№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тарихты тану– Мұрат, білу – ғибрат

Тарихты тану– Мұрат, білу – ғибрат

Қазақ жерінің қай қиырының топырағын түртіп қалсаңыз да тарих шыға келеді. Мұның өзі тағдырлы өлкемізде көне дәуірлердің көп көмбесі жасырынып жатқанын көрсетеді. Жас өркенді осы тарихпен жете таныстыруға тиіспіз. Ауыл балаларының тарихқа жете көз қанықтырып, тағдырлы мекеннің қасиетін бойға сіңіруіне мүмкіндік мол.

Әр ауылдың іргесінде төбе көп. Барлығы тұнып тұрған тарих. Осы төбелерді зерттеуде терең еңбектеніп жүрген ұлтжанды бір тұлға бар. Ол тарихшы – Сәйден Жолдасбайұлы.
Қызметін ауылда мұғалім болып бастаған ол 1968-1972 жылдары Қазақ Ұлттық Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының аспирантурасын аяқтапты.
1998 жылдан тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Ғалым халқымыздың ХV-ХVІІІ ғасырлардағы мәде­ниетін және дәстүрлі шаруашылықты зерттеді. Зерттей келе тарихымыздағы осы уақытқа дейінгі айтылып жүрген, қазақ халқы жаппай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан, қала салмаған, деген пікірді теріске шығарған. Қазақ қыстауларына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, халқымыздың жартылай көшпелі, жартылай отырықшы, мал өсірумен де, отырықшылықпен де айналысқанын дәлелдеп бақты.
Еліміз егемендік алуына байланысты мектеп­терде тарих пәні бойынша жаңа оқулықтардың жазылуына өзінің мол үлесін қосты. Ғалымның көп еңбегі Сығанақ қаласын зерттеуге арналып келеді. «Ортағасырлық Сығанақ қаласы» ғылыми жоба 2009-2011 жылдарға арналған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өтіп, сол жылдан бастап ол ХVІ ғасырда қазақ елінің астанасы болған шаһарды қазуға құмбыл кірісті. Қашан қарасаң да шәкірттерін жанына ертіп, Сығанақтың басында қарекет етіп жүрген ғалымды көруге болар еді.
Сығанақ сыры – қазақтың орта ғасырдағы барша тыныс-тіршілігі.
Ғалым осындай зор ұмтылысының нәтиже­сінде қазақ хандығының алғашқы астанасы болған – Сығанақ қаласының солтүстік – шығыс беткейіндегі «қақпаны» ашты.

Қалаға алғаш рет 1967 жылы орыс археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша археолог П.И.Лерх Түркістан аймағындағы қалаларды қарап шығуға жіберілген екен. 1892 жылы өлкетанушы Е.А.Смирнов Ташкенттен Қызылордаға жасаған барлау кезінде Сығанақта болып, оның аумағымен Төменарық пен қаланың суландыратын жүйесін хабарлаған. Одан әрі Сығанақ қаласына А.Ю.Якубовский зерттеу жасайды. Бұдан 20 жылдан кейін қалаға А.А.Бернштам келіп, зерттеулерден кейін қаланың б.д.д. қаңлы дәуірінен бері өмір сүріп келе жатқандығы туралы жазған.

