты, ар-ұяты мол, тәртіпті адамдар. Оларға мемлекеттік қызметті сеніп тапсыруға болады. Ең төменгі, «Д» типтегі адамдар бұған керісінше. Бұл жерде қалта қалыңдығы мәселе шешпейді. Ақыл-ой тереңдігі ар-ұждан тазалығы, зиялылық деңгейі құрметтеледі. Жоғары санаттағы адамдар еркін пайдаланатын меншік пен қоғамдық қызмет құқынан төменгі категориядағылар шеттетілетін көрінеді.
Ең қиыны, жоғары типтегі адамдар барған жерге – мәдениет және демалыс орындарына төменгі санаттағылар бара алмайды. Олар ұшақ, автобус, метро қызметін пайдалану, банктен несие алу артықшылығынан айырылуы мүмкін.
14 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту жөнінде Кеңесте цифрландырудағы Қытайдың осы тәжірибесін өз елімізде қолданысқа енгізуге ұсыныс жасады. Таяу күндері бұл әдіс Қазақстанға келеді деген сөз.
Жалпы, қай кез, қай дәуірде болмасын, адам құны мінез байлығымен өлшенген. Білекті бірді, ақылды мыңды жыққан. Абай атамыз айтқан «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген сөздің астарында да осындай шындық жатыр. Арзанға алданбай, алтын уақытымызды адамзаттың асыл қазынасы – Кітап оқуға арнасақ жаңылыспаймыз.
Баян ҮСЕЙІНОВА