Бомж екеуміздің қиялымыз
Бір кісі БОМБЖ-дан "1 млрд. долларың болса не істер едің?" деп сұрапты. Сөйтсе, әлгі әумесер: "Бүкіл Алматының қоқыс полигондары мен қоқыс жәшіктерін сатып алып, алаңсыз тірлік жасар едім" депті... Күлуге болатын шығар. Бірақ, бұл БОМЖ-дың шындығы.
Мысалы, қайыршы байып, "қайыршылардың крышасы" болғысы келеді... Кондуктор ақша жиып, автобус сатып алмақ... "Көк базардың" түбіндегі "әжетхананың" аузында тұрып, 30-40 теңге жинайтын апай, "өзімнің "ақылы әжетханам" болса..." деген үмітпен күнелтіп жүр. Ал, біз болсақ, құр қиялға ерік беріп, Тұрсынбек Қабатов айтпақшы "бір нәрсе істеу керек?"-пен өмір сүріп жүрміз...
Бір нәрсе істеу керек? Мәселен, манағы айтқан "Көк базарда" бір 10 адамдық "платный" әжетханаңыз бар делік. 10 адамдық әжетхана минутына 5 адамның қажеттілігін өтесе, (бір реткі кіру - 30 теңге) әжетханаңыз минутына (5х3) 150 теңге ақша табады. Ол тәулігіне орташа есеппен 10 сағат үзіліссіз жұмыс жасайды. 10 сағатта 600 минут бар. Сол 600 минутты 150-ге көбейтсеңіз 90 мың теңге... Әр айда базарда 4 күн ғана демалыс, 26 күн жұмыс. Осы 26 күнді 90 мыңға көбейтіңіз... 2 млн 340 мың теңге...
Бұл ақша біздің мемлекеттің бір ақпараттық сайтқа бір жылға арнап (БІР АЙҒА ЕМЕС), итке сүйек тастағандай бөлетін қаржысымен тең... Егер де, менің тура осындай бір "бизнес-точкам" болса ғой... Не істер едім?
Мықты қыз-жігіттерді жинап, ақпарат айдынында төңкеріс жасар едім... Енді өзіңіз ойлаңызшы, менің қиялым да жоғарыдағы БОМЖ-дың қиялының ар жақ, бер жағы болып шыққан жоқ па?.. ҚОШ!