Бұдан кейін қалаға ХХ ғасырдың 40-жылдары аяғында, 50 жылдардың басында зерттеу жаса­ған орыс ғалымдары қаланың V-VIII ғасырларда өмір сүріп, одан кейін құлдырап, ХІІ-ХVІ ғасырларда қайта көтеріліп, Ақ Орданың кезінде қайта гүлденгенін жазады. Алайда бұлар да қалаға қазба жұмыстарын жүргізбеген. ХХ ғасырдың 70 жылдары Отырар археологиялық экспедициясының меңгерушісі Ақшиев пен Баймақовтар қаланы топографиялық жағынан зерттеп, бұл қала Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген анықтама берген.
Қалада археологиялық зерттеу жұмысы – 2003 жылдан бастап қолға алынды. ХІ ғасырда өмір сүрген ғұлама Жүсіп Баласағұн:
Болған талай қалалар да, халық та,
Уақыт көмді бәрін жерлеп табытқа.
Болған талай ауылымыз, тайпамыз.
Енді соның ізін тауып, байқаңыз, – деген аманат қалдырды.
Бабалардың бұл аманаты Елбасының «Бола­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақа­ласында айқын көрініс тапты.
«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деді ол.
Бұл бағдарламаның мәні, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді алдымен мақсат етіп қояды. Осы бағытта аудандағы білімгерлерімізбен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде аудандық өлкетану музейінің басшысы Нәбихан Шалаповпен әңгімелескен едік. Ол төмендегіше баяндады:
– Ғасырлар шежіресі – тарихи жәдігерлердің тұр-тұрпатын танып, қолмен ұстап көрудің өзі санаға өшпестей әсер сыйлап, жас өскіннің жүрегінде өткенге деген шынайы құрметті қалытастырары кәміл. Осы бағытта оқушыларының танымдық кемелденуіне кең қолдау танытып, бізбен бірлесе жұмыс жасайтын білім ошақтары қатарында орталықтағы №169 және №51 орта мектебін айтуға болар еді. Есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттер туралы ұйымдастырылған қандай бір ұлағатты шараға белсене атсалысатын мектеп шәкірттерінің бұдан түйер тағылымы терең. Сондықтан алдағы уақытта да біріккен жұмыс жоспарымыз көп.
Бұл жерде басшылықтың ұстанымына көп нәрсе байланысты. Өткен оқу жылында №213 «Қыркеңсе» орта мектебі басшылығының экскурсия маршрутын жан-жақты қамтамасыз етуі нәтижесінде өрендер тарихи Сығанақ қаласының орнын, одан әрі көрші Шиелі ауданындағы үш кешенді Нартай Бекежанов атындағы мемориалды мұражай үйін, Ыбырай Жақаев атындағы және өлкетану музейін аралап, танысып қайтты. Олармен бірге экскурсовод Бақдәулет Таждинов жұмыс жүргізді. Сол сияқты №167 «Жаңарық» орта мектебі, Жаңақорған агроколледжі бізбен байланыста. Жақында Қызылорда қаласы мектептерінен келген тұрмыс-күйі қолдауды қажет ететін отбасы балалары үшін Түркістан, Сауран, Сығанақ жеріндегі тарихи ескерткіштерге мазмұнды саяхат ұйымдастырылды.
Тарихи орындарға тағзым етіп, өткенді ұлықтау арқылы тарихи сана қалыптасарын ұмытпаған жөн. Мәдениетті мәңгіліктің ыразығы ететін – тарихи сана. Өрендеріміз өз өлкесінің тарихын білмесе, адамзат өркениетіне қалай ой жібере алады? Өз мәдениетінің жай-күйіне жаны ашымаса адамзат өркениеті көсегесін қалай көгертпек?
Бұл тұрғыда көненің көзін қастерлеп, сақтап келе жатқан музей атаулы ұрпақты мұрагерлікке үйретеді.
Тарихи-мәдени жәдігерлер кешеніне тұрғын халықты түгел тарту мақсатында «Түнгі музей» күндерін айына бір рет жүйелі ұйымдастырғалы отырмыз. Жұмыстан қол босаған кешкі уақытта келушілерге түнгі 21-ден 03-ке дейін музей есігі тегін түрде айқара ашық болады. – дейді ол.
Иә, тарихи-мәдени мұраға жаны ашу – жас ұрпақты, әрбір сана иесін отаншылдыққа, жаһан­шылдыққа, шынайы патриотизмге баули­тыны аян. Бұл міндет ұлттық тұтастығымызға да мықты тірек қалыптастырады.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
07 қыркүйек 2019 ж. 913 0