№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » СІЗ КІТАПХАНАҒА БАРАСЫЗ БА?

СІЗ КІТАПХАНАҒА БАРАСЫЗ БА?

  Өткен аптада аудандық тарихи-өлкетану музейіне барып, тарихи маңызы бар құнды заттар мен жәдігерлердің маңызына тоқталып, музейдің тарихи жады мен ұлттық сананы жаңғыртудағы орнына тоқталған едік. Енді аудандық кітапханаға бас сұғып, кітаптың адам зердесі мен зейінін кеңейтудегі орнын сөз етпекпіз. Сонымен...
 
   Біз алдымен орталық алаң мен базарға барып тұрғындардың кітап оқуына байланысты сауалнама жүргіздік. 50-ден астам тұрғынның басым көпшілігі кітапханаға баруға уақыты жоғын сылтаулатты. Арасында кітапхананың тұрақты оқырманы екенін білдіргендер де табылды.
Жалпы, кітап адамның рухани тірегі, өркендеуінде бағдаршам болатын құралы. Бұл жөнінде орыс ақыны Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал, миллиондаған адам кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», – деп кітаптың орнын келтіріпті. Осы өлшеммен өлшесек бүгінгі жастардың ертеңіне алаңдауға болады. Осы ретте, Тұңғыш Президент Нұсұлтан Назарбаевтың «Компьютерде көп отыратындар өмір бойы кітап оқитындарға қызмет етіп өтеді» деген сөзі ойға түседі. Олай болса, ата-аналар балаларын кітап оқуға қызықтырып, машықтандыру тиіс...
  Біздің «Сіз кітапханаға барасыз ба?», «Қандай кітап оқисыз?» деген сауалымызға жауап қатқан №163 мектептің 8 сынып оқушысы Балжан Зарерова: «Кітапхананың тұрақты оқырманымын. Кітап оқу барысында кейіпкерлерімен сырласып, ойша сюжеттер құрағанды ұнатамын. Қазіргі уақытта Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабын оқудамын», – деді.
Кітапқа құмар жастың бірі Қасиет Ерланқызы: «Мектеп кезінде кітапхана екінші үйім болған еді. Қазір де қолым қалт етсе кітапханаға баруға тырысамын. С.Мұқановтың «Ботагөз», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын бірнеше рет оқып шықтым. Абайдың Қара сөздерін оқыған сайын өмірді тани түсесіз», – деді.
  Руханияттың қарашаңырағы саналатын аудандық кітапхана қазірде жас мөлшеріне қарамай әлеуметтік әр топтағы оқырмандарға, сапалы қызмет көрсетуде. Оны жаңа ақпараттық техно­логияларды кеңінен пайдаланып, оқырмандармен жаңа форматтағы «РАБИС», «Санды жүйеге» көшуінен көруге болады. Электронды кітаптар санатында ең алдымен ауданның, сосын республика көлеміндегі ақын-жазушылардың төл туындыларын көруге болады. 2014 жылдан бастап жұмысын бастаған «Санды кітапхана» қорына 297 кітап еніпті.
Аудандық кітапхананың басшысы Әсем Тілеубергеноваға жолығып, кітапхананың тыныс-тіршілігін білдік.
  – «Кітапсыз үй – жансыз дене сияқты» деген аталы сөз бар. Кітап – рухани азық. Бүгінгі жастардың көзқарасы бұрынғыдан өзгеше. Сондықтан оқырмандарға жан-жақты жағдай жасау мақсатында тың жобаларды жүзеге асырудамыз. Оның ішінде, БҰҰ-ның даму бағдарламасының қолдауымен 2017 жылы Төменарық және Ақүйікте «Онлайн орталық», 2018 жылы Қожакентте Мобильді-мультимедиялық кітапхана, аудандық кітапханада ково­ркинг орталығы ашылды. Сондай-ақ, Халыққа қызмет көрсету орталығының жанында «Көше кітапханасы» іске қосылды, – деді кітапхана басшысы.
Аудандық кітапханының қорында (аудан бойынша) 456 521 кітап болса, қазақ тіліндегі кітап саны – 307 651, ал, балалар әдебиетінің жалпы саны – 22 210-ға жетіді. Биыл 1966 жаңа кітап түсіпті.
Кітапханашы Әсия Жақанованың сөзінше, 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін 1088 оқырман тіркеліпті. Оның басым көпшілігі оқушылар екен.
  – Зейнеткерлер мен ұстаздар қауы­мы кітапхананың тұрақты оқырман­дары. Оқушылар да кітапханаға келіп, үнемі ізденіп жүреді. Жалпы, оқыр­мандарымыздың жасарып келетініне қуаныштымыз, – дейді кітапханашы.
Кітапханадан жиі табылатындардың қатарында шығармашылық иелеріде бар екен.
– Ақын Файзулла Сахиев, қаламгер Алмас Бекжігітов пен Ерубай Қалдыбек кітапханаға жиі-жиі келіп, шығармашылық ізденісіне қажетті кітаптарды алады. Нұрлат Байгенже мен Баян Үсейінова да аудандық кітапхананың тұрақты оқырмандары. Олар құнды туындыларын жазғанда кітаптарды қолданып жүреді.
Бізді ойландырған дүние кент тұрғыны Есен ақсақал: «Біздің кезімізде жастар қолымызға тиын түсе қалса, өзіміз ұнататын көркем шығармаларды сатып алуға ұмтылатын едік. Сосын жақсы шығармаларды қолдан-қолға өткізіп оқитынбыз. Ал, қазір керісінше, жастар ақшасын телефон бірліктерін сатып алуға, интернет қызметтерін тө¬леуге жұмсайды. Осының соңы рухани дағдарысқа ұшыратады. Ендеше, жастарды кітап оқуға қалай баулу жөніндегі мәселені мектеп қабырғасында жүргенде ата-ана мен мұғалім бірлесіп отырып жұмыс жасауы керек. Бұл – кітаптың ғажабын білу деген сөз. Мәселен, сегіз жүз жылдан кейін кітабыңмен өткен тарихыңды дәлелдейсің, көп нәрсе дәлелденіп те жатыр. Ал интернетіңмен неңді дәлелдейсің. «Кітаптың қадірі» деген осы. Ата бабаңның үнін ғасырдан-ғасырға жеткізетін нәрсе. Кітапқа жүгінбейінше, кітапты көбейтпейінше, мектептегі балаға кітап оқытпайынша, біз шын мәдениетті бола алмаймыз. Қалғанының бәрі бекер…», – деді.
  Мектеп кітапханашыларына жолығып, оқушылардың кітапқа қызығушылығын сұрадық. Олардың сөзінше, жоғары сынып оқушылары кітапқа қатты қызық­пағанымен, бастауыш сынып оқушылары кітапқұмар келеді. Оған жаңартылған оқу бағдарламасының игілігі бар деседі...
Қорыта айтқанда, ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына кітапхана – Мәңгілік елдің рухани мұрасын дамытатын, сақтайтын және насихаттайтын ақпараттық орта. Ұлт болашағы бүгінгі жастар қолында десек, оларды кітап оқуға машықтандырып, рухани жітілуіне мән беру қажет-ақ. Озық елдердің даму жолы осыны көрсетеді...

Лаура БИБАСАРОВА.
03 сәуір 2019 ж. 1 440 0