№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » СОТТЫ ҚҰРМЕТТЕМЕГЕНДЕРГЕ ЖАЗА БАР

СОТТЫ ҚҰРМЕТТЕМЕГЕНДЕРГЕ ЖАЗА БАР


Қазақ төрелік етер билерін қашан да қадір тұтқан. «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол!» деген мақалдың өзі бидің қоғамдағы маңызын, орнын белгілеп тұрса керек-ті. Бір өзі әрі елшінің, судья мен прокурордың, қажет жерінде адвокат пен медиатордың қызметін қатар атқарған қазақ билерінің шоқтығы әрдайым биік. Сөзге шешен, ойы терең, беделі асқақ билердің өз сөзін сыйлата білуі, айтқанын орындата алуы қазақ қоғамында бітімгершіліктің үстем болып, даукестіктің тыйылуына ықпал еткен. Бүгінгі судьялар сол билердің қызметін жалғаушы, ізінен еруші. Тура төреліктің кепілі болып отырған судьялардың беделі бар. Өйткені, судья сөзі әділдік сөзінің синонимі іспеттес.


Қоғам ілгерілеген сайын судьяларға қойылатын талап та жоғарылап келеді. Бұл кез келген құқықтық мемлекетке, өркениетті елге тән заңдылық. Өйткені, дамыған елдердің бәрі сотты тірі заң деп бағалайды. Ал заңды тұғыр етіп, бүкіл қадамын заңға негіздеген елдердің сот жүйесіне кедергі келтіріп, судьялар қызметіне ықпал етушілерге қырын қарайтыны түсінікті. Біздің елде де солай. Ақ пен қараны таразылап, әділдіктің салтанат құруына себепші болатын судьяның өз жұмысын атқаруына мүмкіндік бермей, сот процесінде тәртіп бұзып, ортақ міндетке бағынбайтындарға заңдық тұрғыдан арнайы жауапкершілік көзделген.
Ең қарапайым мысал – сот отырысының өтетіні туралы хабарламаны алып, процеске себепсіз келмей қалудың өзі судьяны сыйламау. Тек судьяны ғана сыйламау емес, бүкіл құрылымның қызметін бағаламау. Өйткені, әрбір істе тек екі тарап пен судья ғана қатыспайды. Даудың түп-төркінін біліп, тура төрелік айту үшін процесті ұйымдастыру да оңай жүк емес. Бұл жұмысқа сот приставынан бастап, қаншама кеңсе маманы тер төгеді. Одан бөлек, процеске мемлекеттік айыптаушы, екі тараптың қорғаушысы да қатысады. Әділдік орнауы үшін біраз куәгерлердің жеке басының шаруасын жиып қойып, процеске келетініні де жауаптылықтың, сотты сыйлаудың көрінісі. Яғни үкім бір судья еңбегінің жемісі емес, ол – ұжымдық жұмыстың нәтижесі. Осыны біле тұра сот процесіне себепсіз келмеу қалу ретімен келе жатқан жұмысты тежеу деген сөз. Мұның артында көпшілікті сыйламау, сот жұмысын елемеу, судья қызметіне атүсті қарау секілді немкетті психология жатыр.
Әрине, сот отырысына себепсіз келмей қалса әңгіме басқа. Ал жоқтан өзгені сылтау етіп жауаптылықтан жалтарғандар мәселесін ешқашан жылы жауып қоя салуға болмайды. Бұл сот процесіне қатысушыларда «осылай сот шақыртуына келмей-ақ қояға болады екен ғой» деген қиыс ойдың қалыптасуына алып келеді. Сонымен бірге, жазасыздық жаңа заңбұзушылықтың жалғасуына себеп болуы мүмкін.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 653-бабында көрсетілгендей сот процесіне қатысушылар сотқа дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда, сонымен қатар сот отырысына төрағалық етушінің берген өкімдеріне бағынбай, сотта белгіленген ішкі тәртіпті бұзып процестің өтуіне кедергі келтірген кезде алдымен ескерту жасасып, не болмаса жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады. Қарап тұрғанымыздай, кейде ескертуден ес жиып, айыппұлдан сабақ алмайтындар да кездеседі. Осыған орай, аталмыш баптың екінші бөлігіне сай сотты сыйламау әрекетін қайталап жасағандарға жаза ауырлай түседі. Яғни қателігін жыл ішінде қайталағандар отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеп, не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады.
Мұндай жауаптылық не үшін керек? Қазір тәжірибеден көріп отырғанымыздай азаматтардың ақылға салып сөз сөйлеуден гөрі, эмоцияның жетегімен кететін кезі көп. Тек өзінікін дұрыс дейтіндер сот отырысында да өзі ғана сөйлеп, басқа тарапқа көңіл бөлінбеуін қалайды. Ал, сот екі тарапты тең тыңдап, ақ пен қараны айыруы тиіс. Сондайда судьяның жұмысына кедергі жасап, кейде тіпті лайықсыз сөз сөйлейтіндерге тыйым салып, тәртіпке шақырмаса шектен шығуды тоқтату қиын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 410-бабына сәйкес, сот талқылауына қатысушыларды қорлап, балағаттап, сотты құрметтемегендерге үш жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылып, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту көзделген. Бұл баптың ең жоғары жазасы – жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу. Ал осы баптың екінші бөлігіне сай судьяны немесе алқабиді қорлаудан көрінген әрекет үшін тәртіп бұзушыға берілетін жаза да ауыр. Мұндай заңбұзушылыққа барғандар бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалап не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатыны бекітілген.
Заң бар. Бірақ осыны кейбір азаматтар түсінбей, тәртіп бұзғандарын білмей жатады. Ал заңды білмеу жауаптылықтан құтқармайды. Сондықтан, сотты құрметтемегендердің қандай жазаға тартылатыны туралы ақпарат таратып, ескерту жасау – біздің міндетіміз.

Бибайым НАЛИБАЕВА,
Жаңақорған аудандық сотының кеңсе меңгерушісі.
27 тамыз 2019 ж. 635 0