» » ЖАДЫҢЫЗДЫҢ СЫЙЫМДЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

ЖАДЫҢЫЗДЫҢ СЫЙЫМДЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

 Төрде қой басын бөлшектеп отырған ақсақал: «Балам, мына құлақ саған. Үлкендердің айтқанын ұғып алар құйма құлақ бол, ақпа құлақ болма!», – деген тілекпен балаға ұсынатын. Қазыналы ақсақалдардың әлгіндей сөздері еске түскен сайын «біз қай құлаққа жатамыз» деп қалың ойға батасыз.
Мұны неге айтып отырмыз? Себебі, кешегі Алпа­мыс пен Қобыланды жырын жеткізген, Абайдың өлеңін ауыл-ауылға таратқан құймақұлақтар арамызда аз. Шындығында, бір нәрсені пәленбай күні жасау қажет болса немесе түгенше күні біреудің туған күнімен құттықтау үшін телефонға жазып алып, оятарға қосып қоямыз.
Керек десеңіз, «кеше ғана бір досым мекенжайын айтып еді, енді соны есіме түсіре алмай отырмын» дейтіндер арамызда өте көп.
Иә, бүгінде есте сақтау қабілетіміз соншалықты төмендеп кеткеніне үйреншікті құбылыс ретінде қарайтын болдық. Бір сөзбен айтқанда, флешкадағы естін азайғаны сияқты, жадымыздағы «сақтау орны» да кеміп жатқандай. (Авт. Бірақ, флешканың ішіндегі артық материалдарды өшіріп, есті қалпына келтіруге болады).
Тарихтан Мәшһүр Жүсіп атамыз бала кезінен ұзын- сонар дастандар мен қиссаларды кешті кешке жалғап жатқа айтқанын білеміз. Бала кезімізде қариялардың да тарихи оқиғалар мен аңыздарды мүдірмей айтып оты­ратынын көргенбіз. Бүгінде сондай қариялардың бірі Жүрсін ақсақал 90 алқымдаса да, Орта жүз руларының шежіресін тарқатып, айтқан сөзінді қағып алып, ұмытқан нәрселеріңді есіңе салып жүреді. Олардан заманауи технология жетілген заманда өмір сүріп жатқан біздің жайымыз мүшкіл болғаны ма?
Енді бұл жағдайға алып келген қандай мәселелер екенін байыптап көрелік.
Неге жадымыз жаттауға қабілетсіз болды?
Кезінде бір ғалым: «Адам қағазды ойлап тапқан күні жадынан айырылды» депті. Расында, әбден есте сақтау қабілетіміздің нашарлағаны сондай – ұсақ-түйекке дейін қағазға белгілеп, түртіп алмасақ халіміз мүшкіл. Олай болса, компьютер мен ноутбук, планшет, ұялы телефон мен жадысы үлкен флешкалар ұстаған жа­стар туралы ойланудың өзі қорқынышты. Жоғарыда аталғандарға телевединия мен ғаламтор деген «ғасыр жеңімпаздарын» қосыңыз.
Соңғыларының адам жадына әсері тіптен жа­ман. Мамандардың сөзіне қарағанда, телеарна мен ғаламтор адамның жаттау, есте сақтау қабілеттерін қажетсіз, керексіздер санатына қосады екен. Өйткені, сен тек көзімен көріп ой қорытқандықтан, кей жағдайда тек көріп ғана қойғандықтан, саған жаттаудың қажетігі шамалы. Сол себепті жадымыздағы есте сақтайтын ми қыртыстарындағы қатпарлардың қызметі нашарлайды екен. Сол себепті, бір әнді жаттамақ түгілі, компьютерге көшіріп, ай бойы тыңдағанда ғана әрең есте сақтаймыз. Қолдан жасаған қағазға немесе техникаға тәуелді күйімізде осы күнге де жеттік.
Жоғарыда аталғандар заман өзімен бірге ала келген жасанды дүниелердің әсерінен болса, екінші жағынан, адам өзіне ұқыпсыз, жауапкершіліксіз қараудан да болғандай. Мәселен, бамдат намазы уақытында ұйықтау, дүние үшін қатты қайғыру, дүниеге қатты берілу, өте ыстық нәрселерді жеу немесе ішу, көп қалжыңдасу, мазарда күлу, әрдайым тоқ болып жүру, тірліктері мақсатсыз, жүйесіз болуы, есірткі қолдану және т.б. есте сақтау қабілетін азайтатын көрінеді. Демек, өзіміз қолдан жасаған технология мен адами құндылықтарға жат нәрселермен әуестену есіміздің төмендеуіне себеп болады екен.
«Роботтанудан» қалай сақтану керектігі жайлы сөз етсек.
 Сақтанудың жолы...
Ең бірінші, дене шынықтырумен шұғылдану керек. Үзбей спортпен айналысудың нәтижесінде миға қан келіп, ағза оттегіні де белгілі дәрежеде қабылдап, мидың жұмысын жақсартады. Егер мидың жұмысы жақсы болса, есте сақтау қабілеті де жақсара түседі.
Сонымен қатар, есте сақтауды қалпына келтіруде ұйқының орны ерекше. Күндіз ми қабылдаған ақпарат түнгі ұйқы кезінде қайта іске қосылады. Ғалымдардың пайымдауынша, ми жасушалары адамның ұйықтап жатқан сәтін пайдаланып, тазарту жұмыстарын жүргізеді. Яғни, күндіз қабылданған ақпараттар түнгі ұйқы кезінде бас ішінде сараланып, рет-ретімен тізіледі екен. Ұйқының жетіспеушілігінен ми қабаттары зардап шегіп, есте сақтау қабілетіңіз де төмендей түседі. Сонымен қатар, алкогольді ішімдік ішіп алып, ұйқыға кету де өте зиянды.
Сонымен қатар, мәтінді мағынасын жете түсінбей жаттап алу кері әсерін тигізеді, неғұрлым өз сөзіңмен айтып жеткізсең, есте сақтау қабілетің жоғарылай түсері хақ.
Қайталау – есте сақтаудың қайнар көзі болып та­былады. Бірақ, мәтінді бір дегенде бес мәрте емес, бес күннің ішінде бір реттен қайталап оқып отырсаң, әлдеқайда есте қалады.
Сонымен қоса, Хакім Абайдың: «Әуелі көкірегі байлаулы, берік болмақ керек; екінші, сол нәрсені көргенде я естігенде ғибратлану керек, көңілденіп, ойланып, көңілге бекіту керек; үшінші, ой кеселді нәрселерден қашық болу керек, дегенін қаперде ұстау қажет».
Түйін. Жады жұмысының қарқынды болуы үшін адамның ұйқысы қанық болуы тиіс. Ал психиаторлар жады ұшқырлығы үнемі өз күшін жоғалтпау үшін дұрыс ойлау және оны есте саөтауды жүйелі түрде қалыптастырудың зор дейді.
11 наурыз 2018 ж. 1 188 0