» » Маңызды міндет, ол әрине әскери қызмет

Маңызды міндет, ол әрине әскери қызмет

ҚР азаматтарының мемлекет пен халық алдындағы қасиетті борышының бірі Отан алдындағы әскери парызын өтеу. Осы қасиетті борыш пен міндеттерді орындаумен байланысты мемлекеттік қызметтің айрықша түрі әскери қызмет боп табылады. Әскерге бара алмаған жігіттер өзін өзгелерден төмен санап, әскерге бару жолында ерік-жігерін құм ететін кез артта қалды. Қазіргі нарықтық қоғам мұндай ұстанымды күйретті. Алайда, бұл мәселеге біржақты қарап, нарыққа бар кінәні арта салған болмас, сірә! Неге десеңіз, соңғы уақытта жігіттердің ел алдындағы жауапкершілігі төмендеп барады...
Дәстүрге сай әр жылы күзгі және көктемгі мерзімде әскерге шақыру науқаны жүретіні әмбеге аян. Қыркүйек айының басынан бастап күзгі әскерге шақыру басталып кетті. Бірақ, жігіттердің Отан алдындағы борышын өтеуге деген ниеті төмендеу тәрізді. Мамандардың айтуынша, маусымдық науқанға жастар селқос қарап, түрлі сылтаумен әскерге бармаудың амал-шарқын жасап бағады.
– Жыл сайын облыс бекітіп берген межені орындап келеміз. Десе де, биылғы қыркүйек айында жастарды әскери қызметке шақыру қиынға соғуда. Күзгі меже – 98 азаматты әскерге аттандыру. Бүгінге дейін 16 жігіт әскерге аттанды. Негізінен, комиссияға 150 бала келуі керек болса, 33 талапкер ғана келді. Әскерге бару былай тұрсын шақырту комиссиясына келмейтіндер аз емес. Енді заң бойынша әрекет жасаймыз, – деді Жаңақорған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Рамазан Назаров.
Әскерден жалтарып, Отан алдындағы борышынан қашу ер адам үшін өте ауыр сын. Осы тұста, шақыру комиссиясына салғырттық танытып, әскерге барудан бас тартқан ер жігіттері көп ауылдарға тоқталып өтсек. Бесарық, Сунақата, Жайылма, Қожамберді, Өзгент ауылы көш бастап тұр. Бұл ауылдарда пайыздық көрсеткішпен есептегенде медициналық тексеруден өткендер 5 пайызға да жетпейді. Ескерте кететіні, жастардың арасында өзге аймақтарға қоныс аударып немесе жұмыс сапарымен жүргендері де бар.
– Бүгінде жастардың патриоттық сезімі жоғары деп айта алмаймын. Бірақ, нарық заманында көбісі отбасын асырап, жұмыстан шыға алмай жатады. Дегенмен, әскерге бару негізгі міндет екенін естен шығармаған абзал. Сондықтан, барлық шақырту алған азаматтар уақытылы келсе деймін.
Тақырыпқа тұздық болсын. Заң талаптарына да тоқтала кетсек. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 387 бабы бойынша әскерден жалтарғандар үшін жаза күшейтіліп отыр. Яғни, әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған жағдайда 1000 айлықтық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Демек, 1, 982 000 теңге көлемінде айыппұл төлейді, болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе бір жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал, өзінің денсаулығына зиян келтіру, жалған құжат жасау немесе өзге де әдісті қолданғандарға 3000 айлық есептік (5 946 000 теңге) көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру пунктіне өз еркімен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Сонымен қатар, уақытылы әскери есепке тұрмағандар 9910 теңге, медициналық тексеруден бас тартқандар 5946 теңге айыппұл төлейді.
Жалпы, әскерге баратын сарбаздар ҰҚК-ның шекара қызметіне, Қорғаныс министрі әскери бөлімі мен Мемлекеттік күзет қызметі және ұлттық ұлан қатарына қосыла алады. Сондықтан, күн сайын ата-ана және азаматтармен сөйлесіп, оларға патриоттық ұғымның ұлылығын ұқтырып, әскер қатарына қосыла алады. Нағыз әскери саланы таңдағыңыз келсе, онда ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери оқу орындарын таңдаған дұрыс.

А.Алданазар

27 қыркүйек 2019 ж. 1 903 0