№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған интеллектуалды бағдарлама шығарса қайтеді?!

Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған интеллектуалды бағдарлама шығарса қайтеді?!

Қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбайұлын қазақ қоғамы қалай таниды? Абайтану ілімі қалай қалыптасты, даму деңгейі қандай? Осы сұраққа жауап іздеген едім.

Абайтану ілімінің негізін қалаушы Әлихан Бөкейханов. Ол Абай қайтыс болғаннан кейін Семей газетіне орыс тілінде 1905 жылы және 1907 жылы ақынның өмірі туралы мағлұмат береді.
1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетіне берген «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ» деп жазады.
Міржақып Дулатұлы, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Жұбанов Абай жайлы мақала жазып, Абайтану ілімінің қалыптасуына үлес қосады. Абайдың өмірі мен шығармашылығын арнайы түрде зерттеу қажеттілігін Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Митрофан Сильченко, Әбіш Жиреншин және т.б. айтып, зерттеу нысанына алады.
ХХ ғасырдың 40-60-жылдарында Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі кең көлемде жүргізіліп, жаңа белеске көтерілді. Абайдың өмірі мен шығармалары туралы жазылған зерттеу еңбектер, монографиялар, диссертациялар жазылып, Абайтануды жан-жақты аша түсті. Әсіресе Абайдың өмір жолын зерттеу, оның шығармашылық жолының халықтық негіздерін, ұлттық сипатын айқындау, лирикалық шығармаларының, дастандары мен қара сөздерінің тақырыптық, идеялық, жанрлық, тілдік ерекшеліктерін, ақындық тұлғасын, суреткерлік әдісін, көркемдік шеберлігін тереңдеп ашып көрсетуге назар аударылды. Сондай-ақ ақынның дүниетанымы, философиялық, эстетикалық көзқарастары зерттеле бастады. Яғни Абайтану саласы әдеби өмірде үлкен ғылыми арнаға айналды.
Тәуелсіздік алғалы Абайтану ілімі ғылыми айналымда өзіндік өрісін тапқанымен, жалпы қоғамдық сипат алды дей алмаймыз. Дегенмен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған жалпыхалықтық эстафетаға үн қосып, ақынның өлеңін оқып, көпшілікті тәнті етті.
Содан кейін әлеуметтік желілерде ақынның өлеңдері мен қара сөздерін оқыған мемлекет және қоғам қайраткерлері, жастардың қатары көбейді. Осының арты «науқаншылдыққа айналмас па екен?» деп те ойландым. Осы ойым растала бастағандай...
Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философилық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.
Абай әуелі Ғабитхан дейтін ауыл молдасынан суаатын ашады да, 10 жасқа толған соң үш жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе жүріп, араб, парсы тілдерінен ілім алып, дінді меңгереді. Қатарластарынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанған. Ол енді дін оқуына ғана емес, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен араб, парсы, иран, шағатай тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сағди, Қожа Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады.
Ақын саяси қызметі үшін 1870 жылдары Санкт-Петербургтен Семейге айдалып келген Михайлэспен, 80-жылдарда орыс демократтары Н.Долгополов, А.Леонтьевпен танысады. Озық ойлы азаматтардың Абайдың саяси-әлеуметтік көзқарасына игі ықпалын тигізгені сөзсіз. Бірақ Абай Құнанбаев орыс мәдениетімен, әдебиетімен, демократтық көзқарастарымен осы кісілер арқылы танысты десек ағат айтқан болар едік. Бұл тұста М.Әуезовтың: «Ал, кейін орыс тілін біліп, орыстың ұлы мәдениетін мол, терең тани бастаған Абай озғын ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Герцен, Чернышевский, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың мұраларын оқып, кең, терең тәрбие алады. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеуметтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының ұлы мұрасына және ұлы даналарына қиянат сөз айтқан болар едік», деген тұжырымын келтірсек те жеткілікті. Абай осылайша Европаның Гете, Байрон сияқты ақындарын, Льюис, Дарвин, Дрепер сынды ғұламаларының туындыларын оқыды. Сөйтіп Әуезовтың сөзімен айтқанда, «1884 жылдары, жасы қырыққа таман іліккенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кісі болды». Абай осы тұста 1886 жылы досы Михайлэстің ұсынысымен, Семей облысы Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды.
1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіп шығып, 1878 жылға дейін болыс болады. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жосығын, әдет-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданады. Абайдың көптеген шығармаларында Адам, Болмыс және Ғалам тақырыбы, сондай-ақ абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады.
1891 жылдан бастап Абайдың басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан жарық дүниеден өтеді. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахманнан айрылады. Сөйтіп жүргенде соңғы тіреуішіндей болған ақын ұлы Мағауия да қайтыс болды. Осындай қабаттасқан қайғы-қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады. Ақының сүйегі Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай мекенінде, інісі Оспанның жанына жерленеді. Бұл күнде ол арада қазақтың ұлы екі перзенті – Абай мен Шәкәрімге деген ұрпақтың өшпес махаббатының, ізгі құрметінің белгісіндей болып, сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған қос мұнаралы кешенді алып мазар тұр.
Абайдың 175 жылдығына арналған жалпыхалықтық эстафетаға қатысып, өзімше ой-пікірімді ортаға салғым келді. Айтайын дегенім, қазір телеарналар басқа бағытқа кеткендей. Ел болып, жұрт болып бас ақынның мерейтойына дайындықты бастап, басшыдан бастап қатардағы қарапайым адамға дейін өлеңдерін оқып, рухани серпіліп жатқанда телеарналар бей-жай отыр. Осы дұрыс па?
Сондықтан телеарналар шетелдік сериалдар мен эстрада жұлдыздарының мән-мағынасыз бағдармаларына басымдық бергеннен гөрі Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған интеллектуалды бағдарлама шығарса қайтеді?! Сонда Абайтану ілімі жалпыхалықтың деңгейге көтерілер еді.

                                                                                                                                            Әбіл СЕЙДАНОВ,
                                                                                                                         ҚР Журналистер Одағының мүшесі
11 қыркүйек 2019 ж. 1 149 0