№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ТҮСІНІКТІЛІК ПЕН ТҮСІНІКСІЗДІК...

ТҮСІНІКТІЛІК ПЕН ТҮСІНІКСІЗДІК...


Сөз мырза маған былай деп сыр айтты: «Бұрын да аздап байқалып отырушы еді, енді соңғы уақытта мүлде көбейіп-бадырайып бара жатыр – осы бір кеселден ұлт әдебиеті түбі оңбай таяқ жеп, зардап-запыран шегіп жүрмесе екен. Көркем әдебиет ең алдымен не үшін ойды лықсытып-толқытып, кімге арналып жазылады – осыны барлық уақытта естен шығармау керек емес пе? Егер көркем шығарманың әу бастан негізгі иесі – мәртебелі оқырман екені рас болса, онда қалам ұстаған «жазғыштар» олардың ойына ой қосып, қиялын қанаттандыра түсудің орнына түпсіздікке шым-м батырып, түсініксіз заттармен басын қатырып, миын шым-шытырық етуге неліктен бек құмар?..»
Бұдан әрі өз ойын ашып айтпады, осы тұста кілт тоқтады. Тоқтады да, ары қарай сөзін жалғамаған. Жарады, бәрі де түсінікті! «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас!». Ойланып қалғам-ды. Бәрін де қоя тұрып, қазіргі қазақ прозасы жайынан толғанып кеткем-ді.
Осы күні қайсыбір қаламгердің (бәрі демей-ақ қояйын, бірақ көбісінде) жаңадан жазылған туындысын ашып жіберіп, оқи бастасаң, ә дегеннен-ақ адымың аштырмай, еріксіз «батпақтай» бастайсың! Не басы жоқ, не аяғы жоқ тоқтаусыз баяндала беретін, бірсарынды, мыжымасы көп, таусылмайтын «философия» немесе «психология». Бірді айтып, бірге өрлейді, тіпті ой тоқтатып үлгере алмай жатасың.
Тіпті, кей көркем дүниені парақтағанда оқиға мен образды еріксіз ұмытып, әлдебір ой-тұжырымды дәлелдеп-дәйектеуге арналған ғылыми еңбек пе деп те қаласың! Проза дедік қой, сол жайынан қиял қозғай бастасаң, нағыз халықтық «қара сөздің» шедеврі болып саналатын Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов, Дулат Исабеков пен Тынымбай Нұрмағамбетовтің және т.б мөлдіреген әңгімелері, барынша қарапайым тілмен-ақ көркемдіктің «ұшар басына» көтеріле алған шағын дүниелері еріксіз көз алдыңа келіп тұра қалады екен. (Бұл жерде әлем мойындаған шетелдің, орыстың керемет классиктерін атап-түстеп жатпай-ақ қояйын).
Біз атын атаған қаламгер ағалар да неше түрлі «әдістерге» салып, нешелеген «тәсілдерге» бас ұрып, оңайдан қиынға бастап, оқырманын шым-шытырық орман-ойға бастап әкете алар еді ғой деп ой топшылайсың! Неге өйтпеді екен? Бұл енді талай уақыт бойы сіз бен біз бас қатырар жұмбақ сауал, шешуін күткен сұрақ болып қала бермекші.
Жә, көркем шығарма, қанша қарсылық көрсетіп, өзімізше неше түрлі «эксперименттерге» жол салып байқасақ та, түптің түбінде басқаның емес, оқырманның өзіне тән «олжасы» болғандықтан, ол түсініксіздікке емес, барынша түсініктілікке бастаса қандай ғанибет!
Сөз жоқ, көркем әдебиет бір орнында тұрмайды, тұра да алмайды. Әйтсе де іздену мен талпынудың да шекара-шегі сақталып, өзім үшін емес, оқырман үшін жұмыс істеп жатырмын деген ізгі ой-қиялдан ажырап қалмасақ деген тұңғиық сезім көкіректің терең түкпірінен әруақыт мен мұндалайтыны тағы бар. Оған құлақ түрмесек, алдағы бағыт-бағдарымыз да белгісіздікке бастап кетпесіне кім кепіл?!

Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ,
жазушы-драматург, ғалым.

27 қаңтар 2018 ж. 1 402 0